БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПА: барлық дертке дауа ма?

355617208 Жаңалықтар

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, негізінен адамның денсаулық жағдайының 12 пайызы мемлекеттің медицина жүйесінің деңгейіне, 18 пайызы тұқымқуалаушылық факторларға, 20 пайыз өмір сүру салтына, 50 пайыз тамақтануға байланысты болады.

– Балам жиі ауыра береді. Дәрі-дәрмектің сан түрін қабылдаймыз.

– Одан да балаға «БАД» берсеңші. Біз осыны ішкелі біраз жақсы нәтижеге жеттік.

Құрбыммен болған осынау әңгімеден соң ел аузында «БАД» деп аталып кеткен биологиялық белсенді қоспалардың пайдасы неде? Бұл адам ағзасына қаншалықты тиімді?» деген сауалдар ойға оралды. Расымен де, бүгінде мұндай қоспалардың тұтынушылары аз емес. Дәріханаларда және маркетингтік жүйе арқылы сатылымға ие болып алған мұндай препараттарды табу да қиын емес. Ал, оның шындығында пайдасы бар ма?

Ойлап қарасаңыз, үйлесімді тамақ рационын бірқатар адам тұтас қамтамасыз ете алмайды. Жұмысбасты, күнделікті күйбең тірлік деп жүргенде тез дайындалатын тағамдарды да тұтынуға әуес болатыны рас.

Ал, күнделікті тұтынатын ас мәзірінде 600дей нутриент болуы қажет. Бұл көрсеткішті көпшілік жеткілікті тұтына алмайды. Сондықтан, «барлық ағзаға қажетті дәруменді бір толтырайын» деген сеніммен адамдар биологиялық белсенді қоспаларды қолдануды әдетке айналдырады.

– Мен балаларым үшін биологиялық белсенді қоспалардың ішінде «Омега-3» деп аталатын балық майын және кальций сатып аламын. Күз, қыс, көктем айларында тұрақты беріп тұрамын. Ал, жазғы маусымда жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін көбірек беремін. Күз, қыс, көктемде адам ағзасына қажетті дәрумендер азаяды. Ал, биологиялық белсенді қоспалар кешенді дәрумендердің қатарын толықтырады. Бұлар адам денсаулығын, иммунитетін көтеріп отыруда маңызды, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлфиса Төрехан.

Зерделеп қарасақ , елімізде мұндай қоспалар кең таралған. Интернет желілеріне кіріп, қалаған компанияның өніміне тапсырыс беріп, алу да оңай. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, елімізде соңғы жылдары мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеуден 913 биологиялық белсенді қоспаның сауда атауы өткен екен.

Ал, әлемде «БАД»-ты тұтынуда Жапония мен АҚШ алдыңғы орында. Оны өндірушілердің көптігі бойынша – Ресей, сауда белгісінің көптігі жөнінен Қазақстан І орын иеленген. Елімізде 18 отандық кәсіпорын 247 биологиялық белсенді қоспа сауда атауын тіркепті. Бұлардың бірі кейбір адамға ұнап жатса, енді бірқатарының талғамынан шықпай жатады. Яғни, адамдар өздері қалаған биологиялық белсенді қоспаларды сатып алып, пайдалана береді.

«Бүгінде экологиялық ахуал, өндірістің қарқынды дамуы әсерінен тағам шикізаттарының құрамы мен сапасы төмен. Табиғи тағамдарды күнделікті тұтына бермейміз . Сөйтіп, ағзамызға қажетті дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмай отырғанымыз анық. Соның салдарынан бүгінде балалар арасында түрлі қалыс қалушылықтар кездесіп жатыр. Бірінің ойлау, есте сақтау қабілеті төмен болса, енді бірінің дұрыс сөйлей алмауы жиі кездеседі. Олай болса, «БАД»-тарды қолданудың еш зияны жоқ. Салауатты өмір салтын сақтау мен физикалық белсенділік денсаулықты сақтау мен нығайтуда маңызды.

Алайда, бұдан ағзаға қажетті витамин мөлшері қалпына келмейді. Сондықтан, оны қабылдаудың пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Тек өз ағзаңызға қажеттісін дұрыс таңдасаңыз болғаны. Мен жиырма жылдан аса уақыттан бері түрлі компанияның өнімін тұтынып келемін. Нәтижесінде менде шаршау деген мүлдем жоқ. Сондай-ақ, зейнет жасында болсам да дәрігер жағалап, дертіме ем іздемедім. Өзім тұтынған өнімдерді балаларыма да беремін» дейді логопед Күлсім Медетова.

Оның айтуынша, балаларға сабақ кезінде біраз ауыртпалық түседі. Олар оқу процесінен қалыспай, бәрін меңгеріп үлгеру қажет. Бұл жағдайда балаларда тез шаршап, әлсіздік пайда болмасы үшін мұндай қоспаларды пайдаланудың тиімділігі мол. Бұлар – дәрі емес, ағзадағы жетіспейтін минералдардың орнын толықтыратын
дәрумендер жинағы. Ал, фармация қызметкерлері мұндай қоспаларды тек қана дәрігердің рұқсатымен қолдану қажеттігін айтады.

Мамандардың сөзінше, ең алдымен биологиялық белсенді қоспалардың тексеруден өткен-өтпегенін, тұтынуға болатынын анықтап алған жөн. Ол үшін міндетті түрде қорапшасындағы нұсқаулығына назар аударады. Мұндағы ақпарат қазақ, орыс тілдерінде жазылған болуы қажет. Арнайы комитет бекітсе, соның растағандығы туралы көрсетілуі шарт. Егер мұндай белгілер болмаса, оның жасырын жолмен жеткізілуі ықтимал.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

P.S.

Әрбір адам ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуі қажет. Алайда, иммунитет көтеремін деп кезіккен кез келген биологиялық белсенді қоспаларды пайдалана бермеген жөн. Басты байлығымыз денсаулықты сақтауда дәрігерлік тексерістен соң дұрыс шешімдер қабылдауды әдетке айналдырыңыз! Ал, сіз «БАД» ішесіз бе?..

Сұлушаш ҚУАНҒАЛИЕВА,

«Медицина» акционерлік қоғамының провизоры:

– Бүгінде биологиялық белсенді қоспалардың түрлері өте көп. Желілік маркетинг жүйесі бойынша сатылатындардың көз жауын алар жарнамалары да жетерлік. Шындығында, олардың барлығына бірдей сене бермеген жөн. Тұрғындар кез келген дәріні немесе биологиялық қоспаны рецептісіз пайдаланбаса екен. Өйткені, адам ағзасы сол дәрі-дәрмекке әбден үйреніп алады.

Кейін сырқаттанып қалған жағдайда мұның күші дертті жаза алмайды. Кез келген дәрінің немесе ББҚ-ны оңды-солды іше беруге болмайды. Өйткені, оның пайдасымен қатар, зияны да болатынын ескеру маңызды. Бір ағзаны емдегенімен, екіншісін бұзуы әбден мүмкін.

Самат ӨМІРБЕК,

қала тұрғыны:

– Қазіргі уақытта мұндай қоспаларды дәріханадан рецептімен сатып алатындар бірен-саран. Көбі «БАД»-ты желілік бизнестің бір бағыты ретінде ақша табу көзіне айналдырып алған. Мен де дертіме шипа іздеп жүріп, жарнамасы жер жарған осындай желілік маркетингтердің бірінің өнімін тұтындым. Маркетинг өкілдері құдды бір дипломы бар дәрігерлер секілді.

«Сенің ауруыңа қажет, осыны ішсең құлантаза айығасың» деп сендіреді. Оның әрбір сөзіне сеніп, айтқан өнімдерін қомақты сомаға сатып алдым. Алғашында ауруымды басқандай болды. Алайда, уақыт өте келе дертім асқынып, бауырымды бұзғаным рас. Бұдан кейін енді қайтып «БАД»-ты тұтынбастай болдым.

Дулат РАМАЗАНҰЛЫ,

облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:

– Жалпы, дәстүрлі, халық медицинасы болсын, қайсының да өзіндік орны бар. Бұл ретте «БАД» препараттарының пайдасы мүлдем жоқ деуге болмайды. Ең бастысы, медициналық тексерістен толық өткен соң, оны дәрігер тағайындаған болса, пайдалануға рұқсат.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз