Жарнама
Әдебиет

Атырауда Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы өтті

Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Атырау қаласында «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі пленум өтті. Маңызы зор бұл басқосу жұмысшы бейнесінің көркем әдебиеттегі көрінісі, еңбек адамының тұлғалық сипаты және қазіргі жастарды кәсіптік мамандықтарға баулу секілді өзекті мәселелерді қамтыды.

Пленумды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов ашып, жұмысшы тақырыбы қазақ әдебиетінде бұрыннан бар маңызды арқау екендігін атап өтті. Ол баяндамасында әдебиеттегі еңбек адамын бейнелеу дәстүріне тоқталып, бұл бағытты бүгінгі заман талабына сай жаңаша дамытудың қажеттігін айтты.

Сонымен қатар жазушылардың өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, жұмысшы өмірін көркем туындыға айналдыру арқылы қоғамға рухани серпін бере алатынын атап өтті.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пленумның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі еңбек адамдарының рөліне ерекше тоқталды.

– Атырау – мұнайшы еңбегімен танылған өлке. Өндірісте тер төгіп жүрген жандардың еңбегі – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Осы тұрғыда әдебиет пен еңбек арасында тығыз байланыс орнату – елдік маңызы бар іс, – деді облыс әкімі С.Шәпкенов.

Пленум барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар жарыссөзге шығып, жұмысшы бейнесін сомдаудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі әдеби үдерістер, еңбек тақырыбына арналған шығармалар мен болашақта жазылуға тиіс туындылар төңірегінде мазмұнды ойлар айтылды. Әсіресе жастарға еңбек адамының өнегесін көркем тілмен жеткізудің маңызы кеңінен сөз болды.

Кеш соңында қатысушылар арасында әдеби аукцион ұйымдастырылды. Аукцион әдебиет пен оқырман арасындағы байланысты жандандырып, шығармашылық иелеріне қолдау көрсетудің бір үлгісіне айналды.

Ауқымды пленум еңбек адамының бейнесін дәріптеу арқылы қоғамның рухани деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button