ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайында Жеңістің 70 жылдығына арналған соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу кеші өтті. 

Ардагерлердің өмір жолын жастарға үлгі ете отырып,  жас ұрпақты  елжандылыққа,  еңбек сүйгіштікке, батылдыққа тәрбиелеу мақсатымен ұйымдастырылған шараға Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері, «Фронтовичка» клубының мүшелері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.

Кеш барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаевтың «Қазақстандық 312-атқыштар дивизиясы»аттыкітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, автор шараға қатысушыларға жаңа кітаптағы тың деректер жайында баяндады.

Сондай-ақ, мұражай қорында сақталған соғыс ардагерлерінің құжаттар мен хаттарынан тұратын көрме ұйымдастырылып, онда қырықтан астам жәдігер қойылды.

Шара барысында облысымызда әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізіп келе жатқан  «Фронтовичка» клубы мүшелері мен өзге де өнерпаздар  патриоттық әндер орындаса, мұражай басшысы Рашила Харипова Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Захарованы мерейлі 90 жасымен құттықтап, естелік сыйлық тарту етті. 

Нұргүл ҚАМИЕВА, Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі.      

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз