МЕН СҮЙГЕН ҚЫЗ ҚАЙДА ЖҮР?

Атырау жері қазақ әдебиетінің алыптар шоғырын толтырған арқалы ақындарға кенде емес. Кешегі Әбу, Марат, Жұмекен, Меңдекештер ұстаған қасиетті қаламның киесі кеткен жоқ, өлеңді өмірім деп ұғатын талантты жастар өсіп келеді. 

«Жас дәуреннің» бүгінгі саны жергілікті ақын жігіттерге арналып отыр. Әдетте күз мезгілі келісімен, беймәлім бір сағыныш жанды тербеп, бейдауа мұң жанымызды мекен қылатыны бар. Қайтқан құстың қанатынан құсни-хат секілді төгілген өрнекті өлеңдерде жастық шақ әуендері, бозбала күннің бір аяулы белгісі көрініс береді. Шынайы да сыршыл жыр әлеміне бірге сапар шегейік.

dbxb3esСЕЗІММЕН ОЙНАМА СЕН
Түсінбедім…
Кім ұғар тал бесіктің тербелісін?
Жыр жазбаймын, қалқам-ау ермек үшін.
Арзандатып алдың-ау бар бақытты,
Өкінішсің енді тек сен мен үшін!

Тірлігімде құйын мен дауыл басым,
Махаббаттың түсін сен мағынасын.
Қос жігітті сүйем деп қателестің,
Сезімменен ойнама, ауырасың.

Болашақтан көрерсің белесіңді,
Теңіз тулап, толқыннан кеме сынды.
Өңімде де өмірлік өкініш бар,
Түсімде де көрмеймін елесіңді.

Сәулесінен айырылмас сана ғана,
Сезімді салғырттықпен бағалама!
Басқаның бәрін істе, тек қалқатай,
Ер жігіттің жүрегін жаралама.

Шарасыздан шеңберде шырқ айналып,
Өмір-құйын, шаңдатып, бұрқайды анық.
Сені көрсем, сұлықсыз күй кешемін,
Мені көрсең, өте бер сырт айналып.

Қиып ем қымбатты бір кісім деуге.
Сен шықпайтын боп алдың түсімнен де.
Ақыл кірсе тағы бір ойланарсың,
Махаббат мұң емес қой түсінгенге…

* * *
МЕН СҮЙГЕН ҚЫЗ ҚАЙДА ЖҮР?
Ауылда һәм мағынасыз қалада,
Дауа таппай келем әлі жарама.
Ертеректеу әке қылып жібермей,
Бойдақ ғұмыр жасап жатыр, обал, ә?!
Көйлегімнің жазуға да қыртысын,
Біреу керек…шай құюға анама!

Түссе бір күн уақыттың құрығы,
Бақыт сыйлар тәтті сезім тұғыры.
Мен іздеген нәзік жанның болар-ау,
Қырық атты жүк қылатын қылығы.
Ақын ұлдың адал сүйген жары боп,
Қай ауылдың бұйырады сұлуы?

Аймаласа жүрегімді ай нұры,
Ұмытамын жанды жеген қайғыны.
Той көйлегін киген бикеш, шіркін-ай,
Біздің үйге түседі екен қай күні?!
Қонатұғын аққу құсын күтіп жүр,
Көңілімнің көлдей тұнық айдыны.

Құдіреттің күші бардай бойда бір,
Күн тыңдаса оқып берем айға жыр.
Бойдақтықтың шешіп тастап күртесін,
Отбасының тонын кию ойда жүр.
Берер болсаң сыйыңды тез бергейсің,
Ей, дүние… мен сүйген қыз қайда жүр?
Шалқарбай ІЗБАСАРОВ,
Қызылқоға ауданы.
* * *
…БАҚЫТТЫ БОЛ
Жаным! Саған қалмағандай айтар дым,
Шамданғанда шабытымды шайқар мұң.
Бір кездері саған ынтық жүректің
Пәк сезімін мәңгілікке қайта алдым.

Көрдім сені басқалардан тым артық,
Аңсаушы едім құшағыңды құмартып.
Енді бүгін қол қусырып отырмын,
Қалмағандай амалым да қылар түк!

Әлі есімде сыңғыр күлкің, әрлі үнің,
Жәбірледі жүрегімді зәрлі күн.
Бөтен үйдің босағасын аттайтын,
Ұзатылу тойың сенің дәл бүгін!

Ұрлап құдай пешенемнен сыйымды,
Мендік көңіл шарасыздан күйінді.
Үшінші адам сені қимай жылады,
Ауылдағы ата-анаңнан кейінгі.

Сені сүйіп, ғашықтықпен дерт кешкен,
Ессіз күйде кеткенің бе ертпестен?
Күндеріміз өз жазасын алады-ау,
Мәңгі бірге боламыз деп серттескен.

Жылағанда жаның қалай ауырмас,
Бар тілерім, бақытыңа бауыр бас!
Жанарымнан жылжып түсті сол сәтте
Арманынан айырылған ауыр жас.

Бәлкім, тағып отырмын ба бекер мін,
Өкінішпен өз бетінше өтер күн,-
деп көзімді алыстарға жүгіртіп,
Жасқа толы рөмкемді көтердім.

* * *
ТАР ДҮНИЕ
Өзегін өртеп өмірдің ісі,
Ертеңгі елге сенімім үшін.
Сұқ көздер төніп, қаскөйлік билеп,
Талқандап бітті-ау елімнің ішін.

Пенденің кейбір білгені күдік…
Бетіңе қарап түрлене күліп.
Өмірден құрту жайын ойлайды,
Бір ұлың шықса мінберге мініп.

Танытуға әуес жамандау қылық,
Жеңген ұлдың қолын алмау шығып.
Заманның зілді зұлымдығындай,
Ішіңді тырнаған – көреалмаушылык.

Кеудеңе елім қылыш тығатын,
Паш еткен жандар ұлыстың атын.
Бәйге алғанды да көре алмайтындар,
Көзін құртуды жұмыс қылатын.

Елге танылып, қолдаса ортаң,
Бәсеке, билік, барлауға шортаң.
Жалт еткен жұлдыз мәңгіге өшсе,
Болашағымды болжауға қорқам…
Серік ҚОЙШЫҒҰЛОВ,
Махамбет ауданы.

* * *
ТҮСІНБЕДІҢ…
Сен мені түсінбедің,
Қалай мұның еңсемді түсіргенің.
Сезімім саған деген өшер емес,
Әйтеуір, сол баяғы пішімдемін.
Өмірде ұғыса алмас кісің бе едім?!

Ой айтасың ортада, дара, бекем,
Сезім солай жауапсыз қала ма екен.
Аңсаса да көруді сенің жаның,
Жылайсың да, өзіңді тұсаулайсың
Жүрегіңді алдама, бұлай, көкем.

Өтіп жатыр біртіндеп зарлы күнім,
Махаббат ойын емес, арлы ұғым.
Мені аймалап құшақта, басқаны ойлау
Біле білсең, қалқам-ау, сорлылығың.

Жан табармын түсінер даламда анық,
Жүрек әлсіз. Ой кетті тарамдалып.
Сүймеді деп тағдырға кінә артпаймын,
Несібесін береді дана уақыт.
Қыз біткеннен кетпеспін қараң қалып.

Кеудедегі бұрқанған сілкіністі,
Жеңе алмадың, алдадың ілкі күшті.
Қылығыңды қисынсыз ұмытам да,
Кешіремін әдемі күлкің үшін!
Біз енді кездеспейміз…

* * *
ҚИМАЙМЫН

Мына дүние айналып кететіндей,
Озбырлығы маған да өтетіндей.
Жалын атып қалқам-ау, бір қарашы –
Бір қарашы, соның да жететіндей…

Кеткенің бе, шынымен, құралайым,
Өзгелерден өзгелеу, сірә, жайың.
Жалын атқан жанармен бір қарашы –
Бір қарашы, тағы бір жыр арнайын.

Санамды серік етпей шерге мүлде,
Сезімге мас жетекке ергенім де,
Қасымда бол деуге де бата алмадым,
Өзіңді алғаш рет көргенімде.

Оранып жатқан кезде бөктер гүлге,
Сен де мұндай сезімді өткердің бе?
Ұзағынан қиылып қарадың да,
Кете бардың, өзекке от бердің де!

Содан бері, жалғызбын, сыңар жаным,
Саған жазған білмейсің жыр-ән барын.
Жанарыңнан жалт етіп ұшқан сонда
Жүрегіме, сәулесін, тұмарладым.

Содан бері айырылдым тағатымнан,
Періштесің, ерекше жаратылған.
Хат болар деп көзімді тайдырмаймын,
Қайтқан құстың аспанда қанатынан.

Кездерімде болар-ау, бағым ұшқан
Деген бар ғой «озмыш жоқ жазмыштан».
Мен түсіндім, тұрады бұл дүние:
Жоғалту мен іздеуден, сағыныштан!
Нұрлан МҰРАТ,
Исатай ауданы.
* * *
ІЗДЕДІҢ БЕ?
Өмірдің жастық атты қызбелінде,
Тербетіліп тұрсың ба, тізбегінде?!
Көкірегің көне алмай күзге мүлде,
Көктемдерден сен мені іздедің бе?

Шапқанда шағылғандай тағаң қарға,
Іздедің бе мен басқан қадамдардан?
Тағдырдың тәлкегінен аттап, жаным,
Саған рұхсат етілген алаңдарға!

Іздедің бе, жиылса жастар маңға,
Сезіміңді Ібіліс басқарғанда.
Аңызақта арбайтын құйындардан,
Іздедің бе төбеден, тастардан ба?
Білем, үнсіз жүрегің өртенеді!
(Самал жел еміреніп, еркеледі).
Естідім біреулерден сүйгеніңді,
Неге сен іздемедің ерте мені?!

Алдыңнан арайланған таң күледі.
Қауышқанда айтармыз әңгімені.
Соңғы үмітің солмасын үзілгендей,
Ізде жаным, жоғалтпа мәңгі мені!

СЕН ШЫҒАРСЫҢ
Сен шығарсың кептірген кенеземді,
Сен шығарсың енгізген ережеңді.
Күніменен қонақтап қиялымда,
Түнделікте қағатын тереземді.

Сен шығарсың уақытты алмастырған,
Сен шығарсың өмірді жалғастырған.
Жалғыздықтың жалауын жығып салып,
Тағдырымның төрінде малдас құрған.

Сен шығарсың дауылдың дүрбелеңі,
Ілестіріп әкетер бірге мені.
Өзіңсіз мұхиттардың қайраңына,
Жетеледім желкенсіз құр кемені.

Сен шығарсың шұғыла шашып тұрған,
Көктемгі қызғалдақтай, тасып қырдан!
Жылатып, жұбатсаң да ұмыттырмай,
Қайтадан кездесуге асықтырған.

Алтын күннен төгілтіп нұр шаштырған,
Сен шығарсың сезімге гүл аштырған.
Мың қасиет сыйғызып келбетіңе,
Арман менен сезімді ұластырған.

Сен шығарсың білмейтін мұңайғанды!
Сені аңсаумен қаншама күн айналды,
Себебін таба алмадым, саған еркем,
Неліктен көңіл шіркін құлай қалды?!

Сен шығарсың күміс су шалар қауға,
Сен шығарсың сабырлы, самарқау да.
Қатігездік қақпасын жұлқып ашып,
Сен шығар жұлқынған жанартау да!

Күмбірлеген көмейдің күй-дастаны,
Сен шығарсың сезімнің сыйлас бағы.
Жабырқаған жүректің қимас жаны,
Сен шығарсың сүйгенім, Қиғаштағы!

Орал ШЫМАНОВ,
Исатай ауданы.

Құрметті жас қаламгерлер!
«Атырау-ақпарат» ЖШС аймақтағы жас ақын-жазушыларды қолдау, шығармашылықтарын насихаттау мақсатында тағы бір игілікті істі қолға алып отыр. Егер Сіз мектеп оқушысы, студент болсаңыз, өлең-әңгіме жазып жүрсеңіз, «Атырау» газетінің мекен-жайына немесе bakitgul.81@mail.ru электронды поштасына өмірбаян, суретіңізбен қосып шығармаларыңызды жолдаңыз. Ең үздік деп танылған жас қаламгерлердің антологиясы мен жеке кітаптары шығарылатын болады. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік, өзіңізді танытып, өнеріңізді өрістетуден қалыс қалмаңыздар!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз