Құрыш қолдың құдіреті ҒАЖАЙЫП ҒИМАРАТтармен өрнектеледі

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Соңғы жылдары аймақта басқа салалармен қатар, құрылыс та қарқынды дамып келеді. Тек биылғы алты айда облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1 %-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11,7, соның ішінде жеке инвестицияның үлес салмағы 13 %-ға өсті. Тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мереке – Құрылысшы күні қарсаңында аталмыш салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға шолу жасағанды жөн көрдік.

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ – БАСПАНА

Бұл салада тұрғын үй құрылысының алар орны айрықша. Өйткені, бұл – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайының жақсарып, әлеуетінің артқандығын паш ететін көрсеткіш. Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Самал Тілеуғалиеваның мәлімдеуінше, жыл басынан бері облыста жалпы ауданы 378,6 мың шаршы метр тұрғын алаң немесе 2 982 пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегімен (333,9 мың шаршы метр) салыстырғанда 13,4 пайызға жоғары.

Биыл 3 397 пәтерден тұратын (жалпы ауданы 228,6 мың шаршы метр) көпқабатты 40 үйдің құрылысын бітіріп, игілікке беру жоспарланған.

Мұның сыртында, мұнайлы астанада 5 533 пәтерге шақталған 77 көпқабатты үйдің құрылысы жоспар-кестеге сәйкес жүргізілуде. Ал, 2015 жылы басталған «Жас Отау» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 18,3 мың шаршы метрді құрайтын үш тұрғын үй (барлығы 310 пәтер) тапсырылды.

Денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлеріне «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалынған мәміле негізінде жалпы ауданы 19,9 мың шаршы метр болатын, 297 пәтерлік төрт тұрғын үйден тұратын тұрғын үй кешені бой көтермек. Ал, 2020 жылы тағы да 25 көп қабатты үй салу жоспарланып отыр. Барлығы 2 484 пәтерге есептелген бұл кешеннің жалпы ауданы 148,5 мың шаршы метр болады.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНҒА – БАСЫМ БАҒЫТ

Қазіргі уақытта облыста жаңадан бірнеше білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы салынуда. Биыл облыста барлығы 25 білім беру нысанының құрылысын тәмамдап, пайдалануға беру межеленіпті. Олардың қатарында 11 мектеп,10 балабақша, 2 жатақхана, музыка мектебі мен лицей (жатақханасымен бірге) құрылысын аяқтау жоспарға енгізілген. Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша үш нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекші.

Олар – облыстық кардиология орталығының қосалқы ғимараты, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы (75 кереует орындық) және Қызылқоға ауданының Қарабау ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт. Сондай-ақ, мәдениет саласында жаңадан мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар салынады. Спорт саласында алты спортзал, бірнеше мектеп пен денешынықтырусауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Атырау қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Талғайраң ауылы маңынан көпқабатты үйлер әлеуметтік нысандар құрылысы үшін ауданы 1 000 гектарды құрайтын жер телімі бөлініп, жүргізілетін жұмыстардың егжей-тегжейлі жобасы дайындалған.

Осында бірнеше көппәтерлі үй, 4 балабақша, 2 мектеп, денешынықтыру-сауықтыру орталығы, емхана, спорт пен демалыс аймақтарын салу қарастырылған. Одан бөлек, осы жерден «таунхаус» үлгісіндегі екіқабатты 264, сонымен қатар, 5, 7, 9 және 12 қабаттан тұратын 360 тұрғын үйдің құрылысын салу жобаланыпты. Сонымен бірге, Еркінқала ауылдық округіндегі жалпы ауданы 421 гектар жер телімінде 900 орындық екі мектеп, 120 орындық бір және 240 орындық екі балабақша , жанұялық амбулатория салынады деп жоспарлануда.

КОММУНАЛДЫҚ САЛАҒА – АЙРЫҚША НАЗАР

Коммуналдық шаруашылық саласына келсек, Индербор кентінде кәріз-сорғы бекеті мен кәріз жүйесінің, Атырау қаласының Самал мөлтекауданындағы өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталу сатысына жетіпті. Сол сияқты, мұнайлы астананың сол жақ жағалау бөлігінде, Доссор, Мақат кенттерінде және Аққыстау, Махамбет, Құрманғазы ауылдарында су тазарту және кәріз желілері имараттарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Оған қоса, осы жылы Исатай мен Индер ауданының орталығынан өрт сөндіру депосының құрылысы басталады. Ал, былтыр басталған Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасын кеңітіп, түбін тереңдету жұмыстары одан әрі жалғасуда. Құрманғазы ауданының өзен бойында орналасқан елді мекендері тұсынан тұрғызылған көктемгі су тасқынынан қорғану дамбыларын, Индер ауданындағы «Алғабас-Жорық» суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту, Құлсары қаласының аумағындағы Құрсай өзенін тазалау жұмыстары жүргізілуде.

ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУДЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ

Аймақта құрылыс индустриясының өркен жаюына, әсіресе, әлеуметтік нысандар мен өзге сәулетті ғимараттар қатарының көбеюіне «Теңізшевройл», «НКОК», «ҚТҚ-К» секілді мұнай компанияларының қосып отырған үлесі аз емес. Мәселен, Доссор поселкесіндегі (Мақат ауданы) шипажай үлгісіндегі 100 орындық, Еркінқала (Атырау қаласы) мен Зинеден (Исатай ауданы) ауылдарында 290 және 100 орынға шақталған балабақшалар салынды.

Сондай-ақ, қала маңындағы Ракуша елді мекенінен 300 және Жасталап ауылынан (Құрманғазы ауданы) 80 орындық мектеп ғимараттары бой көтерді.

Бұдан басқа, облыс орталығындағы Нұрсая мөлтекауданында салынып жатқан оқушылар мен жастар сарайын, энергетика және құрылыс колледжінің жатақханасы, Есбол мен Бөдене ауылдарындағы (Индер ауданы) 300200 орындық мәдениет үйі, Атырау қаласындағы үш демалыс орны, Достық үйі, спорт кешенімен бірге салынатын дарынды балаларға арналған интернат, Майкөмгендегі (Жылыой ауданы) денешынықтыру-сауықтыру кешені секілді нысандарды қаржылай қолдаудың арқасында жүзеге асырылып жатқан жобалар деуге болады.

Қазыналы аймақтың индустриялықинновациялық даму бағдарламасы шеңберінде соңғы төрт жылда облыста жалпы сомасы 3,17 трлн. теңгеге бағаланған 35 жоба іске асырылып, 3,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл үрдісте құрылыс саласының да өзіндік үлесінің барлығы, соның куәсіндей, жоғарыда аталған үлкендікішілі нысандардың қай-қайсысында да құрыш қолдың өшпес таңбасы қалғаны кәміл.

Дәулетқали АРУЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *