Жарнама
Әдебиет

Өнеге өрісі

Қаламгер Төлеген Жаңабайұлының шығармашылығы туралы ой-толғам

Өзінің жүз жылдық мерейтойын былтыр атап өткен «Атырау» газетінде сонау қырқыншы жылдары еңбек жолын бастаған қазақ журналистикасының абызы, профессор Тауман Амандосов ҚазМУ-дің журфагындағы дәрісінде аталған басылым тәжірибесіне қайта-қайта оралып отыратын еді. Басылым тарихына көз жіберсек, әрбір он жыл сайын ұжымға журналист кадрлардың жаңа шоғыры келіп қосылған екен. Әріге бармай-ақ тек алпысыншы жылдарды алсақ, басылым құрамы Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Нури Муфтах, Марат Ысқақов, Теңдік Жауыров, Құмар Кенжеғалиев, Төлеубай Ысқақов, Құмарғали Қабдешев, Қилыбай Қуанышбаев, Мұқан Көптілеуов, Қазихан Қабдел және басқа талантты жаңа толқын қаламгерлер легімен толығыпты.

Жетпісінші жылдардың бас кезінде осы үрдіс жалғасып, басылымға келген жас кадрлар тағы да соны серпін әкелген екен. Белгілі қаламгер Өтепберген Әлімгерейұлының мына бір әңгімесі ойға оралады. 1973 жылдың жазына таман «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетіне бас-аяғы екі аптада бес адам жұмысқа алыныпты, кадр таңдаудағы мұндай ерекшелік аталған басылым тарихында бұрын-соңды болмапты. Бұл бір жағы Маңғыстау облысының өз алдына бөлінуімен байланысты ғой. «Лениншіл жас» газетінде істеген балықшылық Сара Досниязова жастар, Өтекеңнің өзі мәдениет, Мақаттың «Мұнайшы» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеген Тасмағамбет Текеев өнеркәсіп бөлімдеріне қызметке келіпті, Ембі аудандық «Ембі», Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газеттерінде редактордың орынбасарлары болып істеген Бақытжан Бозданов пен Төлеген Жаңабайұлы «Коммунистік еңбектің» Ембі, Қызылқоға аудандары бойынша меншікті тілшілері болып ауыстырылған екен. Жоғарыда аталған есімдері елге танымал аға толқыннан көп нәрсені үйрендік.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң 1982 жылы жолдамамен «Коммунистік еңбек» газетіне жұмысқа орналасып, ауыл шаруашылығы бөліміне тілші болдым. Төлеген Жаңабайұлының меншікті тілшіліктен осы бөлімді басқаруға келгеніне төрт жылдай болыпты. 1966 жылы Гурьев мемлекетік педагогика институтының (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) филология факультетін тәмамдап, Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі («Қызылқоға») газетінің мектебінен өтіп, бес жыл облыстық басылымның меншікті тілшісі болған ол әбден ысылған журналист екені сөзінен де, жазғанынан да білініп тұратын. Бұл кезде Төкең жігіт ағасы жасында, 38 жаста, бізге кәдімгідей үлкен кісі болып көрінеді. Сол ағамыз биыл мерейлі сексен жасқа толып отыр, зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші, былай қарасаңыз бәрі де күні кешегідей көрінеді.
Айтары жоқ, бөлім жұмысы ауыр болды, күн сайын хат нөпірі толастамайды, оны қорытып, нөмірге дайындаймыз. Бір-біріне жалғасқан ауыл шаруашылығы науқанынан мақала жазып, бөлімдегі Мақсот Елеусінов ағамыз екеуміз бәрін үлгеруге күш саламыз. Күнделікті жұмыс өз алдына Мәкең екеуміз іссапарға жиі шығып, облыс шаруашылықтарын аралаймыз. Бөлім басшысы Төлеген Жаңабайұлы бір апта шалғай ауданда жүріп жазған мақаламды асықпай оқып, жетістігін мақтап, кемшілігін жайменен түсіндіреді. Негізгі мамандығы педагог болғандықтан ба, көңіліңе қарап отырып-ақ түзететін тұсты тиянақты жеткізеді. Кейбір мақала көңілінен шықпаса «мына бір жеріне былайша мән беріңкіреші» деп қайтарып береді. Әрі орталық газеттерде шыққан материалды айтып, «соны бір қарап шықсаң, мына бір маманмен сөйлесіп алсаң» деп ақыл-кеңесін айтады. Төкең облыстық ауыл шаруашылығы мамандарымен де тығыз қарым-қатынаста болды. Өзі де бұл саланы жетік білетіндіктен маған мәселені көп жағдайда қолмен қойғандай етіп түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін. Өзі де өндірте жазып үлгі көрсететін.
…Газеттің бас редакторының бірінші орынбасары Шөпенғали Дәуенов пен Төлеген ағаларымыз іссаапарға шығар алдында жазар тақырыпты игеруге қатысты «нұсқаулық» береді. Онда ауданға, совхозға барғанда алдымен кімге жолығу керек, кімге қандай сауал қойып, қандай деректер жинау қажет, мұқият қамтылады. Ол кезде журналист деген құрметті атаққа лайық болу оңай шаруа емес-тұғын…

Қызылқоға ауданы бойынша газетіміздің меншікті тілшісі болмағандықтан қарбаласқа толы ауыл шаруашылығы науқандарына байланысты аталған өңірге іссапармен жиі барамын. Бұл ауданнан қай тақырыпты жазсаң да нашар жазуға болмайды, олай дейтінім, іссапарда жүргенде басшы да, қосшы да «баяғыда Төлеген бізде меншікті тілші болып жүргенде» деп әңгіме бастайды. Редакцияның қарбалас науқандарға байланысты арнайы тапсырмасы өз алдына, оқырмандардың арыз-шағым хаттарын тексеруге де шұғыл аттануға тура келетіні тағы бар. Сөз орайында айта кетелік, Төкең Қызылқоға ауданында меншікті тілші болып жүргенінде хат ізімен жазған сын материалдары, фельетондары кезінде оқырмандар көңілінен шыққанын да білдік. Энгельс атындағы совхоздан жазған сын мақаласы аудандық партия комитетінің бюросында қаралуы көп жайды аңғартса керек. Төкең Қызылқоға ауданындағы шаруашылық директорларынан бастап қатардағы мамандарына дейін түгел таниды, шопандарының бәрін бес саусақтай біледі. Аудандық, партия, кеңес органдарындағы басшыларға қатысты да әңгіме арасында оның біразына бір оқиғаларды айта отырып, бірер сөзбен мінездеме бере кетеді. Ондағы ойы ертең іссапарға барғанда мен сияқты жас тілшіге керек болып қалады дейтін болуы керек. Сөзінің астарында кіммен қалай сөйлесу керек екендігін меңзейді. Редакцияның маңызды тапсырмасымен іссапарға бара жатқанда сақтандыруды да ұмытпайтын. Ондайда сөз арасында «баяғыда пәлен деген тілші сын мақала жазуға барғанда мынадай арандатуға түсіп қала жаздаған» деп елеусіздеу етіп ескертеді. Газеттің бас редакторы Құмар Кенжеғалиев ағамыз да жауапты іссапар алдында қабылдауына шақырып ақыл-кеңесін айтады. Бірақ басшылардың ешқайсысы біреуді мақта, біреуді датта деп айтып көрген емес.
Төлеген ағаның қаламынан шыққан очерк, эсселер, талдау мақалалары журналистік шеберлікті де, талант пен талғамды да көрсетеді. Жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық кавалері Шүкір Еркінов, Социалистік Еңбек Ері, аға шопан Қалыбай Жұмағалиев туралы «Шүкір батыр», «Ер мен тер» атты хикаяттарының бастауларында кезінде жазған очерктері тұрғанын оқырмандар жақсы біледі. Қалыбай ағамен талай кездесіп әңгімелестім, өзі еңсегей бойлы, ақкөңіл адам, бірден Төкеңді сұрайды, сәлем айтарсың деуді ұмытпайды. Тайсойған, Бүйрек құмдары, Ойыл, Сағыз бойы тұнған тарих, шежіре, ғажап жер атаулары, небір атақты адамдар отаны болғандықтан талай тақырыпқа қызықтым, бірақ оның бәрі дерлік Төкеңнің қаламына ілігіп, қойын дәптері мен қоржынына түсіп қойғанын білетін едім…
Задында, Төлеген Жаңабайұлы ұстамды, ойланбай сөйлемейтін адам. Бөлімге тілші болып келгенімде бастығым көп үндемейді, қашан қарасаң да анда-санда сол қолымен қайратты шашын шалқасынан кері қайырып тастап, жазуын жазып отырады. Мақсот ағамыз онсыз да салмақты кісі, ол да әңгіме айта қоймайды. Үшеуміз іштей үйлесімді үнсіздікпен жұмыстан бас алмаймыз. Алғашқыда Төкең бастық болғасын әдейі бізбен сөйлескісі келмейтін шығар деп ойлайтынмын, Тауман ағай лекциядан қолы босағанда «Жігіттер!» деп қойып өмірде қажетті дүниелерді әңгімелейтін, ондайда «сыр алдырғың келмесе, үндеме» дейтіні есімде қалыпты. Жоқ, қателесіппін, Төкең жазудың бетін бір қайырып тастап, сәл күлімсіреп қойып қызықты әңгімесін бастайды. Журналистік қызметінде өлкенің тарихына ерекше мән берген қаламгер бірде Ойыл өзені бойында, ұмытпасам «Комсомол» совхозы аумағында Сырым Датұлы салдырған «Сырым бөгеті» туралы қызықты әңгіме айтқаны бар. Бөгет қойдың терісімен шегенделіп салынған, іссапарда жүргенімде оның екі ғасырдан астам уақыт бойы шыдас беріп сақталып қалған бөлігін әдейілеп барып көріп едім.
Кезінде кеңестік идеологиямен шаң басып, тасада қалған талай тарихи деректерді зерттеп алдымен мақала жазды, кейін кітап етіп шығарды. Бұл орайда ғалымдық қабілеті мен ғылыми ізденісінің арқауы бала кезде естіп, құлағына сіңген тақырыптар еді. Соның бірі Халел Досмұхамедов туралы деректер екені белгілі. Сексенінші жылдардың бас кезінде есімі көп айтыла бермейтін Халел туралы әңгімесін бізге айтатын. Сол жылдары қос арыс Халел мен Жаһаншаны жұртшылықтың көбі, тіпті әдеби орта «ағайынды Досмұхамедовтар» деп жүрді. Олар ешқандай ағайынды емес, тектері ғана ұқсас екенін Халелге туыстық жақындығы бар Төкең дәлелдеп беретін. «Қайда екі дос, Орал боп-бос…» деп кезінде Мағжан ақын қос арысты сағынышпен еске алуы да бекер емес. Бірде Халелдің өз аузынан кезінде жазылып алынған деген бір шежірені маған көрсеткені бар. Сонда бізден кеткен мадиярлар қазір Венгрияда тұрады деген сөзі есімде қалыпты. 1986 жылы венгерлер Теңіз кен алаңынан жұмысшылар қалашығын салып, зауыт құрылысы басталып жатқан кезде «Лениншіл жастың» тілшісі ретінде мен де Венгриядан келген беделді делегациямен бірге жүрдім. Сонда сол елден келген делегация басшысының бірі Теңізде тікұшақтан түсіп жаяулап қалашыққа қарай келе жатқанында «атажұртымыз, туысқанымыз қазақтың тап осы жерінде біздің ата-бабамыз мадиярлардың да ат ізі жатыр» деп айтқан болатын. Төкең Халел Досмұхамедовтің өмірін, өскен ортасы мен шығармашылығын алғаш зерттеген санаулы ғалымдардың бірі екенін ерекше айтуға тиіспіз. Талай жылғы зерттеуі нәтижесінде бірнеше мақала мен «Халқымен етене Халел хакім» атты публицистикалық баяны кітап болып жарық көрді. Атақты ғалым шығармаларында кездесетін тарихи атаулардың толық тізбесін түсіндірмесімен бірге оқырманға тұңғыш ұсынғаны тағы бар. «Қайсар Халел» атты 3 актілі, 6 көріністі пьесасы Қызылқоға аудандық «Арман» мәдениет үйінің сахнасында қойылды.
Халелтанушы ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Базарғалиев 2023 жылы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрмеде сөйлеген сөзінен үзінді келтіре кетелік: «…Тоқсаныншы жылдары сол «Атырау» газетінің айқарма бетіне «Дара тұлға» атты үлкен мақала шығарып, облыс жұртшылығын таң қалдырып, үлкен, ғажайып тұлғаны халыққа танытқан бірден-бір тұлға қаламы ұшқыр журналист Төлеген Жаңабаевтың еңбегіне тән ризашылығымды халық біледі. Одан кейінгі «Атыраудан шыққан ақиық» атты мақаласы да халыққа үлкен қозғау салды. Осындай журналистердің, халыққа жаққан тарихшылардың, ғалымдардың арқасында 1994 жылы Атырау педагогикалық университетіне Атырау халқына, жұртшылығына паш етіп Халел Досмұхамедовтың есімінің берілуі елдің санасын, еңсесін түзеп, жақсылыққа бағыт-бағдар берген үлкен оқиға болды». Бұл тарихшы-ғалымның тарихшы-журналистке берген әділ де орынды бағасы деп білеміз.

Төлеген Жаңабайұлының тағы бір терең зерттеген тақырыбы – Ығылман Шөрекұлының өмірі мен шығармашылығы. Сексенінші жылдардың бас кезінде Төкең бізге ақынның бейіті қалай табылғанын, туған жылын нақтылаудағы ізденісін қызықты етіп әңгімелеп берген еді. Бұл айтқандары арада жылдар салып, 2001 жылы «Арыс» баспасынан «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан Ығылман Шөрекұлының «Ығылман» атты кітапқа енгізілді. Төлеген Жаңабайұлы бұл кітапты құрастырып, кіріспесі мен түсіндірмелерін жазды. Осы кіріспеде жоғарыда айтылған екі факті туралы жүйелі айтылған. «…Ығылман Шөрекұлы да өзінің ұзақ өмірбаяндық толғауын былай бастаған:
Пендеге зор, дәреже ғылым, білім,
Бір Алла дана қылар сүйген құлын.
Болғанда мың сегіз жүз жетпіс алты,
Сол екен дүниеге келген жылым.
Дүниеге келген жылым тышқан екен,
Сол жылдың жазға салым тұстары екен.
Камалдан үш күн бұрын жерге түсіп,
Доңыздан сол себепті тысқары екем…
Өкінішке қарай, мен 1975 жылы Миялы селосында Сарман Ғапурин қарттан жазып алған осы жолдардың әрі қарайғы жалғасы ол кісінің жадында жөнді сақталмапты. «Көлемді толғау еді, әттең-ай, көп жыл үзеңгілес жүргенде дұрыстап зер салып, толықтай жаттап алмаппын ғой. Білетінімнің өзін, жасымның ұлғайғандығы ма, ұмытып қалыппын», деп қынжылып еді ол. Бірақ, қос шумақтың өзінде ақынның қай жылы туғаны, айы, күніне дейін айна қатесіз айқын жырланған. Демек, ЬІғылман Шөрекұлының дүниеге келген кезі – 1876 жыл. Оған талас жоқ. Ескіше жыл қайырғанда да ол ақынның өзі айтқандай, тышқан жылына тұспа-тұс келеді. Ал жерге шыр етіп түсіп, кіндігі кесілген мезгілі қамалдан үш күн бұрын екен. Тоғыс есебінде қамал қазіргі наурыздың 22-нен басталады. Одан үш күнді шегергенде наурыздың 19-на сәйкес келеді». «Жылдар-жылдар» деп аталатын бұл толғаудың тағы бір көлемді үзігі Атырау қаласының іргесіндегі «Теңдік» ауылының байырғы мұғалімі Рахметжан Бақтияровтың дәптерінде сақталып келіпті. Төкең кезінде оны да үлкен олжаға балап жазып алған. Жоғарыда аталған кітапта Ығылманнан бар болғаны екі жас кіші, 108 жас жасаған Жәлеке қарттың Ығылман ақынның зиратын немересі Аманжол Әлдешұлына, аудан, совхоз басшыларына, облыстық газеттің меншікті тілшісі Төлеген Жаңабайұлына өзі аяқтай ертіп барып көрсеткені, басына ескерткіш белгі қойылғаны баяндалады. Қазақтың атақты ақынының өмірі мен шығармашылығын қамтыған бұл кітаппен кеңінен танысуды оқырман еншісіне қалдырайық.
Осы орайда бір шындықты айта кетсем деймін. Бұл кітапқа кіріспе жазып, жалпы Ығылман шығармашылығын тиянақты зерттеп, жинағын құрастырып, осындай құнды кітап етіп шығарудың өзі ғылым кандидаты не докторлық диссертация тақырыбы мен монографиясына арқау болатындай жүкті көтеріп тұр десем нағыз ғалымдар оған таласа алмайтыны анық. Сонда деймін-ау, Төкеңнің неге кандидаттық диссертация қорғамағанына әлі күнге таңғаламын. Бірақ оған Төкеңнің өзі, яғни қарапайымдылығы мен өзіне де, өзгеге де жоғары талаппен қарайтыны «кінәлі» болса керек. Әйтпесе, студент кезінен ақын болып танылған, талай айтыстарға қатысқан ақын облыстық газетте талай жыл жұмыс істегенде өзінің еңбегі сіңген төл басылымында топтама өлеңдерін бергенін көрген жоқпын. Ол кезде кітап шығару да қиын, сонымен «Ел мақтаған, қыз жақтаған Төлешім» деп өлең арнаған арқалы ақын Аманқос Ерушовпен институтта бірге оқып, ақын ретінде бірге елге танылған талант журналистика майданында адалдық танытып, өзінің табиғи талантын тұсап тастағаны анық. Әйтпесе, Төлеген Жаңабайұлы осал ақын емес. «Теңіздің дәмі тамшыдан» демекші, ақынның «Жапандағы жалғыз киік» атты балладасынан екі-үш шумақ мысалға келтіре кетелік.
«Кенет… Кенет… О, ғажап, түсім бе едің,
Не екенін, құдай-ау түсінбедім.
Будақ-будақ шаңды ұзын жолда,
Көзді арбаған ғайыптан мүсін көрдім.
Жалғыз киік шықты алдан жортақтаған,
Осы өңірге түрі жоқ жорта аттаған.
Ұшқан құссыз қу мекен, құла түзде,
Неғылған аң состиып, қорқақтаған?
Күн шыжғырып кеткен шақ андыз күйіп,
Өсетін де жер емес жалбыз биік.
Жеріген бе қағынан, неткені екен,
Жапанда бұл қайдан жүр жалғыз киік?..»
Осылай басталатын мұңға да, сырға да толы балладаны тебіренбей оқу мүмкін емес. Жапанда кездескен жалғыз киік туралы кезінде Сәкен Сейфуллин, Кәкімбек Салықов ғажап туындылар жазғаны белгілі. Әдетте, ақындық қабілет атақ-даңққа қарамайды, Төлеген Жаңабайұлының бұл балладасын бастан-аяқ оқып шыққан оқырман классик ақындарымыздың нағыз ізбасары екеніне шүбә келтірмесе керек. Басқаны былай қойғанда, тек осы шумақтардағы тіл байлығына зер салып көріңізші, тіл маманының арнайы зерттеуіне сұранып тұр емес пе?
Әрісі қазақ ауыз әдебиетінің, берісі Жамбыл Жабаев пен Нұрпейіс Байғаниннің мұрасындағы дастан жанрын ілгері апарушы ақындардың бірі де Төлеген Жаңабайұлы екенін еске сала кетейік, өйткені соңғы жылдары поэзия әлемінің деректі оқиғаны арқау ететін бұл жанрына қалам тартатын ақындар қатары сиреп барады. Ал Төкеңнің Ығылман Шөрекұлының өмірі мен шығармашылығы туралы «Ығылман», студенттік құрылыс отрядының жас дәуренге лайық сәттері туралы «Ақ шағала», Социалистік Еңбек Ері, ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған шопан Қалыбай Жұмағалиевтің еңбектегі ерлігін арқау еткен «Тайталас» дастандары қазақ поэзиясы әлемінен өзіндік орын алатын шығармалар екені анық. Төкеңнің суырып салма ақындығы да өз алдына бір тақырып десек болады. Олай дейтінім, 1966-1974 жылдары төрт рет облыстық ақындар айтысының жеңімпазы және жүлдегері атанды.
Төлеген Жаңабайұлының ақындық қуатының қайнар көзі өзінің туған жері Тайсойған мен Бүйректің ақындық, жыраулық мектебінен бастау алады. Бала кезден құлағына құйып өскен Ығылман Шөрекұлы, Айтмағамбет Ұлықпанов, Таубай Шаңкөтов, Ыбыраш Мырзалыұлы, Зімбіл Тегенбайұлы, Сұлтанқұби Жұрынбайұлы және басқалардың жырларын, мұрасын талмай ізденіп, жинап, «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атты кітап шығаруын ерлік демей көріңіз. Оның үстіне «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» атты қосымша оқу құралын жазып, баспадан шығарды.
Ақынның өлеңдері «Сырбаз сырлар» (2004 ж.), «Кәусар» (2014 ж.) деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Ал әңгімелері, хикаяттары, публицистикасы мен фельетон, памфлеттері «Іңкәр сезім», «Шіркін, шындық» деген атпен баспадан шыққан кітаптарына енгізілген. Кеңес Одағы кезінде жергілікті жердегі қаламгерлерге кітап шығару аса қиын шаруа болды, әр кітаптың тағдыры республикалық партияның Орталық Комитеті мен Баспа ісі жөніндегі комитеттің сүзгісінен өтіп барып Алматыдағы баспаларда шешіледі. Поэзия, проза жинақтары түгілі очерк, шағын зерттеулердің жарық көруін талай жыл күтуге тура келетін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кітаптарын шығаруда жергілікті жердегі таланттарға жол ашылды. Өздеріңіз байқап отырғандай, Төкеңнің талай жылғы журналистік, ақындық, ғалымдық еңбектерінің, зерттеулерінің, жалпы шығармашылығының жеке кітап болып шығуы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Талай жыл бойы қоржынның түбінде дайын күйінде жатқан әдеби, танымдық, ғылыми-зерттеу арқау болған барлығы 16 кітабы баспадан шыққан. Ондаған жинақтарға әңгімелері, очерктері мен эсселері, сондай-ақ «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енген. «Атырау арғымақтары», «Заңға – құрмет, әлеуметке – әділет», «Атырау журналистерінің шежіресі» және басқа да онға тарта кітапты құрастырып, алғысөздері мен ғылыми түсініктерін жазды. Солармен қоса, «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен жарық көрген 100 кітаптың, «Атырау қаламгерлерінің туындылары», «Тұлға» серияларымен баспадан шыққан кітаптардың редакция алқаларының мүшесі болды. Атырау облысының, Қызылқоға, Мақат аудандары энциклопедияларын шығаруға елеулі үлес қосты. 2019 жылы магистрант Қалмырза Орынгүл Русланқызы «Қаламгер Т.Жаңабайдың шығармашылық әлемі» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айсұлу Садықованың жетекшілігімен магистрлік диссертация қорғады. Осы үрдіс одан әрі жалғасуы керек-ақ. Төкең шығармашылығының қай саласында болсын зерттейтін тұстары аз емес.
Төлеген Жаңабайұлы 1991-1997 жылдары облыстық телерадиокомпанияда алғашқыда радио, кейін телехабар жөніндегі бас редактор, компания төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1997-2007 жылдары Атырау облыстық «Қайсар» қоғамдық құқық қорғау газетінде бас редактор болса, 2004 жылдан бері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасының аға оқытушысы, доценті болып ұстаздық жұмыста болды. Елімізге есімдері танымал, «Егемен Қазақстан» газеті бас директорының орынбасары Ерболат Кәмен, облыстық «Атырау-Ақпарат» ЖШС-інің директоры Нұрболат Елеусінов, аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов, аудандық «Кең Жылыой» газетінің бас редакторы Ербол Қошақанов Төкеңнен университетте тәлім алған шәкірттері. Төлеген Жаңабайұлы аталған университеттің құрметті профессоры атанды. 2024 жылы ғылыми-танымдық салаға сіңірген еңбегіне орай «Каспий аймағы академиясының академигі» мәртебелі атағы берілді. ҚР-нің Үздік өлкетанушысы, Ақпарат саласының үздігі. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Халықаралық жазушылар одақтарының мүшесі, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Атырау облысының Ардақты ардагері» алтын белгісінің иегері.
Төкеңнің қалам қарымы әлі бабында, оған дәлел «Жұлдыз» журналында 2022 жылы өзінің ұстазы, ғалым, ақын Қабиболла Сыдиықов туралы «Мұратану ақиығы» атты зерттеуі, 2024 жылы ақын Марат Отарәлиев шығармашылығы жөнінде «Отты жырлар, хұсни хаттар» атты кең көлемді ой-толғамы жарық көрді. Алпысыншы жылдары институтта оқыған кезінде Сабыр Қазыбаев, Берқайыр Аманшин, Ермек Өтебаев, Қабиболла Сыдиықов тәрізді қазақтың біртуар тұлғаларынан тәлім алған журналист, ғалым, жазушы, ұстаз Төлеген Жаңабайұлы ұрпақ сабақтастығын кейінгі буынға жалғаған қаламгер.
Самат ИБРАИМ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Журналистер академиясының академигі

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button