Жарнама
Әдебиет

Атырауда тіл білімінің абызына арналған конференция өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай  «Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тілінің заманауи даму тенденциялары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиынға елге белгілі тілші ғалымдар, әдебиеттанушылар мен оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты.

Академик Рәбиға СыздықҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ІІІ және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, аса көрнекті түркітанушы-лингвист ғалым. «Рәбиға апай Сыздық тұлғатану ғылымының негізін қалыптастырған көрнекті ғалым.

«1977 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен мұрасын зеттеуге шектеу қойылған Кеңес өкіметі кезеңінде, жас ұрпақ Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін білмейтін тұста үлкендеріміз оның атын айтуға қорқатын кезде Рәбиға апай Академияда өткен үлкен мәдени іс-шарада мінберде тұрып: «Қазақ тілі білімінің негізін салған – Ахмет Байтұрсынұлы» дегенде зал сілтідей тынып, демін ала алмай қалды. Сол кезде Рәбиға апайға осындай күш берген оның бойындағы тектілік рухы, Атырау өлкесінен қанына сіңген батырлық пен өжет мінезі», — деді филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева өз баяндамасында.

 Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай – «Академик Рәбиға Сыздық және Абайтану ғылымының өрісі»,  филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай – «Абайтанудағы соны белес», филология ғылымдарының докторы Бибіайша Нұрдәулетова – «Академик Рәбиға Сыздықтың тілдік концепциясы», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айымгүл Салихова – «Академик Рәбиға Сыздық және тілдік норма кодификациясы», филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Миров «Академик Рәбиға Сыздық — Жұбановтану ілімінің көшбасшысы» тақырбында баяндама жасады.

Конференция аясында қазақ әдебиетін зерттеуші көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы,  профессор  Зейнол-Ғабден Бисенғалиға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Атырау университетінің  «Құрметті профессоры» атағы берілді. Атырау университетінде өтіп жатқан «Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тілінің заманауи даму тенденциялары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның  секциялық отырыстарында «Академик Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасы және тіл білімнің өзекті мәселелері», «Алаш зиялыларының қазақ тіл білімінің қалыптасуындағы рөлі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы және тілдік норма», «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы заманауи үдерістер» атты өзекті және ауқымды тақырыптар қарастырылды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button