![Атырауда келелі кездесу өтті 1 iiiiiiiiiiiiii](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/iiiiiiiiiiiiii-780x470.jpg)
Атырауда келелі кездесу өтті
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, тарихи романист, “Ұлы Отан соғысына қатысушы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналып ұйымдастырылған іс-шара кітапсүйер қауымның басын қосты.
![Атырауда келелі кездесу өтті 2 i 1](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/i-1-1024x683.jpg)
“Алты Алаштың ардағы” атты мәдени-рухани кеште кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова жиынның «Кітап – аманат» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Ілияс Есенберлиннің кеңес кезінде Қазақ хандығы жайлы жазған тарихи романдары әлі сұранысқа ие екендігін баса айтты.
![Атырауда келелі кездесу өтті 3 ii 1](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/ii-1-683x1024.jpg)
Кездесуге келген ақын, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп жазушының ұлт рухын тірілтіп, халықтың рухани саласын оятқан шығармашылығына тоқталды. Қазақ хандығының тарихы мардымсыз жазылатын 1960-70 жылдары Ілияс Есенберлин есімді көпке белгісіздеу тау-кен байыту саласының инженері һәм әдебиет саласының нұсқаушысы «Көшпенділер» атты трилогия жазып шыққанын ерекше айтты.
![Атырауда келелі кездесу өтті 4 iiiiiiiiiiiiiiiiiiiiiiii](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/iiiiiiiiiiiiiiiiiiiiiiii-1024x683.jpg)
Кейіпкерлерінің көркем, нақты суреттелуі оқырманға әсер еткенін де жеткізді.
Кездесуге тарихшы Амангелді Шамғонов, жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетовтер де қатысып, “Көшпенділер” трилогиясының оқырман арасында “қазақ тарихын танытушы кітап” ретінде жатталғанын атап айтты.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ