Әдебиет

«Өлең, мен сені аялап өтем…»

Атырау қаласында жыр падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың отты өлеңдерін сағынған жұртшылық «Тұрғындар қалашығы» саябағында бас қосты. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай және Халықаралық жастар күні аясында қолға алынған поэзия байқауы «Өлең, мен сені аялап өтем…» тақырыбында өтті. Іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақ сұңқар» қоғамдық қоры ұйымдастырды.


Байқаудың ақтық сынына 15 қатысушы жолдама алған болатын. Кіл мықтыдан шын мықтылар бұған дейін Индер ауданында және Атырау қаласында өткен іріктеу кезеңінен өткен. Іріктеу қорытындысы бойынша Индер ауданынан – 4, Атырау қаласы бойынша 11 қатысушы ақтық кезеңге жолдама алды.
Шешуші сынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, киноактер Ғазиз Сұраппаев және жазушы Бақтыгүл Сәрмекова, ақын, жазушы, драматург Әлия Даулетбаева әділ төрелік етіп, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрікті анықтады.

Кештің мақсаты Фариза Оңғарсынованың шығармаларын дәріптеу, халықтың жүрегінен орын алған поэзия падишасының өлеңдерін жастар арасында насихаттау, жыр сүйер жастардың шығармашылық қабілеттері мен эстетикалық талғамдарын дамытуды көздеді.
Байқау қатысушылары поэзия падишасының жырларын түйсікпен түсініп, жүрекпен ұғынып, ерекше сезіммен оқыды. Көрермендер де кештен рухани азық алып, қатысушылармен бір толқында болды. Байқау нәтижесінде Толғанай Жастілекқызы және Зинеденов Еркебұлан «Үміт» номинациясын иеленсе, «Жас толқын» номинациясы Данир Мұхтарғалиевке бұйырды, ал «Көрермен көзайымы» номинациясымен Айжан Бөлекбаева, «Жүрек сөзі» номинациясымен Индира Мұхтарқызы марапатталды.

Сонымен қатар номинация иегерлеріне 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Басқа қатысушылар Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хатпен және 25 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button