
Ақынын ардақтаған ел бақытты
Қадірлі қаламдасымыз, облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Егіз ғасырмен өрілген ғұмыр» атты республикалық әдеби байқауының лауреаты, ақын Тарас Наурызәлі биыл асқаралы алпыс жасқа толды. Әріптестің мерейлі тойына орай оның балалық-балдәурен шағы өткен, ат жалын тартып, азамат танылған, алғаш еңбекке араласқан жері – Сарайшықта тағылымды кеш өтті.

«Туған өлкем – өзіңе өлең-жырым» деп аталған іс-шараны Сарайшық ауылдық мәдениет үйі мен кітапханасы және «Сарайшық» республикалық мемлекеттік музей-қорығы бірлесіп ұйымдастырды. Кешке қатысушылар алдымен «Алпыстың асқарында» аталған мерейгердің өлеңмен өрілген бейне-өмірбаянын тамашалады. Журналистік жолын бастаған Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы», облыстық «Атырау» газеттері редакцияларында, басқа да мерзімді басылымдарда қызметтес болған әріптестері, тәлімін алған шәкірттері, өзге де кеш қонақтары жылы лебіздерін білдіріп, ізгі ниеттен туындаған игі тілектерін жолдады. Өнерпаздар ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, жас оқырмандар жырларын жатқа оқыды.
Ауылдан түлеп, есімі жырсүйер қауымға, қалаберді атыраулықтарға кеңінен танылған Тарас Манапұлының қаламынан туындаған түрлі тақырыпты арқау еткен жалынды да жүрекке жақын жырлары жинақталып, әр жылдары түрлі атаулармен кітап болып басылып шықты.
Мұның бәрі кеш барысында жан-жақты баяндалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй, рухани нәр сыйлады. «Ақынын ардақтаған ел бақытты» демекші, өз кезегінде ауыл әкімдігі мен ел ағалары да кеш иесіне құрмет-қошеметі мен сый-сияпатын көрсетті.
Дәулетқали АРУЕВ