Жарнама
Әдебиет

Кітап дәуірі бәрібір оралады

Өркениетті елдерде кітап көрмелері, кітап жәрмеңкелері жиі өтіп тұрады. Дәлел ретінде, Беларусь астанасы Минскінің кітап оқу дәстүрін үлгі етуге болады. Әр сенбі сайын Минск қаласында таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін кітап базары жұмыс істейді. Онда жергілікті өнімдермен бірге, Ресей, Украина сынды әлемнің әр елдерінен келген баспа материалдары ұсынылады. Ол жерде кезекте тұрып-ақ әсер аласың. Қалай десек те, кітап алынғаннан кейін, ол сәл де болса оқылады. Сондықтан, Астанада өткен халықаралық деңгейдегі көрмеге жалпыәлемдік үрдіс ретінде де қарауымызға болады.

Рас, тәуелсіздік жылдарында Астанада мәдени ошақтар пайда болды. Белгілі бір деңгейде интеллигенциялық орта қалыптасты. Экономика өз алдына, бастысы, Астана руханияттың ошағы ретінде дамып жатыр. Ендеше, елімізде тұңғыш рет өтіп отырған еуразиялық халықаралық кітап көрмесін мүмкіндігінше дәстүрге айналдыруымыз керек.
Бір ғажабы, бірнеше күнге созылған Астана көрмесі әсіресе, жас буынның қызығушылығын тудырды. Бұрын кітап дүкеніне бармайтын жастар рухани әлем теңізіне куә болып, үлкен әсерге бөленіп жатыр. Бұл әрине, өте жақсы нәтиже. Осындай ізгі дәстүрлерді жалғау арқылы біз руханият әлемін нығайта аламыз. Ендеше, азық-түлік сататын базарлармен шектелмей, әр қаланы кітап саудасына айналдыратындай жағдай жасайтын кез келді.
Цифрлық технология дәуірінің күш алуына байланысты планшет, айпадтар қазір жастардың айнымас серігіне айналды. Бұл түсінікті де. Біріншіден, интернет арқылы алынған ақпараттың үстірт екендігіне мән беруіміз керек. Ғаламтор ешуақытта терең білім көзі бола алмайды.
Екіншіден, жаңалықтардың барлығын ғаламтордан алып отырғанымызды да мойындауымыз керек. Бірақ, үлкен білімнің бастауы жаңалық емес қой. Сондықтан, рухани байлықтың көркем дүние, яғни кітап әлемі арқылы келетінін ерте ме, кеш пе мойындаймыз деп ойлаймын.
Бірде Франкфрут қаласында кітаптың оқылымдылығы мәселесі талқыланған үлкен жиын өтті. Қазақстан тарапынан қатысқан делегацияның ішінде мен де болдым. Сол шарада кітап маркетингі бойынша дисертация қорғаған ағылшындық ғалымның сөзі есіме түсіп отыр. Рас, Англия – қазір әлем бойынша кітапты ең көп оқитын көшбасшы ел. Қазақстанды ол тізімнен таба алмайсыз.
Айтайын дегенім, сол жиында британдық профессор Англияда цифрлық технологиядан гөрі, кітап индустриясына деген үлкен бетбұрыстың байқалып отырғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол айфон, айпадтар дәуірінің ақпараттық деңгейде ғана қалатынын, болашақта дәстүрлі кітап әлемінің қоғамдағы рөлі бәрібір күшейетінін атап өтті. Ендеше, шынайы білім алғысы келген адам бәрібір кітапқа ауысады.
Есіңізде болса, тоқсаныншы жылдардың басында боевик кинолардың дәуірі өрлеп тұрды. «Брюс Ли», «Терминатор» фильмдері кинотеатрларда қойылып, видеожазбалары базар нарығын жаулап алған еді. Қазір боевик жанрындағы фильмдерді іздеп жүріп көретіндер де некен-саяқ. Сондықтан, айпадтар дәуірін де «өтпелі кезеңге» балауымыз керек. Бір ескерерлігі, кітапты бұрын оқымаған адам қазір де оқымайды. Бұдан шығатын қорытынды, біз кітаппен сусындаған жас ұрпақты қалыптастырып алуымыз керек.

Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы, прозашы, баспагер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button