
Атырауда өткен поэзия кеші жастарға рухани серпін сыйлады
Атырау қаласында «Jaiyq Corp» дербес өнер кеңістігінің ұйымдастыруымен жыр мен сырға, сезім мен шабытқа толы ерекше поэзия кеші өтті. Бұл рухани жиын Атырау өңірінің нәзік үнді, сыршыл сезімді ақындары — Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаштың шығармашылығына арналды.

Кеш барысында қос ақынның жүректен тамған мөлдір жырлары бірде самал желдей сүйкей өтіп, бірде жүрек қылын шерткен әуезге айналды. Сөз маржанынан өрілген әр шумақ тыңдарман көңілінің төрінен орын алып, шынайы сезім мен шабыттың шуағын шашты. Өнерсүйер қауым сол бір сәтте поэзияның тылсым әлеміне бойлап, жырдың кәусар бұлағынан қанып ішкендей әсерде болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени кештер — тек өлең тыңдап қана кету емес, жанның ең терең иірімдеріне үңілу, рухани байып, жүрек пен санаға нұр құю. Сондай-ақ бұл — жергілікті ақындардың шығармашылығын жақынырақ танып, олардың еңбегіне әділ бағасын беретін, жас қаламгерлерге қанат бітіретін айрықша алаң.

Кеш соңында жырсүйер жастар мен қонақтар рухани шабытқа бөленіп, жырдың жылуымен жүректерін жылытып тарқасты. Сол түні Атырау аспанында жыр шамшырағы маздап, талай жүрекке жарық сыйлады.
Ботагөз ИСАТАЙ