Жарнама
Әдебиет

Атамның аманатындай қастерлі

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын рухани мұра ғой. Менің алғаш кітап оқуға құштарлығымды марқұм атам оятқан еді. Ол өмір бойы қолына шопан таяғын ұстап, нағыз еңбек майданында жүрсе де қалам мен қағазын жанына серік ете білген жан-тұғын. Қолы қалт ете қалған жағдайда әртүрлі әдеби кітаптарды, газет-журналдарды жастана оқитын. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінмін, атамның көзәйнегін тағып алып, боз жусанның иісі бұрқыраған кітаптың әр бетін құмарлана ашып, әріпті әріпке қосып ежіктеп оқып отыратынмын.

Осылайша менің зейінім ашылып, жан-жағыма деген көзқарасым, табиғаттың тылсым сырына қызығушылығым қалыптаса бастады. Атам әр кітапты белгілі бір талаппен ұсынатын. «Қызым, мына кітапты үш күннің ішінде оқып тауысуың керек. Үлгермесең де, кері алып қоямын» дейтін. Жарықтық «Оқыған озады» деп отыратын. Сол сенім үдерісінен шығуды ойлап, сабақтан тыс уақытта сол кітапты бар ынта-жігеріммен парақтайтынмын. Қалай да белгіленген уақытта аяқтау үшін түн мезгілінде жарық өшсе де, майшамның түбін жағалайтынмын. Дәл солай мен кітапты басын бастап, аяқсыз қалдырмауды, әр бетінен ыждағаттылықпен келелі ой түюді үйрендім. Оқып болып, атама кері тапсырған соң, ол менен кітаптан нені көкейге тоқығанымды сұрайтын. Бәрін бірге талдайтынбыз, менің санама ауырлау сөздерді өзі тәлпіштеп түсіндіретін. Батырлар жыры, ғашықтар жыры, ертегілер, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштарды мен алғаш осылай жаттаған едім.
​«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. Ал, әлемдік әдебиет шедеврі Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» дегені бекер болмаса керек. Көпке топырақ шашқаннан аулақпын, бірақ қазір көк сандықтан көзін алмайтындар көбейді. Заманның ағымына қарай қажеттілік те шығар. Алайда кітапты қолыңа алған сәтте күйбең тірліктің тұсауынан бір мезгіл босап, көңіліңнің кірін шайып, қиял жетегіне ерік беріп, сана биігінде сәулелі шақтармен қауышасың. Өзім солай, ақ жүзінен нұр себелеген, аузынан «айналайыны» үзілмеген атама еркелеп, кітаптың әр сөзін ентіге оқып отырған бақытты балғын шағыма қайта оралғандай әсерге бөленемін. Кітап – ол маған атамның аманатындай қастерлі дүние. Сол қастерлі дүниемнің бетіне ұзақ уақыт үңілмей қалу – мен үшін қылмыспен пара пар іс. Алтын қор аталатын кітапханалардың қадірі ешқашан қашпайтынын білемін. Ғасырлардың қабат-қабат қаттамасындай қастерлі кітапты болашаққа жәдігер етіп қалдыру бүгінгінің басты парызы болып қала бермек.

Еркеназ ҚАЛИЖАН,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button