«Ерікті болу – хоббиім»

aorrpopopopopop Жаңалықтар

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Өзгелерге жақсылық жасауға жаралған еріктінің бірі – Арман Қасымов. Әрбір ісін ешбір ақымен өлшемейтін оның жедел жәрдемде адам саулығы үшін көмек көрсетудегі еңбегі орасан.

– Арман 2008 жылдан бері облыстық жедел жәрдем стансасында ерікті болып тегін қызмет етеді. Шетелдік жоғары оқу орнын мұнайшы мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде мұнай компаниясында қаржыгер болып жұмыс істейтін ол 11 жыл бойы бос уақытын фельдшерлерге көмек көрсетуге арнап келеді. Ол ең алғашында қатардағы ерікті-санитар болды. Арман секілді еріктілерге ешбір жалақы да, әлеуметтік көмек те төленбейді. Соған қарамастан бүгінде оның артынан еріп, ерікті болам деушілер аз емес.

Алайда, олардың бәрін бірдей қабылдай алмаймыз. Өйткені, мұндай жұмыстар аса жауапкершілікті талап етеді. Алдымен еріктілермен міндетті түрде сұхбат жүргіземіз. Оларда медициналық білімнің болуы шарт емес. Ең бастысы, өзінің денсаулығы мықты болуы тиіс. Ынта-жігеріне де баса мән беріп, жұмысты әркімнің қабілеті мен жас ерекшелігіне қарай ұсынамыз. Санитарлық көлікке бәрін отырғыза бермейміз. Қазір стансада отыздан аса ерікті бар, – дейді облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.

Ал, Арман бізбен әңгімесінде жедел жәрдемдегі еріктілікке келуіне не себеп болғанын айтып берді.

«Жақын адамым үшін шақырған жедел жәрдем бригадасы өте ұзақ уақыттан соң келді. Егер сала мамандары уақытында келгенде, көңіл толмайтын жағдай тіркелмеуі мүмкін еді. Бұдан кейін неге бұлай болғанын анықтау үшін келесі күні стансаға бардым. Мән-жайды білген соң, өз еркіммен санитарлық жұмысқа сұранып, тегін жұмыс істей бастадым. Мен алғашында жедел жәрдем көліктерін жудым. Дәрі-дәрмек қобдишаларын толтырып, зембілдерді көтерістім. Тіпті, кезекті бір жедел жәрдем шақыртуында жүкті әйелді босандырып алған кезіміз де болды» дейді ол.

Арман осынша уақыт өзі ерікті бола тұра бірқатар тұрғынды да өзінің қасына жинай білді. Елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған алғашқы көмек көрсетуші еріктілер тобының құрылуына да белсене атсалысты. Кейіпкеріміз қазір өзін осы жұмыссыз елестете алмайды. Бұл қызмет оның хоббиіне айналған.

«Адам саулығы – қашан да басты байлық. Ал, оның өміріне қауіп төнгенде ең бірінші алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызы зор. Осы орайда жедел жәрдемдегі еріктілік қызметті одан әрі арттыру қажет. Әрбір адам алғашқы көмекті, соның ішінде базалық реанимацияны жасап үйренсе деймін. Мұны білген адамның өзгенің өміріне қауіп төнген сәтте дер кезінде оны құтқарып қалуда септігі зор. Сондай-ақ, бүгінде стансада жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігі – басты проблема. Биыл бірінші жартыжылдықта осы мәселе шешімін табады. Республикалық бюджеттен алынған 20 көлік әкелінеді» дейді Арман Қасымов.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

*Арман былтыр «Ұлттық волонтерлер» желісі ұйымдастырған «Қазақстанның үздік еріктісі – 2019» сыйлығында медицинадағы еріктілігі үшін үздік деп танылды.

8a4b9b3c 4251 440b a411 011b1eea4e9f
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз