ЖАБЫРҚАУ КӨҢІЛДЕРГЕ – ЖАН ЖЫЛУЫ

Жылыой ауданы бойынша 1846 адамның мүмкіндігі шектеулі, олардың 1370-і – еңбекке жарамды жаста. Өңірде 549 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Былайша айтқанда, олар қоғам өмірінен тыс қалып отырған жоқ, керісінше әлеуметтік бағдарламалардың әлеуетіне, кәсіпкерлік жолдағы мейірімді жандардың демеуі мен сүйеуіне ие.

 

Елбасы мен Үкіметтің, қалаберді жергілікті жердегі билік пен тиісті орындардың шынайы қамқорлығын сезініп отырған мүмкіндігі шектеулі жандар жуырда Мемлекет басшысының халыққа арнаған жаңа Жолдауын талқылай отырып, өз ойларын да ортаға салды.

Бірінші топтағы мүгедек Дүйсәлі Қалдыбаев: – Теледидардан Елбасы Жолдауын мұқият тыңдадым. Болашағымыз бағдарлы, мақсатымыз айқын. Дамыған елдердің сапына батыл еніп келеміз. Бірінші шілдеден бастап әлеуметтік жәрдемақы 25 пайызға өсетін болды. Кембағал жандарға қызмет ететін әлеуметтік қызметкерлердің де еңбекақылары артатыны айқындалды. Біздер, мүгедектер де стратегиялық маңызы орасан зор құжаттың қағидалары мен тұжырымдарын бірауыздан қуаттаймыз,-дейді.

Екінші топтағы мүгедек Қайрат Еңсепов: – Жолдауға байланысты «Әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, оның сапасы еліміздің өмір деңгейі мен стандарттарына сай болу керектігі» айтылып жатыр. Біз Елбасы саясатын, ұстанымын толық қолдаймыз,-деді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамидоллаұлы көптің ұйғарымына қосыла отырып, Елбасы міндет еткен жайлар төңірегінде сөз қозғады: – Ауданда мүгедектерді жұмыспен қамтуға толық мүмкіндік бар. Бұған аудан әкімінің қаулысымен барлық мекемелерге мүгедектер үшін үш пайыз мөлшерінде жұмыс орындарының квотасы белгіленгені де жол ашып отыр.

Оның айтуынша, бөлім жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға бос уақыттарын тиімді өткізуге арнайы бөлмелер ашылған. Жақында кембағал балаларды қолөнерге баулитын орын қызмет көрсете бастапты. Енді мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру орталығын ашу жоспарлануда.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз