Көрші хақы – қолдау көрсету

Жаңалықтар

Atr.kz/24 қыркүйек, 2019 жыл.  Қазақта көрші хақы деген бар.

Қазақ елінің батыс қақпасындағы Атырау мен Ресейдің Астрахан облысы –ежелден қоңсы отырған өңірлер. Көршілер арасында іскерлік барыскеліс те, экономикалық алыс-беріс те үзілген емес. Көрші елдегі бұл облысты мекен еткен қандастарымыз да бар. Астрахандағы Алтынжар ауылында қазақтың қайталанбас тұлғасы, күй өнерінің атасы –Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесі орналасқан.

Өткен аптада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Астрахан облысының Алтынжар ауылында орналасқан кесене мен Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығындағы ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттармен танысты.
Алтынжар ауылында 2005 жылы атақты күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы орталық бой көтерген еді. Қазір аталған орталық алыс-жақын шет елдердің қонақтары
көп келетін мәдениет ошағына айналып отыр. Бұл орталықта музей мен туристер үшін қонақ үй бар. Былтыр мәдени орталық күрделі жөндеуден өтті. Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығында 40-қа жуық адам жұмыс жасайды. Олардың 25-і – домбырашылар. Сондай-ақ, олардың қатарында «Белый город» орыс музыкалық ансамблі мен «Самал» қазақ музыкалық ансамблінің әншілері де бар. – Бізге жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді.

Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз. Атырау облысы әкімдігінің және облыстың жанашыр азаматтарының қолдауымен былтыр мәдени орталыққа күрделі жөндеу жүргіздік. Қазір орталықтың қызметінде тың серпін бар. Біздің орталыққа қолдау көрсеткені үшін Атырау облысының жұртшылығына ризашылығымызды білдіреміз, -дейді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталықтың директоры Амангелді Әбілғазиев.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *