«Әкемтеатр» Махамбет театрын Алматыға қонаққа шақырды

EAC7738 Жаңалықтар

Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымын «Әкемтеатрда» қонақ болуға шақырды. Бұл туралы ол Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрына «академиялық» мәртебе берілген салтанатты шарада айтты.

_EAC7738

Театр ұжымын мәдениет пен өнер саласындағы жоғары дәрежелі мәртебені алуымен құттықтаған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Мақсымұлы:

– 92 жылдық тарихы бар небір тұлғалардың табанының ізі, алақанының табы қалған «Әкемтеатрға» сіздердің бүкіл ұжымды сәуір айында қонақ болып, еліміздегі ең үлкен шаңырақтың батасын алып кетуге шақырамыз, – деді ол.

Айта кетейік, 80 жылдық тарихы бар Махамбет атындағы қазақ драма театрына «академиялық» мәртебені бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облысына сапары барысында осы өңірдегі мәдениет және спорт саласы қызметкерлерімен кездесуі кезінде салтанатты түрде табыс еткен болатын.

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз