Жарнама
Әдебиет

Мақсат Тәж-Мұрат: «Менің жазушылық кредом — өмірден ғана алып жазу»

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Жақында «Атырау-Ақпарат» баспасөз клубында танымал қаламгердің «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» атты туындысының тұсауы кесілді. Әдеби сын, прозаның жаңа жанрлары туралы еркін пікір алмасу алаңына айналған кездесуге жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Асылбекұлы қатысты. Ең бастысы, бұл жолы оқырмандар сиясы кеппеген повестің бас кейіпкері — бұрын пионер белсендісі, Фурманов атындағы орта мектептің алтыншы сыныбының старостасы болған, бүгінде қазақ мерзімді баспасөзінің тарихынан сыр шертіп жүрген Қылышбай Құлжановпен кездесті.

– Публицист, ұстаз, ғалым, журналист, зерттеуші Мақсат Тәж-Мұратты жұртшылық жақсы таниды. Менің онымен таныстығым сонау 1986 жылдары басталды. Бірде ол хабарласып, жаңа туынды жазып шыққанын айтып, электронды нұсқасын жіберіп, оқып шығуымды өтінді. Мен бірден танысып шығып, жұрт сүйсініп оқитын шығарма болғанын жеткіздім. Кейін рецензия жаздым.

Қазір батыс әдебиетінде «нон-фикшн» деген жанр бар. Соңғы он шақты жылда дамып келеді. Ол бір жағынан эссе жанрына ұқсайды. Ал, Мақсат көптешен тұщымды эсселер жазып, халыққа танылды. Нон-фикшн – прозаның бір жанры саналғанмен, өмірде болған хикаяларды жазады. Шығармаға қиялды көп араластырмайды. Көркемдейді, поэтикасын жетілдіреді. Бірақ, эесседегідей өмірде болған шын оқиғаны көркемдік формаға салып жазады. Ол қазір батыс әдебиетінде трендке айналды. Эссе, нон-фикшн прозаның жетекші жанрлары болды. Айталық, АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты елдерді басқарған президенттердің, қайраткерлердің эсселері миллиондаған таралыммен тарап жатыр.Олар өмірден алған сабақтарын эссе түрінде жазады. Тіпті, оның кейбірі осы нон-фикшн жанрында жазылған. Жалпы, бұл жанр басқаларға қарағанда күрделірек келеді. Нон-фикшн демократиялық қоғамда жақсы дамыған, — дейді профессор Серік Асылбекұлы.

Жүздесуде кітаптың авторы Мақсат Тәж-Мұрат нақты кейіпкермен бір ауылдың тарихын жазу арқылы кесекті мәселелер қозғағанын атап өтті. «Менің жазушылық кредом — өмірден ғана алып жазу. Эссеист болғаннан кейін оның да элементтері болуы мүмкін. Бірақ, мен ойдан құрап жазуға көп жоқпын. Қандай оқиға болса да өмірден іздеймін. Қылышбайдың өмір тарихына «ғашық» болып қалғаным да – сол. Алтыншы сыныптың баласы бүкіл қоғамға, жүйеге қарсы шығып, ортаға «шақырту туын» тастауы үлкен ерлік дерсіз. Ойлап көріңізші, фермалардың меңгерушілері Қылышбай келе жатса алдынан шығып «Қылшеке» деп үлкен құрмет көрсетуінің өзі неге тұрады?»-деген қазіргі қазақ прозасындағы әдеби сынның жоқ екендігіне қынжылысын білдірді.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button