Нұрлан Ноғаев: «Мектеп сауда орны емес» (ВИДЕО)

WhatsApp Image 2018 08 16 at 14.00.16 Білім

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев білім беру саласының қызметкерлерімен кеңес өткізіп, мектептердің дайындығын пысықтады.

WhatsApp Image 2018-08-16 at 14.00.16

Жаңа оқу жылына дайындық туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев баяндады.

«Оқу орындарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 328,2 миллион теңге бөлінді. 2 миллиард теңгеден астам қаржы 18 оқу орнын күрделі жөндеуге жұмсалды. Барлық мектептегі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сонымен бірге бүгінгі күні 30 оқу орнының құрылысы жүргізілуде. Биыл 8 мектеп және 14 балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда», – деді Қайырғали Кенжеғалиев.

Мектептердің оқу жылына толық дайындығын облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев жоққа шығарды.

«Қалада апатты жағдайға жақын күйдегі мектептер бар. Олардың жай-күйі жақсы деуге келмейді, жасайтын жұмыстар жетерлік. Жөндеуді қажет ететін басқа да білім беру нысандары бар», – деп мәлімдеді Темірбек Мұсағалиев.

Өңір басшысы мектеп директорлары мен білім беру басқармасы басшысының жауаптарын тыңдап, оған проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.

«Білім беру басқармасы басшысының баяндамасында бұл мәліметтер неге жоқ? Біз проблеманы тауып, оны шешуіміз қажет, барлығы жақсы деген түр танытып, бір-бірімізден жасырудың керегі жоқ. Егер оқушыларды қабылдауға дайын емес мектептер болса, жедел түрде бұл мәселені шешу қажет. Қала әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына осы мектептерді тексеруді және қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын. Барлық әлеуметтік объектілер ерекше бақылауда болуы қажет. Әкімдер, білім беру саласының қызметкерлері мектептердің жаңа оқу жылына дайындық процесін өздері бақылауға міндетті, – деді Нұрлан Ноғаев.

Кеңесте биылғы жылы оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуде проблема болмайтыны айтылды. Жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңгеден астам қаражат қажетті оқу материалдарын сатып алуға бөлінді.

«Маған ата-аналардан шағымдар түсуде, олар оқу орындарында түрлі гаджеттерді, ойын құралдарын, қажетсіз оқу құралдарын, күмәнді қызметтерді сатуды тоқтатуды сұрайды. Егер мектеп әкімшілігі мұның қажеттілігі бар деп есептесе – мұны ата-аналар жиналысында, қамқорлық кеңесінде ұсыныңыздар. Бұларды балаларға сатудың қажеті жоқ. Мектеп – сауда орны емес, оқу ордасы. Бұл тәжірибені тоқтату қажет. Жауапты тұлғалар мұны бақылауға алады», – деп баса айтты Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысы атап өткендей, білім беру саласы үлкен маңызға ие. Мектепті бітірген түлектің білімі қандай болса, болашақта оның қазақ қоғамына тигізер үлесі де сондай болмақ.

«Мемлекет басшысы қоғамның алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Оларға жету үшін елімізге кәсіби, білімді кадрлар қажет. Ал бұл сіздердің жұмыстарыңыз, сіздің тікелей міндетіңіз. Егер сіз болмасаңыз мұнымен кім айналысады? Педагогтарды барлық уақытта да үлгі етеді, олар болашақ ұрпақты тәрбиелеп отыр. Біз қажетті жағдайларды жасаймыз, қажетті қаржыны бөлеміз. Сіздердің міндеттеріңіз – балаларға барлық жақсыны беру», – деп сөзін қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

Хорлан Смадияр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз