
Мақаттық фельдшер — “Жақсы адам — 2025” арнайы сыйлығының иегері
40 жылдан астам уақыт өмірін медицинаға арнаған, шынайы жанқиярлық пен жауапкершілік үлгісін көрсеткен Гүлзада Әбдіғалиева республика бойынша тек 7 адамға берілетін «JIBEK JOLY» телеарнасының «Жақсы адам – 2025» арнайы сыйлығына ие болды.
Еңбек жолын Мақат аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде бастаған Гүлзада Макиетқызы тәулік бойы 18 мыңға жуық тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, талай адамның өмірін сақтап қалды. Ол реанимациялық шараларды табысты жүргізіп, шұғыл жағдайларда үй жағдайында босандыруға да қатысқан.
COVID-19 пандемиясы кезінде де алдыңғы шептен түспей, науқастарға көмек көрсетті. Өзі ауырғанына қарамастан, қызметіне қайта оралып, ауысымдарға шықты.
Бұл марапат – тек жеке жетістік емес. Гүлзада Макиетқызының еңбегі – адам өміріне деген шексіз жауапкершілік пен адалдықтың, жанқиярлықтың жарқын үлгісі.



