АТАКӘСІПТІҢ АҚИЫҒЫ
Дәулетқалидың ұлы Сақанмен сан жазушы, ақын, журналист кездесіп, очерк, не мақала жазып, поэмаларын арнаған, киноға да түсірген. Бәрі де сол еңбектің құдіретіне тамсанған. Тіпті, ел басқарған Нұртас Оңдасынов, академик Қаныш Сәтбаевтың өзі еңбекқор жастың партия қатарына өтуіне түрткі болса, алыстағы алып елді басқарған Бас хатшы Н.С.Хрущевпен хат жазысуының өзі бір тарих болып қалғандай.
Елге келген бір сапарында Дінмұхамед Қонаев та «Осында Сақан Дәулетқалиев деген Еңбек Ері бар еді ғой, егіз баласы Максим мен Горький өсті ме?» деп сұрағаны бар. Осы жолдар кейін оның кітабына да енді. Міне, бүгінде сол Сақан Дәулетқалиұлы 85 жастың қырқасына шығып отыр.
Иә, Сақан ағаның өзі айтқандай, балдәурен балалығы базарлы, алау жүрек жастығы жайдарлы болмады.
«Буыным бекіп, бұғанам қатпай жатып еңбекке араласып, «мұз төсеніп, қар жастанып» дегендей, халқымның болашағы үшін тер төктім. Кешегі бейнетті күндерімнің бүгінде жемісін де аз көргенім жоқ. Елім еңбегімді ескеріп, төсіме «Алтын жұлдыз» тағып, туған жерім төбесіне көтерді. Бірнеше мәрте депутаттыққа сайланып, халық қалаулысы атандым, халықтың аманатын арқаладым, көптің сеніміне селкеу түсірмеуге тырыстым. Шаңырағы шалқақ, түтіні түзу ұшқан үлкен әулеттің алып бәйтерегіне айналдым. Мұндай жетістікке жалғыз жетпедім: қуанғанда қуанышымды бөлісер, қысылғанда қолтығымнан демер жақсы жандар көп болды жанымда», – деп өзінің «Биік мәртебе» атты кітабында ағынан жарылғаны бар.
Мал баққан жанның қиын-дығы мен қызығы әрдайымда қосарлана жүретін әдеті. Содан да болар, Сақан аға, әсіресе, 1949 жылдың қаһарлы қысын ерекше есінде сақтапты. Колхоздағы 25 мың бас қойдың бір қыста 22 мыңы қырылып, 3 мың басы ғана аман қалған қаһарлы 49-ыншы жылдың мал шаруашылығына тигізген зардабын айтса тіл жетпейді. Сақан аға сол кезде бар-жоғы 19 жаста еді.
— Өмірімдегі есте қаларлықтай қиындық көрген сәтім де сол 1949 жылдың қысы-тұғын. Бұл қыстың қатты болатыны жазда-ақ белгілі болды. Топырақ бораған қатты жел соқты да тұрды, жаз бойы қоныс аударумен жүрдік, – деп бастаған бұл әңгімесін бейжай отырып тыңдаудың өзі қиын. – Үш тәулік бойына үдете соққан ақтүтек боран мен төртінші күнгі өкпек жел, 40 градус аяз қосылып, одан малшыларға жерде танкпен, көкте ұшақтармен көмек келіп, жемшөп, тамақ жеткізгені әлі күнге аңыз болып жадымда қалды. Бұл шопан жігіт өмірінің бір жылы ғана. Ондай қиындықтар қаншама рет кездеспеді дейсіз.
Шаруашылығы ақсап,артта қалған колхозды өрге тартқан басшы Сағидолла Құбашевпен арадағы достығының өзі неге тұрады?! Сол ағамыз:
— Қатардағы аға шопаннан өзінің жігері мен еңбегінің және ынталылығының арқасында еліміздің мемлекет қайраткері қатарына дейін жеткен қадірлі азаматтардың бірі – Сақан Дәулетқалиев. Мен Сақанды 1953 жылы қараша айында колхозға келген күндердің бірінде кездестірдім. Оны бір көргеннен-ақ жақсы адам деп ойладым. Әдемі, сымбатты, сымдай тартылған жас жігіт. Танысқан соң колхоздың жаңа басшысы ретінде мен Сақанға: «Жұмысқа шық, колхоздың сенімді аға шопандарының бірі боларсың» дегенімде: «Мен қызмет қылуға дайынмын, аға», дегені бар, – деп ризашылықпен еске алады.
— 1956 жылы колхоздың басқарма төрағасы келіп: «Әкеңнің жасы ұлғайып, үлкейіп келеді. Енді ол кісінің таяғын өзің алуың керек, биылдан бастап аға шопан міндетін өз мойныңа алғаның дұрыс сияқты, оған қалай қарайсың?» демесі бар ма? Қадап айтқасын мен де қарсылық білдіре қоймадым, көп кешікпей аға шопан атандым.
— Сол жылы күзде ғой деймін, біздің колхозға облыс басшысы Н.Оңдасынов келіп, Сағидоллаға: «Мына баланың беталысы жаман емес, коммунист болуға лайықты екен, кандидаттыққа қабылдағаның жөн» деді. Дәл осындай ұсынысты сайлаушылармен кездесуге келген сапарында Қ.Сәтбаев та айтып еді. Партия қатарына кепілдік берген осындай азаматтардың кәміл сеніміне ие болғанымды мақтаныш тұтамын,-деп жазды Еңбек Ері кейіннен.
Осы шопандық кәсібінде жүргенде Н.С.Хрущевке хат жазғаны бар. «Жергілікті қаракөл қойының әр жүзінен 149 қозы алып, әр қойдан 4,1 килограммнан жүн қырықтық. Колхоз басқармасы 1960 жылы біздің өтінішіміз бойынша бізге артта қалған бригаданың отарын бірнеше шопанға бөліп берді, мұнда әрбір 100 саулықтан небәрі 111 қозы алдық. Келесі жылы нақ осы саулықтардан 140, ал 1962 жылы 147 қозыдан өргіздік» депті хатта.
Ал, бұл көрсеткіштер кейінгі жылдары тіптен де жоғарылап, жетінші бесжылдықтың қорытындысында жас шопанның кеудесінде ерен еңбегінің лайықты бағасындай боп Еңбек Ерінің «Алтын жұлдызы» болып жарқырады.
Айта кетсек, Сақан ағамызбен қатар, облысымыздан Мүсілім Нұрмұқанов, Кісенбай Асабаев, Әбді Дүйсенбеков, Қалыбай Жұмағалиев, Пангерей Бердешов, Шәши Еділбаев, Ғилаж Айталиев сынды көптеген мақтаулы шопандар шығып, жоғары атақтарды иеленді. Қой түгілі, қойшының өзі азайып бара жатқан қазіргідей жаһандану заманында мұның бәрі ертегідей болып көрінуі де мүмкін-ау. Әйтсе де, бұл – шындық. Оған бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері болып отырған Еңбек Ерінің өзі куәлік ете алады.
Әрмен қарай тарқатсақ, 1969 жылы Сақан Дәулетқалиев аға шопандықтан қой фермасының меңгерушілігіне жоғарылап, 22 жыл бойы осы міндетті абыроймен атқарып, тоқсаныншы жылдардың басында зейнеткерлікке шықты.
Ағамыз айтады: «Осыншама атақты қалай көтеріп жүрсің?» дейді бәзбіреулер әзіл-шыны аралас. Менің мұндай сауалға қайтарар жауабым: «Адам берген атақтан Алла берген абырой артық» дегенді ұдайы жадымда ұстаймын, бақ келсе, бәрі келеді, бірақ, бақ пен дәулеттің алдамшы екенін де естен шығармаймын, халықтан биік емессің, биіктеп кетсең, кері құлауың мүмкін екендігін ұмытпаймын. Алған атақ-абыройыма мастанып, асқақтап кетпеуімнің бар сыры осында», – дейді тереңнен толғана. Осының өзі қазақы қасиетті бойына жиған дала ұлының даналығын, даралығын тағы бір қырынан таныта түскендей.
Міне, осылайша дархан дала төсінде мал бағып қана қоймай, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген Сақан ағаның жұбайы Ағзия апаймен шаңырақ көтеріп, отасқандарына да жетпіс жылға жуықтапты. Олар Сағира, Маржан, Ұлмекен, Жәния, Максим, Горький, Сәния, Мұрат, Мақсот, Хамит атты он ұл мен қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Әрқайсысының өмірден өз орны мен бақытын табуына, тура жолмен жүруіне септесті.
Бүгінде ағамыз Өрлікте кенже ұл-келіні Хамит және Шолпанмен бірге құт дарыған берекелі шаңырақтың аясында Айбол, Айдана, Бауыржан, Гүлназ, Дилназ атты немерелерінің қызықтарына кенеліп, ағайын-туыс, ауылдастарының ортасында бақуатты тұрмыс кешіп, ғибратты ғұмыр көшін жалғастыруда.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ, Қазақстан Журналистер Oдағының мүшесі.