Еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев іссапармен Атырауға келді

Білім Жаңалықтар Медицина Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Бүгін еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  бастаған топ Атырау өңіріне іссапары аясында облыстық перинаталдық орталықта болып, дәрігерлер ұжымымен кездесті. Басқосуда  аталған орталықта орын алған сәби өліміне қатысты жайттар кеңінен талқыға салынды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, соңғы уақытта бала өліміне байланысты бірқатар мәселелер көтерілуде.

«Бұған дейін болған жайлардың орын алу себебін анықтау, мәселенің алдын алу мақсатында жыл басынан бері бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Алайда, биыл тамыз айында  мұндай қайғылы деректер саны одан әрі артты. Қыркүйектен бастап Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығынан шақырылған мамандар да аталған перинаталдық орталықта жұмыс жасауда.  

Ал, жуырда орын алған тірі сәбиді өлді деп тоңазытқышқа сақтау фактісіне қатысты айыпталған екі дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мәселе заң аясында жан-жақты зерттеліп, тексеріледі. Бұл іс облыс әкімінің толық бақылауында болады» деген Елжан Амантайұлы аталған орталықтың ұжымына әрі қарай жұмыста келеңсіздік тудырмай, медициналық қызметтерді еш кедергісіз сапалы атқара беру қажеттігіне айрықша  тоқталды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәселеге қатысты ана мен бала өмірін сақтауда облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрау салды. Бұл бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бақылаудың кемшін екенін, ал, аталған қылмыстық істің ақ-қарасы тексеріс нәтижелерінен соң заң аясында ғана белгілі болатынын айрықша айтты.

Бұдан соң кездесу облыстық ауруханада жалғасып, дәрігерлер ұжымымен басқосу ұйымдастырылды. Жиында еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов келесі жылдан бастап іске асатын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы, медициналық ұйымдардың бұл жаңашылдыққа дайындығы жайлы баяндады.

Сондай-ақ, бұл күні аймаққа іссапармен келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру, бүгінгі сұранысқа сай кадр даярлаудағы жұмыстарды күшейту мәселелері кеңінен талқыға салынды.

Білім берудегі жаңашылдықтар мен алға қойылған талап-міндеттер туралы айтылған мұндай жиындар Атырау қаласындағы APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінде, Нұрсая ықшамауданындағы жалпы білім беретін №40 орта мектепте және №30 «Жұмбақ» балабақшаларында  жалғасты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *