Тәжі біздің жақсы адам

rpaarrrrrrrrrar Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Тәжі үлкен жолдан өткен, газет қызметіне саналы ғұмырының денін арнаған кәнігі журналист. Махамбет ауданының төлтумасы Тәжі Ақымұлы Жаманқала орта мектебін бітіргеннен кейін көп ұзамай 1952 жылдың сәуір айында «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газеті редакциясына қызметке орналасу үшін сын-сынақтан өтеді.

Басылымның жауапты хатшысы Жәрдем Тайыпов үлкен басшының тезінен сүрінбей өткен сыпайы да сындарлы жігітті бір бөлмеге дедектетіп ертіп апарып:

– Сен бала, бері жүр, әне, отыратын орның, жұмыс істе,- дейді де есікті сыртынан жауып кете барады.

Міне, редакциядағы қызметін осылай қарапайым корректорлықтан бастаған Тәжі бара-бара бес-он жолдық хабарлар, шағын-шағын мақалалар, үлкенді-кішілі корреспонденциялар жазуға икемделіп, редакцияның ішкі жұмыстарының қай-қайсысына да етене араласып кетеді.

Әйтсе де, көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, табиғаты қатал Қиыр Шығыстың дәмін татуына тура келеді. Шашағы сыртындағы үш жылдай уақыт азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін де Тәжі басқа жаққа мойын бұрмай бірден өзі еңбек жолын бастаған редакция есігін қайта келіп ашады. Әскерге кеткенге дейінгі жарты жылдан астам кезеңде өзінің журналистикаға бейімділігін танытып үлгерген оны «Социалистік құрылыс» газетінің редакциясындағы көзтаныстар құшақ жая қарсы алады.

Екі жылдан соң анасы Қадишаны шалқар шаттыққа бөлеп, Гурьев қаласының Елшібек бөлігіндегі шағын мекен-жайының босағасынан талдырмаш қыз Бақышты (Бақтылыны) келін етіп аттатты. Сол 1958 жылы Алматы қаласына барып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне сырттай оқуға түсті. Университеттің бірінші курсын аяқтар жылы тұңғышы Жұмажан өмірге келді. Әттең, осынау қуаныштар легін әкесі Ақымға көру жазбады. Ол елуінші жылдардың басында фәниден бақиға аттанып, «баламның ержетіп, өз отауын тіккенін, сәбилі болғанын көрсем» деген аяулы арманын өзімен бірге о дүниеге ала кетті.

Облыстық «Атырау» газеті редакциясында қоянқолтық бірге қызмет істеген жылдардан бері, тіпті одан да бұрын басылымдардағы публицистикалық дүниелері арқылы аты-жөнін өзім біршама жақсы білетін Тәжі Ақымұлы – еңбек еткен ортасында өнегелі із қалдырған тұлға. Еділ мен Жайық, Ойыл мен Жем өзендері аралықтарында, Нарын мен Тайсойған құмдарында, Маңғыстау алқабында іссапарларда жүріп, талай-талай сырларға қаныққан, қилы-қилы тағдырларға кезіккен, қатпарқатпар құпияларды ақтарған, сан түрлі кейіпкерлер бейнелерін сомдаған, алыс-жақын ауылаймақтардың тыныс-тіршілігін хаттаған шежірешінің нақ өзі.

Ол облыстық газет редакциясында қарапайым корректорлықтан бастау алған қызметін газеттегі ең беделді бөлімнің бірі – партия тұрмысы бөлімін басқаруға дейін ұластырды. Редакциядағы алқа мүшелерінің қақ ортасын да отырған абыройлы, беделді, өрісі кең, қаламы жүйрік журналист ретінде баршаға танымал болды. Ұзақ жыл «Атырау» газеті редакциясының бастауыш партия ұйымында хатшы болып, қызметкерлерге тәлімді тәрбие берген, ұжымды дұрыс жолға бағыттай білген саяси жетекші.

Тәжінің жазғанынан мінмүлтік кездесе бермейтін. Оның қаламынан шыққан очерктер, корреспонденциялар, суреттемелер, репортаждар, мақалалар оқырмандарын баурап алатын жұп-жұмыр дүниелер. Облыстық газеттің 1967 жылғы шілденің 22-сі күнгі санында А2 пішінімен шығатын бір бетке жарияланған мақаласында Ембі ауданының Қосшағыл кәсіпшілігіндегі мұнайшылардың күнделікті өмірі мен еңбек өрімін берудің, халыққа танытудың ұтымды жолын таба білген. Тақырыбы қандай әсерлі, әдемі?! «Дала шұғыласы» делініпті.

Шынында да, 1931 жылғы маусымда қу медиендегі жапырайған жалғыз корпустан басқа ештеңе жоқ жерде бірте-бірте мұнай мұнаралары жыпырлайды. Бастапқы «Мұнара қайда?..» деген тақырыпшасында ғайыптан жерге сіңген №6 скважинаның жыры куәгердің әңгімесімен жып-жылы, тартымды баян етіледі. Бірақ, бұл –келесі сюжетке апарар баспалдақ.

«Түйе боздай ма?..», «Жер тамырын идіріп…» атты тақырыпшаларда әлгіде сөз етілген №6 скважинаның қайта тірілу кезеңі қызықты етіліп жазылады. Вахтадағылардың: – Жігіттер, түйе боздай ма? – деп елең еткені жер астынан мұнай бұрқағының атқылардағы түйенің боздағанына ұқсас дыбысы екен. Мұнайшылардың тыныс-тіршілігін осындай кішкене детальдар арқылы әрі қарай өрбітіп кетеді.

«Қоңыр дәптер» (1967 жыл), «Жолдар… жолдар…» (1970 жыл) деген очерктері – Тәжінің өзіндік қолтаңбасын, шебер стильдік өрнегін қапысыз аңғартатын көркем публицистикалар. Мұғалімнің, кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Бәну Хисамеденованың шәкірт тәрбиелеудегі, сайлаушылар аманатын орындаудағы, жұртшылықтың мұңмұқтажына, талап-тілегіне сергектікпен қарау жолындағы тынымсыз ізденісі «Қоңыр дәптерде» күнделік парақтарына жан бітіріп, сөйлету арқылы ұтымды мәніс тапқан.

Ал, «Жолдар… Жолдар…» ше? Онда кәдімгі
қатардағы жүргізушінің бейнесі сомдалған. Кейіпкері ілкіде тілші сұрақтарына бар-жоғы бірдіекілі келте жауап берумен ғана тынады. Журналист онымен бірге сапарға шығады. «Әңгіме тиегі ойда жоқта машина кабинасында ағытылды да кетті» деп қуанады ол. Сосын «Гурьевнефтехимстрой» тресінің автотранспорт конторының жүргізушісі Қаржау Қуанышәлиевтің өмір белесін, қызығы да, қиындығы мен қияметі де жетерлік еңбек жолын көз алдымыздан тізбектізбек өткізеді. Қызығасың.

Әрі қарай беріле оқып, енді не болар екен деп білуге ынтығасың. Әсіресе, бір сапарында машина қорабынан өрт шыққандағы арпалыс, бір қатты нәрсеге соғылған аяғының ауырғанына қарамай жанталасып жүріп бортты ашып, жалаңдаған жалынды ауыздықтап, машинаны да, үстіндегі жүгін де аман алып қалуы шынайы да тартымды суреттеледі.

«Коммунистік еңбек» газетінің 1971 жылғы мамырдың 1-індегі санында жарық көрген «Гурьевнефтехимстрой» тресінің құрылысшысы, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Әліпова туралы өн бойы байыпты диалогтар мен шымыр штрихтарға құрылған, құрылысшы тілімен көркем кестеленген «Үйлер биіктеп барады» атты очерк те журналистің шеберлігін ә й г і л е й д і .

Сондай-ақ, «Шебердің қолы ортақ», «Алмалы алқабында», «Өмір минуттары», «Ильич ұрпағы», «Алып алыпқа бағынды» және басқа да публицистиканың әртүрлі жанрларындағы көлемді материалдары тақырыпты терең пайымдауымен ерекшеленеді. Тәжі – қашан да іссапарға барған жерлерінен өзекті мәселелер көтеріп, оқырмандарының көкейінен берік ала білген публицист.

Ол қоғамдық ұйымдардың өмірінен, алқалы жиындардан, конференциялардан жазған корреспонденциялары мен мақалаларын да, есептерін де түрлендіріп, оқуға жеңіл, ұғынықты пішінде беріп отыруға дағдыланған. Мәселен, 1972 жылғы шілденің 5-інде Өзен қаласындағы «Мангышлакнефтегазстрой» тресінен жазған «Егер сен коммунист болсаң…» атты бір беттік мақала соған айқын айғақ. «Бедел қалай келеді?», «Егер сен коммунист екенсің…», «Белсенділік неден көрінеді?», «Ойланарлық жайлар бар» деген тақырыпшалардың астарында оқысаң үлкен сырлар жатқандығын аңғарасың.

1975 жылғы қаңтардың 3-інде «Партия тұрмысы» айдарымен жарияланған «Саналылық. Ұйымшылдық. Нәтиже» атты мақалада да жанды сурет, адамдардың, әрине, сол кездегі коммунистердің арасындағы сан қилы жұмыстар, сол заманның үрдістеріне сай бағыт-бағдарлар шебер көрініс берген. Сонау бір бүйірдегі Қызылқоғадан жазып, аймақтың бүкіл басшыларын ойлантып, аяғынан тік тұрғызған «Секретарь неге жылу жинайды?» деген сын мақаласының өзі неткен өткір дүние еді?!

Газеттің 1970 жылғы наурыздың 6-сында жарияланған Тәжі Ақымовтың фельетонға татитын сол сын мақаласы араға бірнеше ондаған жыл түссе де жұрт ауызында әлі жүр. «Қызыл ту» совхозы мәлімет жүзінде,- делінген мақалада,- биылғы қысқа біршама әзірлікпен келген еді. Бірақ…».

Бақсақ осы «бірақтың» тасасында үлкен гәп жатқан көрінеді. «Бірақ, қыс күш алғанда-ақ шаруашылықтың кейбір фермаларында «пішен таусылып қалды» деген хабар дүңк ете түсті… №3 трактор бригадасының бригадирі С.Шарафиденов 8708 центнер пішенді дайындалды деп өтірік ақпар берген болып шықты. Сөйтіп, қыс қыспаққа алған кезде №3 ферма малшылары қағаз кеміріп қалды…» деп нақтылайды тілші.

Ең сөкеті – қылмыстық іс сотта қаралатын болғанда оған совхоз партия комитетінің секретары Қуаныш Сәрсенғалиевтің жауапкерді қорғауға өзі араласып, партиялық принциптен тайқуы. Сот процесі басталмас бұрын Сәнді Шарафиденов төлеуге тиісті 4310 сом ақшадан құтылуы қажет. Ол үшін не істеу керек?

Оны журналист өз мақаласында былайша сын тезіне салып, аямай найзадай түйреп өтеді: «…Қ.Сәрсенғалиев жолдас басқа жұмысты жауып қойып, халықтан жылу жинауға кірісті. Кіріскен жоқ-ау, осы процесті тікелей өзі басқарды. Партком секретарының барлық правосын пайдаланып, ферманың басшылары мен мамандарын,
активистерін аяғынан тік тұрғызды…».

Міне, қызық. Әрмен қарай бәрі түсінікті. Партком секретары ақ жарқын, әзілқой азамат. Тәжімен түйдей құрдас көрінеді. Оның аңқылдаған ақжүректі, шынайы көңіліне қарап көре-біле тұрса да кемкетікті, сыбайласқан қылмысты көрмей-ақ, жылы жауып кете барса қайтеді? Жо-о-қ, өз ісіне адал, принципшіл журналистің олай етуге мүлдем дәті бармайтын еді.

Журналистік шеберлікпен жазылған мұндай мәнді, толымды публицистикалық шығармалары, құдайға шүкір, Тәкеңде жетіп артылады. Табиғатында тамаша, жайсаң жанның бірі – Тәкең, Тәжі Ақымұлы. Адамгершілігі, берген уәдесіне, айтқан сөзіне беріктігі кісі қызығарлықтай. Оның күлгені қандай әдемі?! Редакцияның сонау түпкі жағынан алыс түкпірдегі біздің бөлмемізге жетіп, қағазға шұқшиып отырған басқамызды да еріксіз күлдіріп, көңілімізді бір серпілтіп тастайтын.

Бір мерейтойында ақын әріптесіміз Мұқан Көптілеуов домбырамен әрлеп, әсем әуенмен әуелете «Тәжі біздің жақсы адам…» деп жыр шумақтарын арнағаны бар. Ұзақ-ақ. …Дәл осындай жандарды Тәңір әркез жақтаған. Мінезі нар, өңі жас Тәкең біздің жақсы адам…- деген жолдар оның боямасыз болмыс-бітімін, алғаусыз табиғатын ашып көрсетіп тұрғандай.

Еңбегіне қарай көрген сыйқұрметі де аз емес. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, үш рет халық депутаттары Атырау облыстық кеңесі атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, өзге де сый-сияпаттармен марапатталды. Енді міне, «Қазақстанның Құрметті журналисі» мәртебелі атағының төсбелгісін кеудесіне қадады.

Бүгінде Тәжі Ақымұлы құрметті демалыста. Жасы жағынан Атырау журналистерінің ең үлкен ақсақалы. Алты баланың әкесі. Тұңғышы Жұмажанға ілесе Ғалымжан, Бауыржан дүниеге келді. Қыздары Шолпан, Жаннат өсіп, жетілді. Құдай қосқан қосағы Бақыш екеуі кенжесі Серік пен келіні Гүлжанның мәпелеп, бағып-күтуінде. Ғалымжанның ұлы Әнуарбектен шөбере сүйіп отыр.

Қанға сіңген ежелгі әдетінше сұқ саусағымен танауының жиегін бір сүйкеп жіберіп: – Шөберенің қылығы тіпті тәтті-ақ, – деп күліп қояды Тәкең. Ол жақында өзінің әкесі туралы «Ақым» атты кітабын баспадан шығарды. Енді ұзақ жылдар бойғы жазбаларын құрастырып, жинақ еткісі келеді.

Жасы тоқсанға иек артуы қыр астында тұрса да бір бүйірінен журналистика әлемі шықпайды. Ойында алға қарай бітірер қыруар жұмыс белгіленіп, қаттаулы тұрған сыңайлы. Қартаймас көңіл деген осы. Иә, Тәжі біздің жақсы адам!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үзді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз