Жарнама
Әдебиет

Қасқыр аулаған Шеген

                Қай елдің тарихында да өткенді дәріптеп, халқының болмысын насихаттап немесе мүмкіндігінше соны кейінгіге ұлығылап жеткізіп жүретін жандар болады. Олар аса көп емес, бірақ сонысымен-ақ халқының жүрегінде сақталады. Атырау өңірі де ондай ұлт болмысын ұғынықты жеткізіп жүрген жандарға кенде емес. Әсіресе құм нарынды жайлаған бағзыдан жеткен ел мен жердің тарихы, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа жетік, қазақ халқының болмысын бір өзі бойына жиып өскен ұлағат иелері аз болған жоқ. Қынжылтарлығы сол, олар біртіндеп азайып барады, қазір тіпті тістің суындай қат болып кетті. Қазақтың рухани құндылықтарын дамыту бағытында бұл да бір кем дүние демеске лажымыз жоқ.

Атадан алған бата

 «Ұрпақ қызығын көр» деген аталық батаның қайырын көрген Бозша қарияның шаңырағында 1960 жылғы 20 қарашада әулеттің көз қуанышы өмірге келгенде аңсай күткен шақалақтың есімін қарт Шеген деп, өзі қойды. Жастайынан елдегі игі-жақсылардың, атасы Бозша мен әкесі Мақсұттың өнегелі істері мен шежірелі де тұшымды әңгімелерінен сусындап өскен құймақұлақ бала халықтың рухани айлығымен қанықты. Жас өренге Мақсұт ағамыздың шығармашылығы, суырыпсалма шеберлігі, өткір ой-пікірі әсер етпей қоймады. Жастайынан табиғатпен үндесіп, ойы мен көрген-білгені салған суреттерінен де көрініс тапты. Ержете келе атасы Бозшаның тәрбиесінде болып, қара шаңырақты ұстап, әулетке қарасты бауырларының қамқоршысы да болды. Батыс өңірінде аты аңызға айналған, ел басқарған қарттың кеңес дәуірінде ел басқарып, замандастарының алды болғанын Нарынды жайлаған жұртшылық жақсы біледі. Туған жерінің төл тарихын – Ресейдің Қазақстанды отарлау заманындағы қазақ батыр-билерінің, Исатай батырдың дүбірлі жорықтарын, Махамбеттің отты жырларын, оларды жырға қосқан Мұрат Мөңкеұлының туындыларын, түрлі ғылыми зерттеулерді, аты аңызға айналған Аманғалиды, өзге де елдегі айтулы оқиғаларды жастайынан сараптап өскен Шеген оларға өзіндік пікірін қалыптастырды. Осы ерекше қасиетін байқаған Бозша 1971 жылы немересіне «Шегенге өсиетім» деген өлеңін де арнаған:

Өсиет еттім Шегенге,

Жеткізгей сені дегенге,

Тілеп алдым мен сені,

Қызығыңды көрем бе.

Оқу болсын өнерің,

Басқа істерге бөгелме.

Жалған айтпа, шын сөйле –

Болсын ие беделге.

Қадірің болсын, қарағым,

Айнала көрші-көлемге,

Білімді бол жоғары,

Жақындап жүрме төменге!

Шеген Мақсұтұлы 1973 жылы М.Горький атындағы орта мектепті бітіріп, Гурьев мемлекеттік пединститутының «биология және химия пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түскен. Оның бұл таңдауы да тегін емес, туған жердің аң-құсын, жан-жануарын, өлкеде өсетін бар өсімдік атауы мен қадір-қасиетін айырып, біліп өскен еді. Студент шағынан жан-жақты белсенділігімен көзге түсіп, талай мәрте факультет деканы М.Ж.Алдабергенова, ұстаздары Б.Ғапуов, Ә.Сапаров, Б.Жанетов, өзге де оқытушылармен тығыз араласып, ой бөлісіп, білімімен де, адамгершілігімен де ортасының құрметіне ие болды. Аудандық «Нарын таңы» газетінің 1988 жылғы 4 маусымдағы нөміріне жарияланған «Жастар қашан да игі істер ұйытқысы» атты шағын мақалада: «Жамбыл орталау мектебінің мұғалімі Шеген Неталиев – осындай жігерлі жастардың бірі. Ол мектепте химия-биология пәнінен сабақ береді. Класс жетекшісі. Жас ұстаз шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жемісті еңбектенуде, коллективте сыйлы», — деп жазады. Жас маман еңбек жолын студенттік шақта танысқан Айгүл Төлегенқызымен көңілі жарасып, атасы Бозшаның батасын алды. Ауыл мектебінің жас мұғалімі кейін Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебіне мұғалімдікке ауысып, 2001 жылы Чапаев атындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне тағайындалды. Білім ұясының барлық жұмысын ұйымдастырудағы шеберлігі аңғарылып, ауылдастар сенімі мен құрметіне бөленеді.

АУЫЛДАСТАР ҚҰРМЕТІ

2013 жылдың тамызында Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі қызметін елмен кездесіп, олардың күрделі мәселелерімен танысудан бастады. Бір шеті Айбас құмына сұғына енетін округте аз қамтылған отбасыларды қолдау, оларды жұмысқа орналастыру, жаздағы дала өрті мен жаңбыр суының зардабымен күрес, жол қатынасын реттеу, оған қоса маңызды рухани шараларды ұйымдастыру мәселелері кезек күттірмейтін. Келесі жылдың маусымында аптап ыстықтан округ аумағындағы Сартөбе қыстағында 6 мың гектар жер отқа оранса, 2016 жылдың қысында түскен мол қар еріп, Тұщықұдық ауылын әбігерге салды. Көшені басқан судан кейбір үйлер тұруға жарамсыз болып қалды. Елдің бірлігін қажет ететін қиын шақта Шегеннің еңбекқорлығы да көрінді. Осыны пайдаланған ауыл әкімі көптен шешімін таппаған күрделі мәселелерді дер кезінде қозғай білді. Алдымен 1989 жылы пайдалануға берілген «Құлыншақ» балабақшасына қосымша 50 орындық жапсаржай салынып, мекеменің жалпы ауданы 870 шаршы метрге дейін ұлғайды. 140 бүлдіршінге арналған ғимаратта бұған дейінгі алты топқа жаңадан екі топ қосылды. Дәл сол жылдары бір кезде атағы алысқа таралған Тұщықұдық халықтық мәдениет үйінің 1965 жылы салынған ғимаратына да күрделі жөндеу жасалды. Мекеме үлкен және кіші көрермен залдарымен, заманауи сахна, кітапхана және дайындық бөлмелерімен толықты. Ауыл көшелеріне асфальт төселіп, таза ауыз су желісінің тартылуы, жастар спорт алаңының іске қосылғаны да сол жылдары еді. Округте кеңінен қолға алынған қоғамдық-саяси және рухани-мәдени шаралардың бастауы Тұщықұдық ауылдық кеңесінің құрылғанына 75 жыл толуына арналған шара болатын. Оған қатысқан облыстағы танымал тұлғалардың қатарында «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры-бас редакторы, ақын, ғалым Бауыржан Жақып, ақын, сазгер Алмас Ахметбекұлы сынды белгілі қайраткерлер де бар. Сол тойда «Тұщықұдық ауылының шежіресі» кіт абының да тұсауы кесілді. Сол жылғы қазанда Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың иегері, Атырау облысының және Исатай ауданының Құрметті азаматы Нұралы Әжіғалиевтің 75 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Нарынқұмның Үшқызыл өңіріндегі ақындар айтысы, жаяу жарыс пен аламан бәйге көптің ықыласына бөленді.

АҢШЫЛЫҚ ДЕГЕН БІР ӨНЕР…

Жазушы, өлкетанушы Мұрат Бектенов «Көкжалдар айқасы» атты туындысында: «…Атамыз Бозша Неталиев аңшы болатын. Үйде бір төбет және бір ақ таз иті болды. Қара күзден бастап түлкі, қоянға тазыны қосамыз. Мылтықпен де көп аң аулайтын еді. Аңға ит қосып аулаған өте қызық болатын. Адамды қызбаландырып, аң аулауға деген құмарлықты тіпті үдетіп жіберетін», — деп жазады. Ата-бабадан дарыған аңшылық өнері Шегенді де ала жаздай құм ішіндегі елмен кездесіп, тарихты тануға, оны насихаттап, сақтауға тәрбиеледі. Шегеннің қасқыр аулауының өзі ерекше еді. Бірде аңшы Нұрғалимен бірге атып алған қасқыры туралы: «…Нұрғалидың оғы маңдайдан жоғары тиіп, желкедегі қалың етке тіреліпті, сүйекке дарымаған екен. Оқ тигенде есінен танып қалған ғой. Қасқырдың жағы, құлақ шекесі, мойыны қалың қызыл бұлшық етті болады, сүйектері ірі болмайды. Талай рет ірі қасқырлардың сүйектерін құрастырып, биологиялық кабинетке қалпына келтіріп, белгілі бір жерлерге сойып жүрдім. Келесі жылы барғанда сүйектері уақ шашылып жатады. Ішкі құрылысы да ірі болмайды. Қасқырдың өңеші өте кең болады, адамның жұдырығы емін-еркін сиып кетеді. Қасқырлар түлкінің баласын, саршұнақ, қосаяқтарды бітеулей жұтқанын талай ішін жарып қарағанда көргенбіз. Денесі толған бұлшық ет, алдыңғы аяқтың, мойыны мен жақтың бұлшық еттері қатты дамыған. Қасқырдың терісін сыпырып тастағанда, оның үстіне шыбын да қонбайды. Себебі, аз-ақ мезетте үсті жылдам кеуіп, шыңылтыр болып, қасаңсып қатып қалады. Екіншіден, қасқырдың қаны жылдам ұйып қалатындықтан, жаралы болғанда қансырағанымен, қаны сорғалап ақпайды. Қасқыр аулаудың түрлі тәсілі мен қыры болады. Егер қаншық қасқырды қуалап атып алмасаң, арланды тұрғызып кетеді және арланнан екі-үш шақырымдай жерде бөлек жатса да тіп-тіке бұрылмай, арланның жатқан жеріне дәл келеді… Әккі қасқыршылар қасқыр аулаудың көп сырын басқа біреуге ашып айта қоймайды…», — деп, М.Бектеновке ағынан жарылған еді. Қасқыр аулауға жетелеген сол кездегі Чапаев атындағы кеңшардың орталығында тұрған Өтеміс Ідіркенов екен. 1985 жылдан басталған қасқыр аулау өнерін Шеген өмірінің соңына дейін жалғастырды. Сол арқылы ол бірнеше шаруашылық құрылымының дамуына үлес қосқанын ел жырдай ғып айтады. Өзі екі дана қасқыр терісін, жастықағаш, алаша, безбен және белгілі қамшы өруші Есполай Қуатовтың дойыр қамшысын Сарайшықтағы музей-қорыққа сыйға тартты. Шіркін, осындай азаматтар қазақта көп болсайшы!..

ШЕЖІРЕНІҢ БІЛГІРІ

Өлкедегі тарихи-мәдени мұралардың тарихын жетік біліп, Махамбет пен Мұрат жырларына да назар аударған Шеген кейде олардың шығармаларына кеңестік цензураның тигізген әсерін де айтып, ол турасында белгілі филолог ғалым Ғарифолла Әнеске, басқа да шығармашылық өкілдеріне ой-пікірі мен ескертпелерін білдіріп отырды. Әсіресе Исатай, Махамбет бастаған ерлердің ерлік істерін, олардың орыс әскерлерімен соғысып, шегіне ұрыс салған жерлерін де жатқа соғатын. Расында, зерттеушілер бұл тарихты жан-жақты білгені жөн. Нарындағы жер-су аттарына айрықша назар аудару, ол жерлерді әуелі өзі аралап, көзін жеткізу де Шегеннің бір ерекшелігі. Мәселен, Индер ауданы аумағындағы Тасоба мекені, Исатай ауданына қарасты Айбас құмындағы Құсқонбас, Исатайдың татыры, Қызылүй ауылынан түстік-батысқа қарай 13 шақырым жердегі «Бәстікті» обасы, Орпа құмындағы Байғазы әулетінің, оның жанындағы Әзімхан, оларға барар жолдағы Елекен, Атанша қауымдары, Жалтыр көлі маңындағы Бөкей хан сарайы, оның жанындағы төбедегі Бөкей анасы бейіті атауларының шығу тарихын қызықтыра айтып жеткізетін. Түрлі еңбектерде жазылған кейбір тарихи атауларды жаңаша саралап, ойының дұрыстығын дәлелдейтін. Мысалы, Бәстікті обасы ресми құжаттарда әлі күнге дейін «Бесікті обасы» деп жазылған. Оны анықтау мақсатында Сарайшық музей-қорығы ұйымдастырған ғылыми экспедицияны бастап, жер жағдайын жақсы білетін Жұмажан Жақинмен бірге «Бәстіктіге» де арнайы барды. Олардың анықтауынша, ел аузындағы әңгіме бойынша Таз руының биі Қойгелді Қожамбетұлының қызын айттыруға келіп, сол жолы асау үйретуге бәс тігіп, мертігіп қайтыс болған жас жігітке қойылған екен.

Сырым батыр, онымен замандас Саржала, Шойтас, Мыңбай батырлар, Исатай мен Махамбеттің жолдастары Қайыпқали сұлтан, Үбі, Құрақ батырлар, ХХ ғасырдағы Тобанияз, Аманғали, басқа да белді тұлғалар туралы ел ішіндегі ауызекі тарихтан әуезелеп айтқан Шегеннің әңгімесі таңға созылатын.

«Нарын таңы» газетінің 2022 жылдың 19 тамызындағы санында жарияланған «Айбас ауылында да көтеріліс болған» атты тың мақалаға да оның өзіндік көзқарасы, келтірер деректері болды. Тіпті, автормен хабарласып, ой бөлісті. Шеген Неталиев «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының» қорын да толықтырушы. Ауыл тұрғындарының көне жәдігерлерін қоқысқа тастамай, музейге тапсыруын ұйымдастырды. Сарайшық музей-қорығының 2020-2022 жылдары ұйымдастырған «Сарайшық-Сарай Бату қалалары аралығындағы керуен жолдары» атты ғылыми барлау экспедициясына қатысып, жол бастады. Бұл жолы экспедиция назарын Таңқы, Жалтыр көлі маңы мен Байшақа көпіріне, Қызылүй мен Бәстікті қорымына аударды. Барлау сапары барысында алтынордалық ірі мекендер

– Ащысай, Қарағайлы, ондаған тұрақ табылды, Орпа, Айбас құмдарына барлау, бақылау ізденістері жасалды. Ел ішіндегі өлкенің ауызекі тарихын жадына сақтап, әсіресе Есентемір тайпасының өзіне дейінгі және қазіргі ұрпақтарының орналасуы мен дамуын жетік білді. Ол облыс өнерпаздарының тарихын байытып, музей қызметкерлерінің өлке тарихын халық жадына сақтауы мақсатындағы қызметіне де айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, 2014 жылы әкесі Мақсұт Неталиевтің фотоаппараты мен 1956-1957 жылдары республикалық фестивальдерде өнер көрсетіп, марапаттарға ие болған скрипкасын Исатай аудандық музейіне, 2015 жылы 8 сәуірде домбырасын Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды. Сөйтіп, Мақсұт ағаның көзі тірісінде қолданған бұйымдарының ұлттың рухани құнды жәдігерлерінің санын арттыруға себепші болды. Осындай жақсы іс-әрекеті, бүтін бітім-болмысымен есте қалған Шәкеңнің жан жары, қадірлі ұстаз Айгүл Төлегенқызы екеуі отбасында тәрбиелеп өсірген үш ұл, бір қызы бақуат ғұмыр кешіп, әрқайсысы өзі қалаған салада әкеден алған өнеге-үлгісін жалғап жүр. Олардан өрбіген немере-жиендер де атадан қалған ұлт құндылығын дамытуға талаптанып өсіп келеді.

Ойлап көрсеңіз, қазақтың болмысы суреттегідей тұтас полотно емес екен. Ұлттың рухани дүниесі осы Шеген тәрізді жан-тәнімен ұлтын сүйген азаматтардың белсенді де қайталанбас іс-әрекетінен құралатын көрінеді. Ал, халықтың болмысы дегеніңіз соның барлығының жиынтығы болса керек.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Сарайшық ауылы,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button