Күйді қорлаған жалаңаш қыздар: құлдыраған құндылықтар

domby ra 1111 Жаңалықтар

Atr.kz/6 қыркүйек, 2019 жылҚазіргі таңда хабардың тарауы тым тез.

Жағымды, жағымсыз болсын жаңалықтың бәрі желіге бір жүктелсе болғаны, желдей еседі.

Атыраудағы түнгі клубтың бірінде «Адай» күйіне жартылай-жалаңаш билеген бұраңбелдердің бейнесі бізге де лезде жеткен-ді. Тіпті, жанжақтан «жауып» кетті. Дүйім жұртты дүрліктірген әрекет біраз шу туғызды.

Бейнежазбаны біз де көрдік. Топ алдында айнала билеген қыздар әрекетіне бетіміз қызарып, ұлы күйшінің рухынан ұялғаннан жерге қарадық. Бейнежазбаға түсіріп, «күйге билеген қалай кетті?» деп желіккен жас жігіттердің атып тұрып, музыканы тоқтатуын талап ете алмағанына қынжылдық. Экранның бергі жағындағы біздің бұл тірлігіміздің ештеңе шешпесі анық. Амал не? Жазба желмен жарыса тарады. Жұрт шулады. Түнгі клуб әкімшісі ел алдында кешірім сұрады. Даурығысқан жұрт «оған да шүкір» десті. Кінәлі анықталды. Диджей жұмыстан қуылды. Шу басылды. Мәселе ұмытыла бастады.

Бірақ… Көңілде дық қалды. Үлкен.

Ұлы күйшінің еркіндіктің ұранына айналған теңдессіз туындысын тойдағы табаққа араластырмасақ екен деп жүргенде, түнгі клубтан бір шықты. Қазақта кие деген қастерлі ұғым бар. Қоңыр үнді домбыра мен қоңыр күй сондай қасиетке ие. Абай болайықшы!

Қарсыласының қайқайсысына да қасқая қарсы тұрған кәсіпқой боксшы Қанат Ислам «Адай» күйімен алаңға атойлап шығуыменақ делебелерді қоздырып, қиқулаған жанкүйерінің демдеақ қанын қыздырып еді. Енді міне?..

Сәукелені қор қылған қаршадай қыз да намысты таптап, көптің көңілін күпті қылып еді. Араққа ұлттық киім киген қаракөздеріміздің суретін жабыстырғанымен қоймай, арнайы бағдарлама арқылы суретті «тірілтіп», Абайдың әндерін мазақ еткен жарнама да жарыққа шықты. Осындайда ұлттық құндылық пен қасиет кейінгі күнде кеміп бара ма дерсің.

Шетелде ұлттық құндылықтарды қорлағандарға тағайындалар жаза тым ауыр. Бас бостандығынан айырып, «темір торға» тоғытады. Еліміздегідей ескерту беретін жаза ол жақта жоқ. Бізге де «айттым, бітті» деген кесімді уәж айтуға себепші болатын арнайы заң керек-ақ! Сірә, киеден қорыққан абзал-ау!

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз