Жарнама
Әдебиет

Әдебиет – ұлттың тарихы мен тағдыры

Қойнауына құт қонған Атырау өлкесі руханияттың ордасына айналды. Үш күнге созылған тағылымды сапар аясында елдің әр түкпірінен 110-ға жуық белгілі қаламгер – ақын-жазушы, әдебиет сыншылары мен аудармашылар осы аймақта өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумында бас қосты. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған рухани мазмұны терең бұл кездесу әдебиеттің беделін көтеру, «Еңбек адамы» бейнесін көркем шығармалар арқылы дәріптеу және жас ұрпаққа рухани серпін беру мақсатында ұйымдастырылды.

Университеттегі  келелі кездесу

Алғашқы басқосу Атырау өңірінің іргелі білім ордасы — Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтті. Тағылымды шараны ашқан университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов кездесудің мән-маңызына тоқталды.

– Бұл біздің университет тарихындағы ғасырға татитын күн болмақ. Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгерлермен жүздесу – үлкен мәртебе әрі рухани серпіліс. Студент кезімізде біз де мұндай сәулелі сәттерді армандайтынбыз. Жастар үшін келелі кездесулер жаңа ізденістің бастауы іспетті, — деді Саламат Нұрмұханұлы.

Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атқарушы хатшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы сөз алып, әуелі арнайы миссияны жүзеге асырды. Қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай және былтыр аталып өткен Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы аясында жарық көрген «Әбенің әлемі» атты жинақты университет кітапханасына тарту етті. Ұлы суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныстыратын құнды еңбек бір мың данамен басылып шыққан болатын. Атырау өлкесінің мұнайшылар шежіресіне айналған әдеби шығармаларда кеңінен көрініс тапқанын да тілге тиек етті.

– Өндірістің отаны – Атырау. Оның алтын тамырында маңдай терін төккен мұнайшылар тұр. Осы тақырыпқа арналған Ілияс Есенберлиннің «Маңғыстау майданынан» бастап, Зейнолла Қабдоловтың «Біз жанбасақ лапылдап» романына дейінгі аралықта елуге жуық роман мен повесть жазылған. Мен осы көркем туындыларды қамтыған «1960-70 жылдардағы қазақ прозасы» атты монографиям мен «Ақиқаттың алдаспаны» атты зерттеу еңбегімді де университет кітапханасына тарту етуді жөн көрдім, — деді профессор.

Шараның әсерлі сәттерінің бірі – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Иранбек Оразбаевтың сөзі болды. Ол қазақ әдебиетінің мәңгілік темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының шығармашылығына ерекше тоқталып, оның өсиет-өнегесі әрбір жас қаламгер үшін бағыт-бағдар болуға тиіс екенін жеткізді.

– Біздің әдебиетіміздің шоқтығы биік тұлғасы – Абай. Қолына қалам ұстап, өнер жолына түскен әр жас алдымен Абайды оқу керек. Абайды тану – өзіңді тану, ұлтты тану. Оның әрбір сөзі – бүгін де, ертең де өзектілігін жоғалтпайтын рухани құндылық, — деп ақын өзінің «Абайды оқы» атты өлеңін қатысушыларға тебіреніспен оқып берді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы туған топырақ – Атырау өңірінің поэзиядағы орны мен әдебиетке қосқан үлесін ерекше мақтанышпен атап өтті.

– Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдихов, Аманқос Ершуов – бәріміз Жылыой ауданының Ақмешіт ауылында дүниеге келдік. Бір ғана ауылдан 35 ақын шыққаны – сөз өнеріне деген сүйіспеншіліктің, табиғи таланттың айғағы. Бұл өлкеге келген әрбір қаламгердің шабытына шабыт қосылатынына сенемін. Себебі бұл жердің табиғаты ғана емес, адамдарының жан дүниесінің сұлулығы – нағыз поэзияның өзегі, — деді ол.

Ал, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ өзінің шығармашылық жолы мен зерттеу еңбектеріне шолу жасап, ел тарихына елеулі үлес қосқан тұлғалар жайлы ой қозғады.

– Ұшан-теңіз мұрағат қорымен ұзақ жылдар бойы жұмыс істедім. Сол ізденістерімнің нәтижесінде күрделі тағдыр иесі, ел қорғаған батыр әрі қоғам қайраткері Жанғожа Нұрмұхамедұлы туралы тың деректерге қол жеткіздім. Батыр жайлы еңбектің сүбелі, мазмұнды түрде жарық көруіне мұрындық болған тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметке ерекше алғыс айтамын, — деді қаламгер.

Жазушы қазіргі әдебиеттегі еңбек адамы тақырыбына да тоқталып, бұл бағыттағы шығармалар әлі де аз екенін, алайда келешекте бұл тақырыптың өрістеп, жаңаша серпін алатынына сенім білдірді.

Сыншы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Бөпежанова жастардың мүмкіндігі мол, арманға ұмтылуға жолы ашық ұрпақ екенін айта келіп, оларды еңбек пен білімді қадірлеуге шақырды.

– Қазіргі жастар – бақытты ұрпақ. Заман басқа, мүмкіндік көп, білім алуға да, өз қабілетін дамытуға да жол ашық. Бірақ сол мүмкіндікті орнымен пайдалану – әркімнің өзіне байланысты. Нағыз табыс – терең білім мен маңдай тердің жемісі, — деді сыншы.

Ал, ақын, мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы Атырау топырағының перзенті, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығына айрықша ілтипатпен тоқталды.

– Жұмекен Нәжімеденов – қазақ поэзиясының асқар шыңы. Оның өлеңдерінен тек сөз емес, өмірдің өзі сөйлейді. Мен оның шығармашылығына шын ғашықпын. Жұмекен – тереңдік пен тазалықтың ақыны, — деп Алмас Ахметбекұлы ақынның бірнеше өлеңін шабытпен оқып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.

Күй өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Шәміл Әбілтай қазақ халқының рухани болмысын, ел мен жердің сырлы шежіресін күй тілінде кестеледі. Шебер күйші орындаған туындылар жүрекке жол тауып, тыңдаушыны терең ой мен тебіреніс әлеміне жетеледі. Шәміл Әбілтайдың орындауындағы бұл өнер сәті кештің көркем шарықтау нүктесіне айналды.

Кеш аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбай, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрсынхан Зәкенұлы, жазушы, мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мәди Айымбетов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп және көрнекті ақын, «Құрмет» орденінің иегері Шахизада Әбдікәрімовтер де жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар өз сөздерінде ұлттық руханияттың, әдебиеттің, қалам мен ойдың күшіне сенетін ұрпақ тәрбиелеудің мәнін тереңнен қозғады. Шынында, әдебиет – тек сөз өнері емес, ұлттың тағдыры, тарихы, тамыры екенін айтқан қаламгерлер жастарды көркемсөзге жақын болуға, кітапты серік етіп, ойлы оқырман болуға үндеді.

Қонақтардың әсерлі әңгімелері мен өмірлік тәжірибеге негізделген кеңестері жастарға рухани серпін беріп, әдебиет әлемінің тереңіне бойлауға жол ашты. Бұл қаламгерлер мен жас буын арасындағы ұлағатты байланыстың айшықты көрінісі болды.

Өңірдің өндірістік әлеуетімен танысты

Іргелі оқу орнындағы студенттермен кездесуден соң қаламгерлер өңірдің өндірістік әлеуетімен танысты. Олар «KPI» кешеніндегі химия зауытына арнайы барып, зауыттың технологиялық процесі мен өнім түрлеріне шолу жасады. Заманға сай құралдармен жабдықталған кәсіпорын – Қазақстан химия өнеркәсібінің алдыңғы қатарлы ошақтарының бірі. Еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі мен кәсіпорындағы жаңа бастамалар ақын-жазушылардың қызығушылығын туғызып, шығармашылық ойларға негіз болды.

Одан соң «Теңізмұнайқұрылыс» компаниясы ұйымдастырған арнайы көрмеде меймандарға компания өнімдері мен жетістіктері, энергетика саласындағы жаңа технологиялық шешімдер таныстырылды. Қаламгерлер мұнайлы өңірдің өндіріс пен ғылымды ұштастырған қадамын жоғары бағалап, осындай сапарлардың шығармашылық шабыт сыйлайтынын жеткізді.

Сапар барысында делегация мүшелері Атырау топырағынан шыққан ұлы тұлғаларға тағзым етуді де ұмытқан жоқ. Олар орталық алаңдағы Исатай мен Махамбет батырлардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі жыр падишасы Фариза Оңғарсынова мен қазақ руханиятының биік шыңы Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіштеріне тағзым етіп, өнегелі жолына құрмет көрсетті.

Тың тақырыптың арқауы

Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Атырау қаласында «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі пленум өтті. Маңызы зор бұл басқосу жұмысшы бейнесінің көркем әдебиеттегі көрінісі, еңбек адамының тұлғалық сипаты және қазіргі жастарды кәсіптік мамандықтарға баулу секілді өзекті мәселелерді қамтыды.

Пленумды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, жұмысшы тақырыбы қазақ әдебиетінде бұрыннан бар маңызды арқау екенін атап өтті. Ол баяндамасында әдебиеттегі еңбек адамын бейнелеу дәстүрі мен бұл бағытты бүгінгі заман талабына сай жаңаша дамыту қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жазушылардың өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, жұмысшы өмірін көркем туындыға айналдыру арқылы қоғамға рухани серпін бере алатынын да тілге тиек етті.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пленумның ашылуында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, өңірдегі еңбек адамдарының роліне ерекше тоқталды.

– Атырау – мұнайшы еңбегімен танылған өлке. Өндірісте тер төгіп жүрген жандардың еңбегі – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Осы тұрғыда әдебиет пен еңбек арасында тығыз байланыс орнату – елдік маңызы бар іс, — деді Серік Жамбылұлы.

Пленум барысында жарыссөзге шыққан қаламгерлер жұмысшы бейнесін сомдаудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі әдеби үдерістер, еңбек тақырыбына арналған шығармалар мен болашақта жазылуы тиіс туындылар төңірегінде мазмұнды ойлар айтылды. Әсіресе жастарға еңбек адамының өнегесін көркем тілмен жеткізудің маңызы кеңінен сөз болды.

Көшпелі басқосу соңында қатысушылар арасында әдеби аукцион ұйымдастырылды. Елге белгілі меценаттар еңбек адамдарының бейнесін, жұмысшы табының өмірін көркемдік тұрғыда бейнелеуге қабілетті деп таныған қаламгерлерге қаржылай демеу болуға ниет білдірді. Бұл пленум еңбек адамының бейнесін дәріптеу арқылы қоғамның рухани деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.

Ұлт руханияты жанашырларының сапары бүгін Индер ауданындағы Қарой жазығында жалғасады. Ал, түстен кейін Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында әдебиет пен өнерге өлшеусіз зор үлес қосқан бірнеше қаламгерге Махамбет атындағы сыйлық табысталады.

Атырау жерінде өткен Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы көшпелі пленумы жөніндегі толық репортажды газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button