Атырау – алтын мекенім
«Ақиқат алдында адал емес суреткердің өнер алдында адал болуы мүмкін емес» дейді заманымыздың аса көрнекті суреткері, ойшылы Әбіш Кекілбайұлы өзінің бір толғауында. Асылы, осы – рас сөз. Өйткені өнер дегеніміздің өзі болмыстың шындығының образдарымен бейнеленген көркем бейнесі емес пе?! Ендеше, виртуалды әлем саналатын өнер шын болуы үшін әуелі оған негіз болған болмыстың өзінің шынайы болмағы ләзім ғой. Осының бәрін тәптіштеп отыруымыздың себебі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың «Интернат, монша һәм бала бит басқа өрлеген күн» деп аталатын қазір біз сөзімізге тиек еткелі отырған баянын (повествовать – баяндау, баян қылу, ал повесть – баян) оқып шыққаннан кейін, неге екенін қайдам, ең алдымен, ойымызға Әбекеңнің осы бір философиялық пайымы орала кетті.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, олай болатын жөні де бар болып шықты. Мақсаттың бұл көркем туындысы өмірде нақты жүзеге асқан, оған автордың өзі бала күнінде куә болған бір оқиғаның ізімен жазылған екен: Аталған жай 1969 жылы кәдімгі бәрімізге мағлұм Атырау атырабын қақ жарып ағатын Ақ Жайықты жағалай қоныс тепкен көптеген елдімекенінің бірі – №11 Есбол ауылында өтіпті. Әрине, бұл сол кездегі баршаға аян Совет Одағы деп аталатын жер шарының алтыдан бір бөлігін алып, шаршысына толып, шаруасы шалқып жатқан социалистік мемлекеттің бақытты шақтарының бірі еді ғой. Сондықтан да осы ұланғайыр біртұтас саяси-экономикалық социумның мыңдаған шағын шаруашылық субъектісінің бірі ретінде саналатын Атырау аймағындағы №11 ауылдың жалпы алғанда жағдайы жаман болмайтын. «Есболдықтар» жыл сайын сол кездегі Советстандағы бірден-бір саяси биліктің иесі саналатын данышпан Коммунистік партия жоғарыдан межелеп берген тапсырмаларды уақытылы абыроймен орындап, мал шаруашылығымен айналысатын советтік мекеме болғандықтан өздері өндірген мыңдаған тонна ет пен сүтті, жүнді Отан қоймасына уақытылы жөнелтіп жататын. Сондықтан да «сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, ол уақытта, негізінен, «есболдықтардың» иығы бүтін, қарны тоқ, көйлегі көк болатын.
Алайда өмірде ақ пен бірге қараның, жақсылық пен бірге жамандықтың қосарласып жүретіні секілді «есболдықтардың» осы мамыражай тірлігінің табан астынан шырқын бұзған әжептәуір саяси әлеуметтік астары бар инцидент бұрқ ете қалады осы ауылда ойламаған жерден. Дәл сол күні осы елді мекендегі Фурманов атындағы орта мектебінің 6-класының жаңадан сайланған су жаңа, қып-қызыл белсенді старостасы Қылышбай Сүндетұлы Құлжановқа осы сыныптың тазалықшысы Ұлмаш Есімқызы кластағы гигиеналық жағдайдың мәз еместігін баяндай келе сөзінің соңында осының дәлелі ретінде кластағы интернатта жатып оқитын малшылардың балаларының басында ағы мен қарасы аралас биттің жеті атасының өрмелеп жүргенін, сондықтан олардың шашының сіркелеп кеткенін ұялғаннан (қанша айтқанмен қыз бала емес пе) жаңа басшының құлағына бетінен оты шығып отырып, сыбырлап қана жеткізеді. Үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді класс тазалықшысының ып-ыстық оттай демі алғашында жас басшының жүрегін бальзамдай балқытып жібергенімен, бірақ мына тосын жайсыз жаңалық кейінірек ойлана келе оның төбе шашын тік тұрғызады.
Міне, «есболдықтарды» аяқ астынан әбігерге салған бар пәле осы жерден бастау алады. Бұл жай тумысынан әділетсіздік пен надандыққа, керенаулыққа, экспрестей заулаған замана көшінен артта қалушылыққа мүлде төзбейтін, Советтер Одағы деп аталатын өзінің ұлы Отанын жержүзін жайлап жатқан бүкіл адамзаттың авангарды санайтын қып-қызыл пионер белсендісі Қылышбай Құлжановтың шақшадай басын шарадай қылып, оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. «Апыр-ау, – деп айран-асыр қалады ол өзімен-өзі оңаша қалған сәттерде басы қатып. – Совет өкіметі бүкіл жер-жаһанға адамдарды бақытты етуді қалай жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп тастаған мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда бит және оның паразит өнімі болып табылатын «сірке» деп аталатын ұятсыз «жүгірмектер» мұның кластастарының алтын басына қалайша өрмелеп шығып кеткен?! Мынау, шынында сұмдық қой! Бұл советтік социалистік құрылыстың бетіне түскен қара таңба ғой! Оның жолын әрі қылғай, дегенмен мына масқараны естісе, анау Батыстағы кісі еңбегін қанап, шошқадай болып семіріп алған арамтамақ каписталистік елдер Совет Одағына етегін ашып тырқ-тырқ күлмей ме? «Мақтаған социализмдеріңнің сиқы белгілі болды!..» – деп сандарын шапаттап, жаһанға жар салмай ма!».
Осындай аса терең пассионарлық ойларға берілген Қылышбай Құлжанов бұдан кейін енді қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып бұл масқараның себебін іздеп біраз басын қатырады. Сүйтсе, ауылдағы жалғыз монша бір жылдан бері бұзылып жұмыс істемей тұрған болып шығады, ал малшы балалары жатып оқитын интернатта, ең болмаса, олар жылы сумен жуынатын тазалық құралдарымен жабдықталған арнайы бөлме де жоқ көрінеді. Моншаның жұмыс істемейтіні ондағы су айдайтын ескі насос бұзылған, ал ондай сусорғы ауданның қоймаларында атымен жоқ болып шыққан. Сонымен қатар осы шаруамен айналысуға тиісті мекеме райкомхоздың ештеңемен ісі болмаған, ол бұл мәселенің соңынан майшам алып түсудің орнына оны жылы жауып қоя салған. Қысқасы, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері болған.
6-кластың су жаңа пассионар старостасы Қылышбай Құлжанов, әрине, мұндай бассыздықпен мүлде келісе алмайтын еді. Сондықтан да ол жоғарыда айтылған жайлардың бәрін түк қалдырмай жіпке тізіп, аудандық «Малды өңір» (советтік аудандық газеттің атына мән бере қарасаңыз. – С.А.) газетіне мақала жолдайды. Сыни мақала көп ұзамай осы жергілікті баспасөздің алғашқы бетінде: «Ауылда монша жоқ!..» – деген үрейлі атпен жарқ ете қалады.
Міне, Есбол ауылындағы дүрлігу тап осы арадан бастау алады. «Апыр-ау, осындай социалистік құрылыс өзінің бұрын адамзат тарихында көз көріп, құлақ естімеген су жаңа типті өркениетін дүниежүзіне әйгілеп жатқан заманда Совет елінде, оның бақытты пұшпақтарының бірі – Есбол ауылында монша мүлде жұмыс істемейді деген не сұмдық?! Коммунизмді межелеп жарқын болашаққа қарай қарыштап адымдап бара жатқан байтақ елдің байлығын еселеу үшін жан аямай білек сыбанып, маңдай терін моншақтай төгіп еңбек етіп жатқан «есболдық» малшы азаматтардың интернатта білім нәрімен сусындап жатқан шикіөкпелерінің бастарында сонау Батыс жақтағы іріп-шіріп тозып бара жатқан феодалдық, капиталистік елдердің тұрмыстарында ғана кездесетін бит, сірке ныспылы паразиттер қайдан қаптап жүр, әлде айбынды Совет елін әшкерелеу үшін елімізге жасырын кіріп кеткен шпиондар ма сол паразиттерді елімізге таратып жүрген?! Міне, ауыл, аудан активтерінің мазасын май ішкендей қылған сауалдардың ұзын-ырғасы шамамен осындай болатын сол күні. Әсіресе бұл мәртебелі жолдастардың естерін алған, ең алдымен, «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиостанциялары еді. Өйткені олардың жүрмейтін жері жоқ, әсіресе осындай шетіндеу хабар-ошарларды қалт жібермейтін «көгермей көктей солғыр» саққұлақ тілшілерінен бәрін күтуге болады деп санайтын олар.
Бұдан әрі біз сол күні болған оқиғаларды жоғарыдағыдай мұрындарынан жіпке тізгендей шып-шырғасын шығармай баяндап жатпаймыз. Тек газетке аталған материал шыққан күннің ертесіне арнайы келген аудан өкілдері мен ауыл басшыларының қатысуымен №11 Есбол ауылында болып өткен атышулы жиналыста сол елді мекеннің «әктіптерінің» бір-бірімен қырықпышақ болып қырқысып, кеңірдегі оқтаудай болғанша айтысып, осы мәселені соңына майшам алып түсіп талқылағандарын ғана еске салып өтпекшіміз.
Жазушы М.Тәж-Мұраттың осы аталған көркем туындысын оқып отырған кезде менің есіме еріксіз атақты совет кинорежиссері Эльдар Рязановтың кезінде сол замандағы одақтық кинематографияда айтулы көркемдік құбылыс ретінде бағаланған «Гараж» кинофильмі түсе кетті. Онда мәскеулік бір ғылыми-зерттеу институтының әжептәуір ынтымақпен бірлесіп жұмыс атқарып жатқан ұжым мүшелерінің күндердің-күнінде мәселе жаңадан салынған кооперативтік гараждағы орындарды бөлуге келгенде кенеттен бір-бірімен ит пен мысықтай болып жауласып шыға келгендері кинокамераның құдіретімен асқан шеберлікпен бейнеленген болатын. Өйткені ұжымдық гараждағы орындардың саны санаулы болса, ал сол орындарды иемденуге талап қылушылардың қарасы одан әлдеқайда артық болып шыққан-ды. Осындай жай ғана тұрмыстық конфликтілерді үлкен әлеуметтік, философиялық, көркемдік коллизияларға ұластырып жіберудің майталман шебері режиссер Э.Рязанов осы бір қарапайым киносцена арқылы өз кейіпкерлерінің психологиялық портретін керемет айқара ашып тастаған болатын аталған картинада.
Әрине, сөз жоқ, Мақсаттың әдеби көркем баяны мен Эльдар Рязановтың кинохикаясының суреттеп отырған өмірлік объектілері мен ондағы бейнеленетін персонаждардың бір-біріне мүлде үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары хақ. Алайда бұл жай осы бір қос суреткерді рухани туыстастырып тұрған бір нәрсенің барын бәрібір жоққа шығара алмайды. Ол нәрсенің аты – таланттардың типтік ұқсастығы-тын, ал ол болса, бұл жерде аталған қазақ жазушысы мен мәскеулік кинорежиссердің сырттай қарағанда үйреншікті көрінетін тұрмыстық кикілжіңдерден үйдей әлеуметтік, көркемдік проблемалар тауып ала қоятын суреткерлік сұңғылалығында жатқан болатын. Кооперативтік гараждағы орындарды бөлісу кезінде мәскеулік оқымыстылар бар ұят-аятты жиып қойып, бетіндегі күнделікті үйреншікті маскасын аяусыз сыпырып тастап, өздерінің осы кезге дейін сырткөзден жасырып келген шынайы пенделік болмыстарын бар «сән-салтанатымен» қалайша жарқыратып тастағанын байқамай қалса, қиянда тып-тыныш жатқан момақан малшы ауылында аудандық газетте шыққан фельетонның кесірінен ойда-жоқта пайда болған әлеуметтік инциденттің күнәһарын бір-бірінен іздеген «есболдықтар» да олардан қалыса қоймайды. Сөйтіп, олар да өздерінің, шын мәнінде, кім екенін мына аспан асты, жер үстіндегі айдай әлемге әдемілеп әшкерелеп береді. Сондықтан да біз осындай әдеби көркем фактілерді талдай келе «жарықтық мың болғыр Максим Горький: «Көркем әдебиет дегеніміз – адамтану өнері», – деп бекер айтпаған екен-ау, асылы» деген қорытындыға еріксіз келгендей боламыз.
Тағы бір айта кететін жайт, мен көптен білетін Мақсат әуелі қарымды журналист, публицист, эссеист, содан соң интеллектуал зерттеуші, ғалым ретінде танылды. Сөйтіп жүргенімізде соңғы онжылдықтың мұғдарында біз ойламаған жерден жазушы, прозашы М.Тәж-Мұратқа жолықтық. Ол оқырман қауымға сол тұста баспасөзде жарық көрген «Кібісе жыл» әңгімесі мен «Аппақ сүю» деп аталатын баяны арқылы өзінің көркемсөз өнерінің осы жанрынан да алар сүбелі сыбағасы барын аңғартты. Ал ол аз болса, мына жоғарыда біраз сөз еткен «Интернат, монша һәм басқа өрмелеген бала бит» баянында біз кәдімгі бәріміз әлімсақтан бауыр басып қалған реалистік прозаны постмодернизм ағымымен құдандалы ғып туыстастырып жіберген, сондықтан тағы да белгілі бір дәрежеде қайта түрленген Тәж-Мұратпен дидарласып отырмыз.
Иә, Шәкәрім қажы айтпақшы, Мәкеңнің «бұл әні бұрынғы әндерінен өзгешерек» болып шығыпты. Олай дейтініміз, аталған көркем туынды біздің дәстүрлі классикалық прозамыздың қалыбынан кей тұстарында шығыңқырап кетеді. Мәселеңки, дәстүрлі реалистік прозаның туындыларын оқып отырған кезде біз – оқырман қауым осы әдеби шедеврлерді табиғатынан сезімтал, нәзік болып жаратылған жан дүниенің сан қилы толқынысы мен тебіренісін басынан кешіре отырып жарық дүниеге алып келген оның аяулы авторларының бұл жалғанда болған немесе болмағаны туралы мүлде бас қатырмайды емеспіз бе, әдетте. Сол сәттерде біздің миымыз бен жүрегімізді тек әлгі суреткерлердің ақ қағаздың бетіне ерекше бір құдіреттің күшімен жаратып берген әдеби персонаждары, олардың іс-әрекеттері мен сүйіспеншілігі немесе жек көрушілігі, басқа да бастан кешірген алағай да бұлағай сезімдері, толғаныстары мен жаулап алатын еді ғой. Ал постмодернистер болса, классиктердің мұндай көркемдік принциптерімен барлық жерде бірдей келісе бермейді. Сондықтан да олар кей-кейде автор екеніне қарамастан көркем мәтінге ойда-жоқта килігіп, оған өзінің көзқарасын, алай-дүлей сезімін, толғанысын араластырып отыруды артық санамайды. Сонысы арқылы олар көркем мәтінге жаңа бір тың мазмұн үстеп, оның эмоциялық, экспрессивтік бояуын түрлендіре түсуге тырысады.
Тағы бір қызығы, постмодерндік прозаның авторлары, сондай-ақ қаласа, шығармасының сюжетін кенет жер ортадан үзіп тастап, мұның алдында өтіп кеткен тарихи оқиғаларға қысқаша экскурс жасап кетеді және сол экскурстар көбінесе прозаның қалыбынан бөлегірек, тарихи очерк сипатында болып келеді. Дегенмен әйтеуір, бір жақсысы, бұл оқырманның жүйкесіне тимейді, көбінесе керісінше әдеби туындыға арқау болатын болмыстың шындығын, ақиқатын жаңа бір қырынан толықтыра түсуге қызмет етеді. Мұның бәрін тәптіштеп отырған себебіміз, міне, осы тектес постмодерндік көркемдік әдістер, элементтер біз бөгенайы бөлекше бір баян деп әспеттеп отырған Мақсаттың «Интернат, монша һәм басқа өрлеген бала бит» атты су жаңа хикаясында әр жерден бір шаң беріп отыратын болып шықты.
Осы арада біз мына бір жайды оның астын сызып айта кетуге тиістіміз деп санаймын. Мақсат әлгіндей постмодерндік трюктерді біздің өмірлік, қаламгерлік тәжірибелері кемшін кейбір жас жазушыларымыз секілді оңды-солды пайдаланып, оларды фетишке, «самоцельге» айналдырып жібермейді екен. Ол негізінде жоғарыда аталған кейбір жаңашыл көркемдік элементтерді әлемдік әдебиетте қай заманда да өзінің өміршеңдігін дәлелдеген классикалық реализмді тосын бір бояулармен, мазмұндармен көркейту үшін ғана қолданатын болып шықты. Осы жағынан келгенде, жазушы М.Тәж-Мұраттың әлгіндей әдеби симбиозы өзін-өзі ақтап тұр. Мұны біз аталған автордың өзіміз талдап отырған жаңа көркем баянынан аңғара алдық деп жауапкершілікпен айта аламыз. Осы жағынан келгенде, шүкір, біздің, оқырманның бақытына орай әр нәрсенің шамасы мен парқын жақсы айыра алатын Мақсат «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» дейтіндердің сойынан болмай шықты, әйтеуір.
М.Тәж-Мұраттың осы баянындағы кейіпкерлері өзінің ешкімге ұқсай бермейтін төлтумалығымен есте қалады. Аталған шығармадағы бас кейіпкердің механизатор әкесі Сүндет те, оның зайыбы Күйкін де, әр нәрсенің түпкі байыбына бара білетін ақылды совхоз директоры Нұрмақан Ауданов та, кемтар, бір аяғын жерге қадап басатын болғандықтан құрдастары қалжыңдап «ТапОсыЖер» деп атап кеткен әділетшіл, ақкөкірек слесарь Қабдош та, әрқашан бірінші болып сөз бастағанды тәуір көретін жергілікті көсем парторг Қайдар Аманов та, жанынан транзисторын тастамайтын өзі қып-қызыл коммунист бола тұра «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиостанцияларын жұрттан жасырынып тыңдауды сөкет көрмейтін жылқы фермасының бастығы да, бәрі-бәрі – өздерінше тек атыраулық, «есболдық» қайталанбас бір типтер. Баяндағы осындай әрқилы қалыптан шыққан алуан мінезді персонаждармен танысып отырып, кейде езуіңізге еріксіз күлкі үйіріліп: «Жаратушының пендесін осыншама әрқилы етіп жаратқаны қандай жақсы болған, әйтпесе, егер мына жарық дүние кілең бірыңғайлықтан тұрса, тіршілік дегеніңіз мүлде көңілсіз болып кеткендей екен ғой», – деп ойлайсыз кейде.
Ал енді аталған көркем шығарманың бас кейіпкері қып-қызыл пионер белсендісі, оның үстіне Фурманов атындағы орта мектептің алтыншы класының старостасы Қылышбай Құлжанов жолдастың өзіне тоқтар болсақ, біз осы бір жасөспірімге дәл балама бола аларлықтай аналогты әрісі – әлем, берісі – қазақ әдебиеті шығармаларынан кездестіре алмадық. Өйткені ол бәріміздің бала күнімізден жадымызда жатталып қалған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасындағы» ақкөңіл Қожаға да, тұзы жеңілдеу, жүрген жерін әрдайым улыған да шулыған қылып жүретін Сұлтанға да, С.Мұратбековтың «Жусан иісіндегі» аяулы Аянға да, Марк Твеннің Гекльберри Фині мен Том Сойеріне де, тіпті советтік патриот пионер Павлик Морозов пен батыр бала Болатбекке де ұқсай бермейді. Бүкіл болмысымен атыраулық, «есболдық» болып қалыптасқан өзгеше бір тип. Тумысынан пассионар, жасампаз, жаңалық атаулыға жаны құмар болып жаратылған тосындау бір жан. Бұл жағынан, оны қазіргі тәуелсіз, креативтік, инновациялық Қазақ республикасының жасөспірімдеріне кумир болуға әбден-ақ лайық персонаж деуге болады.
Сонымен, ұзын сөзімізді қорытындылай келе былай дегіміз келеді: Жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы шығармасында да өзінің әлімсақтан бәрімізге белгілі ізденгіш, білімпаз қалпынан, әдеби туындыларының болмысын өмірдің шындығымен барынша қандыра суарып, ал оның көркемдік идеясын ақиқаттың шыңырауынан шырқырата суырып алып суреттейтін ежелгі салтынан жаңылмапты. Сондықтан да маған Мақсаттың осы туындысы оның кіндік қаны тамған өлке – Атырау облысындағы өз ауылын көркемсөзбен кестелеген әдеби ескерткіші секілді көрінді және осы бір көркемсөз ескерткішіне бұл күндері туған жерден жырақта жүріп кемелденіп, үлкен жүректі айтулы азаматқа айналған талантты суреткердің туған еліне деген перзенттік махаббаты да, алыста қол бұлғап қалып қойған балалық бал дәуреніне: Атырау – алтын мекеніне деген өзімен мәңгі бірге жасайтын сарғайған сағынышы да, алдан күтер тек өзіне ғана аян қымбат асыл армандары да сыйып кетіпті. Меніңше, туындының авторын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырып, оны жазбасына қоймаған сиқырлы күш те осылар болса керек.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы, драматург
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алматы
(Повестті «Әдебиет» порталынан оқуға болады)