Жарнама
Әдебиет

Махамбет оқулары мәресіне жетті

Атырауда батыр әрі күйші Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын дәріптеуге арналған республикалық Махамбет оқуларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Екі күнге созылған бұл байқауға еліміздің 15 облысынан VIII-IX сынып оқушылары қатысып, өз таланттарын бірнеше бағытта сынға салды.

Облыстық білім беру басқармасы Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры міндетін атқарушы Жанар Сәрсенғалиева байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығына және аталған басқармаға алғыс білдіріп, іс-шараның жас ұрпақтың бойында Махамбеттің өр рухын сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.

Байқауға қатысқан 77 оқушы 5 бағыт бойынша өнер көрсетіп, жеңімпаздар марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен 6 қатысушы – І, 10 қатысушы – ІІ, ал 15 қатысушы ІІІ орынды иеленді.

«Ұлы Арман» бағыты бойынша Маңғыстау облысынан келген Галина Казиева Махамбет шығармаларына иллюстрациялық сурет салуда І орынды иеленсе, қарағандылық Нұрғасыр Изат «Ел құтқарар ер едім…» атты шығармаларды жатқа оқуда жеңімпаз атанды. Махамбет күйлерін орындаушылар арасында Атырау қаласының оқушысы Әли Ғұбайдолла үздік өнер көрсетті. Жас ақындар арасында Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушысы Әли Зайыр жеңімпаз атанды. Ал шығармашылық қорғау бағыты бойынша Бақдәулет Мәжитов үздік деп танылды.

Байқауға қатысқан жас таланттар Махамбет шығармаларын орындау арқылы рухани күш алып, батырдың ерлігін жүректерімен сезінгендерін айтты. Жүлдегерлерге «Дарын» орталығының дипломдары мен сертификаттары және облыс әкімдігінің қолдауымен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button