Атырауда тас пен темірден басқаны кеміретін термиттен қауіп төніп жатыр

Жаңалықтар Экология

Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Құмырсқаның «термит» деген түрінен қауіп төне бастады. Тас пен темірден өзгенің бәрін кеміретін, үйдің төбесін ортасына түсіруге қауқарлы пәлекет облыс аумағында бой көрсетті.

Қазір Жылыой ауданының Майкөмген ауылының кейбір тұрғындары онымен өздерінше күресуде. Қолда барымен улап, кеңінен таралуына жол бермеуде. Алайда, бұл маңдағы құмдауыт далада олардың ұя-ошағы күннен күнге көбейіп жатыр. Оған кім тосқауыл қоя алады?
Маңғыстаулық Кенбаевтар отбасы жаңа қонысына төрт жыл бұрын көшіп келді. Аз қамтамасыз етілген жанұяға жергілікті әкімдік үй салып берген.

–Билік басындағы азаматтарға жағдайымызды түсінгеніне алғыс айтамыз. Дегенмен, бүгінде бізді басқа проблема мазалауда. Термит деп аталатын құмырсқа қалыпты өмір ырғағымыздан айырды. Баспанамыздың еденінде, төбесінде, қуыс-тесіктің барлығында қаулап жүр. Енді зорға дегенде қол жеткізген үйіміздің үйіндіге айналып, астында қаламыз ба деген алаңдаушылығымыз бар. Арнайы қызмет өкілдерін шақыруға, улауға жағдайымыз келмейді, – дейді Балай Кенбаева.


Уақ жәндік бұл баспананы құлатуға айналды. Қаулап кеткен құмырсқадан үй иелері қалай құтылатындарын білмей дал болуда. Жинастырып, күніне екі шелек шығарғанымен, оның қарасы таусылатын емес.

Ал, мамандардың айтуынша, одан құтылудың жалғыз жолы бар. Ол – ескі қоныс орнынан жаңа үй салу. Яғни, үш метрдей тереңдікте ор қазып, түрлі дәрілерді шашу қажет. Жолындағының бәрін кеміріп қоятын термиттер маңғыстаулық дезинфекция қызметкерлеріне бой бермеуде.

Олар Ақтау қаласының іргесіндегі елдімекендерге тікелей қауіп төндіріп отыр. Ақ құмырсқаның көбеюінің басты себебі, құрылысқа пайдалану үшін тасылып әкелінетін топырақпен бірге келуінде.


Термиттердің өзіндік әлемі бар болып шықты. Құмырсқаларға үңгірдің түбінде жататын аналығы басшылық етеді. Оның тұрқы ұзын, қозғалысы ауыр көрінеді. Сондықтан, өзгелері соған қызмет жасайды екен. Мәселенің мән жайын білетіндер уақ жәндіктің 2900 түрі бар екендігін айтады. Бұрынғы кеңестік кеңістікте соның 7 түрі кездесіпті.


Азамат БАЗАРБАЕВ.


СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?


Қадыржан АРЫСТАН,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
–Термиттер туралы әлеуметтік желілерде кеңінен айтылуда. Оны Жылыой ауданына барған сапарымда көзіммен көрдім. Ақ құмырсқалар –сол маңдағы елдімекендерге өте қауіпті. Үйлерді ішінен кеміріп, құлататыны туралы нақты мысалдар бар. Маңғыстау облысының ауылдары одан жапа шегіп отыр. Біз қауіптің алдын алу мақсатында тиісті орындарға баяндадық.


Марат ҚАБИДЕНОВ,
Жылыой ауданы, Майкөмген селолық округінің әкімі:
–Бұл мәселе бойынша алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, термиттің саны біздің өңірде аз. Ол негізінен құмды жерлерде болады. Мұнда олар ұясын салады.


Нұржарық САУЫТОВ,
Жылыой аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:


– Құмырсқаның термит түрі Жылыой ауданында бұрыннан бар. Дегенмен, оның саны өте аз еді. Кейін көбейіп, айналаға қауіп төндіруде. Уақ жәндікке қарсы жергілікті тұрғындар біраздан бері күрес жүргізіп келеді. Кешенді жұмыстар жүргізілмегендіктен, оны тоқтату қиын мәселеге айналуда. Жол бойында төмпешік болып жатқандықтан жолаушылар оның ұялары санаулы деп ойлауы мүмкін. Шындығында, олар ашық далада тығыз орналасқан. Ал, оларды улау жұмысы жүргізілген жоқ.


Қуаныш ЕСКЕНДІРОВ,
«Нұр-Қуан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі (Жылыой ауданы):
–Мұнайлы өңірдегі термиттер туралы әлеуметтік желілер арқылы білдім. Дегенмен, Жылыойда осыған байланысты бізге шағым түскен жоқ. Біз дезинфекциялық жұмыстарды негізінен Теңіз кенішінде жүргіземіз.

Термиттер отряды 10 жыл өмір сүреді. Олар жаз айларында ғана көбейеді. Бір күнде 30 мың жұмыртқа салады.

ТЕРМИТТЕР (Уикипедия)
Термиттер  жәндіктердің жеке отрядына жатады. Қоғамда тіршілік етуіне байланысты және әртүрлі құрылыстар салуға қабілетті болғандықтан, «ақ құмырсқалар» деп атайды.

Жанұяларында ерекше топтар-жынысты даралар (топ ұйтқысы – аналық пен жынысты жетілген аталықтар), жұмысшылар, солдаттар. Өсімдіктен шыққан құрғақ органикалық қалдықтармен, көбіне шөп жейтін жануарлардың қиымен қоректенеді. Термиттер отряды 10 жыл өмір сүреді. Олар жаз айларында ғана көбейеді. Бір күнде 30 мың жұмыртқа салады.


Жылу сүйгіш келеді, алайда, көлеңкелі жерлерді де ұнатады. Илеулерінің негізгі бөлімі жер астында салынып, үстіңгі жағы 0,5 метр биіктікте мұнара тәрізді көтеріледі. Жоғарғы жағында үңгір жолдар орналасқан, оларды топырақты өз нәжістерімен жасырып салған. Термиттер елді мекендерде құрылыстарға зор нұқсан келтіріп, балшықтан салынған үйлер мен ағаш тіреулерді бүлдіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *