ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ: зейнеткердің ертеңгі күніне сенімді кепіл

2018101008551951878 1537263931 7d486548b6585bc1920d5b31daccf 2 Жаңалықтар

  Atr.kz/ 12 сәуір, 2019 жыл.  Елімізде  соңғы алты жылдан бері Елбасы  ұсынысымен  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ құрылып жұмыс жасап келеді. 

Ұлттық банк басқаратын мұндай қор азаматтардың жинақ ақшасын тиімді, әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтаушы қорларды біріктіру жөніндегі тапсырмасына орай құрылған бұл қор адамдардың есепшоттарында жинақталған қаражаттың сенімді сақталуына кепілдік береді. 

«Ашық есік күнгі» ашық әңгіме

   «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ  Атырау филиалында таңертеңгі сағат 10.00-де «2019 жылы күшіне енген ҚР зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбы бойынша «Ашық есік күні» шарасы өтеді дегенді естіп, осында бас сұққанбыз. Қос қабатты кеңсе ғимаратының екінші қабатындағы кең де жайлы зал ішінде біраз адам жиналған екен. Бұған дейін аудандарда, ірі кәсіпорындар мен мекемелерде, еңбек ұжымдарында әлденеше рет мұндай шаралар ұйымдастырған филиал қызметкерлері  бүгінгі келушілерді де жайдары жүздерімен күлімсірей қарсы алып жатыр.

   «Ашық есік күнінің» мақсаты мен мәні жөнінде білгіміз келіп, клиенттерді қабылдаушы маманның бірін әңгімеге тарттық. «Бүгінгі шараға қатысушылар биылғы жылы күшіне енген, зейнетақы заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы толыққанды және маңызды мәліметтерді, сондай-ақ, өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ақыл-кеңес ала алады» деді ол.

    Келушілердің бірқатарын жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу рәсімі, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату жайы қызықтырған. Жасы елуді еңсерген мына бір азамат маманнан бірыңғай жиынтық төлемді енгізу және бекітілген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін есептеу  жайын тәптіштеп сұрап алып жатыр.

BZHZ ashy esik

   – Мен осында «зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтініш беру қалай жүргізіледі?» деген сұрақпен келіп едім, – деді өзін Қамажай Қабдолқызы деп таныстырған келіншек. Оған орталық маманы зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы арыз зейнетақы төлемдерін есептеу үшін қажетті еңбек өтілі мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органға берілетіндігін,  зейнетақы төлемдері зейнетақы тағайындауға өтініш берілген күннен бастап тағайындалатынын айтып түсіндірді.   

   Бұдан басқа, «Ашық есік күніне» келген тұрғындар арыз бен қажетті құжаттарды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органдарға бір мезгілде берген күн – зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берген күн болып есептелетінінен және орталықтан зейнетақы төлемдерін тағайындауға арналған құжаттарды қарауды халықты әлеуметтік қорғау органы құжаттар табыс етілген күннен бастап 10 күн мерзімнен кешіктірмей жүзеге асырылатынынан хабардар болды.

  Реті келгенде айта кетейік, облыстық филиалда қор салымшылары үшін барлық  жағдай жасалған. Салымшылар өз шотында қанша ақша барын ұдайы қадағалай алады. Мамандардың айтуынша, бүгінде зейнетақы қорының табыстылығы жыл санап ұлғайып келеді.


  «Өткен жыл қорытындысымен Атырау облысында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі  577 млрд. теңгеге жетіп, жыл басынан 16,5%-ға өсті. Биылғы жеке зейнетақы шоты бар салымшылар саны 383,4 мыңға жетті. Филиал арқылы зейнет жасына жеткендер үшін – 3,4, мұрагерлік құқық пайда болушыларға – 1,2, басқа да төлемдерге 4,5 млрд., барлығы 9,6 млрд. теңге шамасында төлемақы төленді.

   Тұрғындардың зейнетақы жүйесіне қатысу белсенділігінің негізгі көрсеткіші – жарналардың тұрақты түсіп тұруы. Жеке зейнетақы шотына аударылған жарна көлемі 74,2%-ды құрап отыр» деп атап өтті жұмыс қорытындысын мәлім еткен филиал директоры Қозыбақ Құлбарақов.

Халыққа қолайлы, әрі тиімді қызмет

    Қор өзінің 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясы аясында салымшыларға көрсететін қызметтерінің сапасын арттыра отырып, оларға зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға ұйымдық тұрғыдан көмек көрсетеді.

Басты міндеттің бірі – зейнетақы қызметтерін алуды қамтамасыз ету үшін еліміздің азаматтарына, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға барлық қажетті жағдайларды жасауға ұмтылу.

    Әрбір салымшы мен алушының қамын ойлайтын  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры»  көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және ақпарат берудің қосымша ыңғайлы арналарын жасауға жұмыстанады. Өткен жылдың екінші жартысында «Мобильдік кеңсе» жобасы іске қосылды. Ондағы мақсат – шалғайда орналасқан елді мекендерде, сондай-ақ Қордың бөлімшелері жоқ аудандарда зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Тұрғындарға көшпелі қызмет көрсететіін мобильдік топ егер салымшы (алушы) қандай да бір себеппен, бірінші кезекте денсаулығына байланысты «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» кеңсесіне келе алмайтын болса, онда Қор қызметкерлері оған өздері келеді.

    Мобильдік кеңсенің көмегімен өткен  жылдан бері 170 рет сапарға шығып, 8400  операция жүзеге асырылған екен. Осы кезеңде өңірдегі 365 кәсіпорын мен мекемелерде кездесулер ұйымдастырылды. 

    «Жылжымалы кеңсенің Махамбет, Индер, Жылыой, Исатай аудандарына барған сапарларынан жергілікті тұрғындар зейнетақы заңнамасындағы өзгерістерден жан-жақты ақпараттық мағлұматтар алып,  өз ризашылықтарын білдірді. Өткен жылы облыстық әкімдіктің келісіміне сәйкес  облыстық филиалдың  халыққа барып қызмет көрсету бөлімінің  мамандары мобильдік кеңсемен қала базарларында болып,  жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімдерін оңайлату қызметтерін көрсетті, – дейді барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлайым Боранбаева бізбен әңгімесінде.


«Мобильдік кеңсе» барлық қажетті техникалармен және жерсеріктік байланыспен жабдықталады.  Бұл ретте жүріп-тұру үшін ГАЗель NEXT базасында жасалған, жерсеріктік жабдықтары бар, заманауи жоғары технологиялық шағын автобус пайдаланылады. Оның жұмыс бөлігі операторларға арналған автоматтандырылған екі жұмыс орнымен және азаматтарға арналған екі орынмен жарақтандырылған. Қосымша ретінде кезек күтушілер үшін үш кісілік орындық қарастырылған. Бұл шағын автобусты барлық қызметтерді онлайн тәртібінде көрсететін өзіндік бір жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы десе де болғандай. 

  

   Аталмыш жоба аясында қазір еліміздің үш өңірі – Алматы, Атырау және Қостанай облысының тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Бұл өңірлер бірінші кезекте климаттық, жағрафиялық және аумақтық жағдайларына байланысты таңдап алынған. Атырауда  осынау тың жоба жергілікті тұрғындардың көпшілігінің мұнай және газ саласындағы компанияларда жұмыс істейтіндігіне байланысты іске қосылды. Бұл компаниялар әдетте елді мекендерден шалғайлау орналасқан.

   «Мобильдік кеңсенің» жолға шығуы арнайы кесте бойынша жүзеге асырылады. Оның жүру бағыттары жергілікті әкімдікпен алдын-ала келісіледі және салымшылар мен алушылар оның келу уақытын күні бұрын белгілейміз» деп түсіндірді бұл қызметтің тиімді тұсын бөлімнің бас маманы Айбек Бағытов.

Шаруаңызды «Мобильдік агент» тындырады

    Қор қызметінің ашықтығы мен көрсететін қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында салымшылар мен алушыларға көшпелі қызмет көрсету үшін өткен жылдан бастап «Мобильдік агент» жобасы іске қосылған.   


Реті келгенде айта кетейік, облыстық филиалда қор салымшылары үшін барлық  жағдай жасалған. Салымшылар өз шотында қанша ақша барын ұдайы қадағалай алады. Мамандардың айтуынша, бүгінде зейнетақы қорының табыстылығы жыл санап ұлғайып келеді.

    Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық-кеңес беру, сондай-ақ аталған Қордың кеңселерінен тыс жерлерде салымшылар мен алушыларға тиімді сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыру. Филиал мамандары мен «Мобильдік агенттердің» белсенділігі нәтижесінде аймақтағы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК «Жүк тасымалы» АҚ Атырау бөлімшесі жұмысшы-қызметкерлері үшін «Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл. Зейнетақы жүйесінің негіздері» тақырыбында шара өткізген.

       Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз