АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: жаңа заң жобасында қандай өзгеріс бар?

Жаңалықтар Мәселе Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/8 қазан, 2019 жыл. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп ұрпағын бақытына теңеген қазақ халқы ешқашан бала санына шектеу қоймаған.

Өмірге жаңадан сәби келсе, өрісім кеңейді деп қуанып жақсылыққа балаған. Ал, бақытты отбасы – бақуатты мемлекеттің алтын діңгегі. Жанұялардың әлеуметтік жағдайын елдік деңгейде қарастырып, әркез басты назарда ұстауы да сондықтан. Бұл ретте, елімізде жүзеге асып жатқан жобалар аз емес.

Алайда, тәжірибе барысы кейбір бастамаларды әлі де қайта қарастыру қажет ететіндігін айқын аңғартып отыр. Мәселен, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы жаңаша механизммен, нақтырақ айтсақ, табысқа қарамастан тағайындалатын болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, ведомство атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі. Басты бағыт – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

– Шаралар кешенді түрде қаралуы қажет. Сондықтан, ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады, – деді ол.

Министрдің атап өтуінше, атаулы әлеуметтік көмекті алатын балалардың 60 пайыздан астамы көп балалы отбасылардан шыққан.

«Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көп балалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көп балалы аналардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді. Көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады» деді Б.Нұрымбетов.

ТӨЛЕУ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек төлеудің негізгі тетіктерін атады.

«Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару және тиісінше, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау» деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің айтуына қарағанда, бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өз табысын жасыру жағдайын барынша төмендетеді. Яғни, көмекті тағайындау тәртібі әділ болады. «Себебі, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін.

Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады.

Сонымен қатар, бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады» деді министр. Ал, төртіншіден, учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейеді. Ведомство басшының атап өтуінше, өкінішке қарай, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарында жалған құжат арқылы шынайы мұқтаждардың көмегіне қол сұққандар да кездескен.

Бірі бірнеше қабатты жеке үйлерде тұрып жатса, енді бірінің автокөлігі болған, жер учаскелері мен қосалқы шаруашылықтарының болғанын жасырғандар аз емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссияның жауапкершілігінде. Сондықтан, заң жобасында комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтаудың өлшем шарттарын бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыретін қарау ұсынылып отыр. Себебі, жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табыстары мен дүниемүлкін жасырған 73 714 отбасы анықталған.

Мәселен, Алматы облысындағы көп балалы отбасын тексерген кезде иелігінде 852 малы бар шаруа қожалығы бар екендігі анықталған.

«Аталған фактілерге қатысты алушылар ғана кінәлі емес дегенмен келісемін. Бірақ, кірістерін жасырып қалған адамдар да жауапты. Әрине, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаумен айналысқан жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің де кінәсі бар. Сондықтан өз міндеттемесін жауапсыз орындағаны үшін жазалау мәселесін 9 айдың қорытындысы бойынша қарастырамыз. Әкімдерге сондай тапсырма берілді» деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар қаражаттарын мемлекетке өз еріктерімен қайтарып жатыр.

«Біреулері бүкіл соманы, енді бірі біртіндеп қайтарып жатыр. Артық төленгендерге алдағы айлардың төлемдерінен ұсталады. Жазалау шаралары болмайды. Ақшаны қайтармай, сотқа жүгінген жағдай болған жоқ» деді Біржан Нұрымбетов.

Ал, Атырау облысында бұл мәселе бойынша зерделеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа тетіктері көзделген заң жобасын қазан айының соңына дейін Парламентке енгізуді тапсырды. Ал, ұсынылып отырған жаңа заң жобасындағы тәсілдер жалпы қабылданған стандарттарға сай келеді. Мұны жұртшылыққа жеткізудің де маңызы зор.

«Осыған орай, бірнеше тапсырма бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде ауқымды және сапалы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырсын. Көмекке мұқтаж адамдардың барлығы мемлекет қамқорлығында болып келді. Алда да солай болатындығын азаматтар білуі тиіс. Жұмыс істей алатын адамдар үшін оқу, мамандықтарды игеру, өз бизнесін ашу, жұмысқа орналасу үшін барлық жағдай жасалады. Қазан айының соңына дейін заңдарға енгізілетін барлық өзгерістер топтамасын дайындап, Парламентке енгізуді тапсырамын» деді Асқар Мамин.

Түйін

Біздің мемлекетте бақытты жанұя құруға ешқандай кедергі жоқ. Сәби өмірге келгеннен кейін бір реттік және бір жасқа толғанға дейінгі жәрдемақылардан бөлек, басқа да мемлекеттік қолдау түрлері жетерлік. Тіпті, адами капиталды бағалайтын ірі кәсіпорындар қызметкерлеріне қосымша демеу ретінде жас аналарға баласы бір жасқа, енді бірі үш жасқа толғанға дейін қаржылай көмек көрсетуде. Әлемнің дамыған кейбір елдерінің өзінде мұндай әлеуметтік қолдау шаралары кездеспейді. Ал, жаңа заң жобасы сананы масылдық принциптен арылтып, шынайы мұқтаж жандарға демеу боларына сенім мол.

Айбөпе САБЫРОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *