Өз уақытын аямайды, өзгенің бақытын аялайды…

Білім Жаңалықтар

Atr.kz/10 қазан, 2019 жыл. «Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деп жатады. Расымен де, мамандықтардың ішінде маңыздылары болады. Мәселен, дәрігер – денсаулықтың, тәртіп сақшысы – тыныштықтың, ал, мұғалім – білім мен ғылымның кепілі…

Бірақ, осылардың қай-қайсысын алсақ та, өмірдегі қандай саланың да бастауында – «ұстаз» дейтін ұлы ұғым тұр. Өйткені, сол дәрігерің мен заңгерің де, ақының мен әкімің де, бәрі де ұстаздың алдынан өтеді. Қолға қалам алып хат жазуды, қарындаш алып сурет салуды, қосу мен алуды, саңқ етіп сөйлеу мен мың бұрала билеуді, әуездетіп ән айту мен күмбірлетіп күй тартуды, бәрін де содан үйренеді. Олай болса, ұстаздан ұлық жоқ, шәкірттен кішік жоқ.

Осынау мәртебелі мамандықтың тізгінінен ұстаған жандарға зор жаупкершілік жүктеледі. Бұған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мұғалім – көңілдің емес, жүректің таңдауы болуға тиіс. Болашағын білім беру саласымен байланыстырғысы келетіндер осыны ерекше есте ұстауы керек. Әйтпесе, бір беттік диплом мен тұрақты жалақы үшін ғана бала оқыту – кешірілмеас күнә. Ондайлар шұғыл шешім қабылдап өз еріктерімен бас тартуы қажет деп ойлаймын. Шәкірт жүрегіне жол табамын деп талпынып жүргендерге орын босатқан дұрыс. Ал, білім беруге басымен байланып, жан-тәнімен берілген жандар жауапкершілік жүгін жете сезінеді деп ойлаймын.

Осы орайда, бір оқиға еріксіз еске оралып отыр. Бір мектепте бұзық бала білім алады. Не сабағын оқымайды, не сыныпта тыныш отыра алмайды. Содан он бір жыл бойы оқытушылардың да, оқушылардың да естерін тандырады. Бірақ, соңғы қоңырауда қуанышпен емес, қимастықпен қоштасады. Ақыры, арада біраз уақыт өтеді. Әлгі бала есейіп, елінің атпалдай азаматына айналады. Жеке емхана ашып, талай науқасты аяққа тұрғызады, талай жасты жұмыспен қамтиды. Мешіт салдырып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.

Сөйтіп жүргенде науқастардың арасынан мектепте білім берген бір мұғалімін кездестіріп қалады. Өзінің қайда оқығанын айтқан кезде ұстазы аң-таң болады. Сонда бұрынғы сотқар шәкірті: «Мен қанша тентек болсам да, сіздер мені ешкімнен кем көрмедіңіздер, бәріне берген білім мен тәрбиені маған да бердіңіздер. Егер теңіздің тамшысындай сенімдеріңіз болмағанда, бүгінгі жағдайға жетемін бе, жоқ па – білмеймін, бұл жағы бұлыңғыр. Сондықтан мен әлі күнге дейін еткен еңбектеріңізді еселеп қайтаруға тырысып келемін. Енді жасаған жұмысымның тәтті жемісін татып отырмын» деген екен.

Бұл – болған оқиға. Мұнымен не айтуға болады? Яғни, «ұстаздан шәкірт озар» деген сөз бекерге айтылмағаны аңғарылып тұр. Бұл еңбек жалақымен емес, шәкірттер шыққан шыңдармен өлшенеді. Ұстаздардың ішінде де ұстазы және қарапайым мұғалімі болады. Мәселен, мұғалімнің бәрі «ұстаз» деген ұлы мәртебеге ие бола бермейді. Ол үшін саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы маман дайындай білу керек.

Тағы бір жағдай, бірнеше жерден білім алып, талай сайыста топ жарған оқытушылар болады. Олардың білім деңгейі өте жоғары болуы мүмкін. Бірақ, соны баланың балғын санасына сіңіре ала ма? Міне, басты мәселе осында. Олардың іштей «сайрап» тұрғаны кімге керек, егер басқалармен бөлісе алмаса? Небір талантты математиктер мен физиктер болды, солардың бірсыпырасы педагогикалық қызметті қойып, ғылымға бет бұрды. Неліктен? Себебі, олардың орны мектепте емес еді. Ендеше, мұны да қаперге алып жүрсе, артық етпейді.

Ұстаздың соңғы бір қасиетін айтпай кетсем, мамандығыма – сын. Ол ешқашан өзінің қамын ойламайды, өзгенің бағын аялайды. Иә, сырт көзге – парадокс. Ал, шындығында, таң қаларлық ештеңе жоқ. Оқушысы олимпиададан жүлделі оралмаған мұғалімнің құны көк тиын. Рас, ащы да болса, бірақ – шындық. Басқаша болуы мүмкін емес. Білім бәйгесіне түскен баланың ұстазы ұяда тақымын қысып отырады. Ол қандай олжамен оралмасын, ата-анасынан бұрын мұғаліміне тиесілі.

Міне, біз мұғалім мәртебесіне қатысты ойдың тек мыңнан біріне ғана бойладық. Демек, әңгіме мұнымен шектелмейді деген сөз. Жер жүзінде адамзат баласы бар кезде бұл мамандық та мәңгі жасай береді. Уақыт керуені ілгері көшіп, дүние дөңгелегі қайда апарса да, ұстазсыз шәкірт тұл.

Соңғы кезде әзіл-шыны аралас «бұрынғының баласы мұғалімнен қорықса, қазір бәрі керісінше» деген сияқты қаңқу сөдер көп айтылып жүр. Бұл ретте, мұғалімнен ешкім қорықпаған, қайта қатты құрметтеген. Өйткені, әр адам – сыйлағанның құлы емес пе? Ал, егер бүгінде ұстаз бен шәкірт арасындағы келеңсіз жайттарға куә болып жатсақ, бұған қоғамның тек өзі ғана кінәлі. Себебі, қадірлі мамандықтың маңызын жойып алған өзге ешкім емес, өзіміз.

Бір қызығы, дәл қазір көшеден кімді көріп сұрай салсаңыз да, ұстазы жоқ жанды жолықтырмайсыз. Бұл тура әр адамның міндетті түрде ата-анасы болатыны сияқты дәлелдеуді талап етпейтін теорема ғой. Қалай десек те, ұстаз болу – ұлылықтың бастауы. Абайша айтсақ, «ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға, ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға»!

Эльвира ЖҰМАЖАНҚЫЗЫ,

Н.Крупская атындағы мектептің

ІІ санатты физика пәнінің мұғалімі

Құрманғазы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *