Сындарлы саясаттың салиқалы айнары. Атырауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттық тобы келіп, жұртшылықпен кездесті

 Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жергілікті халыққа түсіндіріп, насихаттау, жұртшылықпен дидарласып, заң шығарушы органның биылғы алғашқы жартыжылдықтағы атқарған істерінен хабардар ету мақсатында өңірлерді аралауға шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Атырауға келді.

ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ҚИЫНДЫҚ КЕДЕРГІ БОЛМАДЫ

  Бейсенбі күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында депутаттық топ қала, аудан әкімдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен жұртшылық өкілдерімен кездесті. Шара алдында қатысушыларға қазыналы өлкенің өткені мен бүгінгі келбетін баяндайтын бейнефильм ұсынылды. Жиналғандар мәдениет сарайының сахнасына көтерілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Қазақстан Республикасы «Ардагерлер республикалық қоғамдық бірлестігі» орталық кеңесінің төрағасы, Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовті, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровті, Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жаннат Жарасовты қошаметпен қарсы алды. Шараны облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. – Атырау өңірі – Еуропа мен Азия құрлықтарын жалғаған, өзінің тарихи-мәдени мұрасымен, қазба байлығымен ерекше татымды болып отырған, экономикалық әлеуеті орасан зор өңірлердің бірегейі. Соңғы жылдары аймақта өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы, шағын және орта кәсіпкерлік, көлік инфрақұрылымы қарқынды даму үстінде. Халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтерудегі Елбасы қойып отырған тапсырмалар да кезең-кезеңмен ойдағыдай орындалуда. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бес институционалды реформасын жүзеге асыруда мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Бұған облыстық және республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаражат жеткілікті. Атырау жұртшылығы Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын қолдап, елде тыныштық пен ынтымақ-бірлікті сақтауға, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесін лайықты қарсы алуға жұмылып отыр. Бұдан әрі Нұрлан Асқарұлы осыған дейін облысты төрт жылға жуық уақыт басқарып, туған жері мен халқына абыройлы қызмет еткен қоғам және мемлекет қайраткері Бақтықожа Салахатдинұлының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген ерен еңбегіне тоқталды. Әсіресе, индустриялдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, жергілікті жерде өңдеу арқылы халықты сапалы, әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешу, жаңа жұмыс орындарын ашуда қыруар жұмыстар жасалды. Жайықтың бұқар бетіндегі Атырау-Индер тас жолы мен осы өңірдегі он сегіз ауылға баратын кірме жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, көлік инфрақұрылымын жақсартуда, аз қамтылған әлеуметтік әлсіз топтардың тұрғын үй жағдайларын шешуде тындырған істеріне барша жұртшылық атынан ризашылығын білдірді. – Әрине, мұның бәрін Сіз өзіңіздің лауазымдық қызметіңізге байланысты атқаруға тиісті болатынсыз. Бірақ, өзіңіздің қажыр-қайратыңызбен, табандылығыңызбен осы шаруаларды халық игілігі үшін өзгелерге үлгі, көшбасшы ретінде әріптестеріңізді жауапты жұмысқа жұмылдырып, алдыңызда тұрған міндеттерді абыройлы атқара білдіңіз. Сіз бастаған жарқын істерді, аяқтауға үлгере алмай кеткен шаруаларды біз жалғастыратын боламыз, – деген облыс басшысы бұл шараны еркін, ашық пікір алысу форматында өткізуді ұсынды. Бұдан соң мінбеге «Ардагерлер республикалық қоғамдық бірлестігі» орталық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілді. – Елбасы маған республикалық ардагерлер ұйымына басшылық жасауды тапсырды. Қазақ қоғамында ардагерлер – өз алдына бір институт. Бұл институттың міндеті – бірлік пен бүтіндікке қызмет ету, халық пен ұрпақ тәрбиесіне атсалысу, қанмен берілген ұлттық қасиеттерімізді өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, бойдағы мол тәжірибені елді дамыту жолындағы ізгіліктерге пайдалану, – деді ол. Бақтықожа Салахатдинұлы одан әрі елімізде 1987 жылдың 21 наурызында құрылып, әр жылдары мемлекет және қоғам қайраткерлері Шаңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Мақтай Сағдиев, Қайырбек Сүлейменов және Өмірзақ Озғанбаев басқарған Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымының тарихына қысқаша тоқталды. Қазіргі кезде Ардагерлер ұйымы республикадағы ең үлкен қоғамдық ұйым болып саналады. Араларында 115 Социалистік Еңбек Ері, 17 Қазақстанның Халық қаһарманы мен Еңбек Ері бар. Ұйым өз құрамына 1,8 миллионға жуық ардагерді біріктіреді. Республикадағы Ардагерлер ұйымы Елбасының саяси бағытын толығымен қолдап отыр. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға ардагерлер де өз үлестерін қосуға дайын екендігін мәлімдеген ұйым жетекшісі одан әрі егеменді еліміздің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі өткен ширек ғасырдағы қол жеткен табыстарына тоқталды. Экономика мен ішкі-сыртқы саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктерді нақты мысалдармен жеткізді. – Елбасы жақында Санкт-Петербордағы халықаралық экономикалық форумның кезекті пленарлық отырысында атап өткеніндей, өткен ширек ғасыр халқымыз үшін тарихи дәуір болды. Елдегі халықтың жан басына шаққанда 400 доллар болатын жалпы ішкі өнімі бар, қираған, перспективасы жоқ экономиканы біз 22 жылда өзгертіп, халықтың жан басына шаққанда ішкі жалпы өнімді 13,5 мың долларға жеткіздік. Кедейшілік деңгейі 46 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық резервтерінің көлемі елу пайыздан асып, шамамен 100 миллиард АҚШ долларын құрайды. Тәуелсіздік жылдары еліміз 255 млрд. доллар тікелей шетелдің инвестициясын тартты. Дүниежүзілік қаржылық дағдарыстар ықпалына қарамастан біз экономиканың құлдырауына жол бермедік. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық бағдарламасының шеңберінде таяудағы бес жылда 9 млрд. доллар алу болжанып отыр. Бұл – еліміздің экономикалық қарқынды дамуының басты көрсеткіші. Бұдан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы биылғы жылдың наурыз айында жасақталған жаңа Парламенттің алғашқы үш айлық жұмыс нәтижелерінен мағлұмат берді. Осы уақыт ішінде Парламент қабырғасында мемлекетіміз үшін бірқатар маңызды құжаттар қабылданған. Сессия барысында палаталардың үш бірлескен отырысы, Мәжілістің он екі, ал, Сенаттың алты жалпы отырысы, үш Үкімет сағаты өткізілген. Төменгі палатада заң жобаларын талқылау бойынша жұмыс топтарының – 160, комитеттерінің үш көшпелі отырысы ұйымдастырылып, Парламент қарауына 42 заң жобасы шығарылған. Сессия соңында 13 құжатты Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдаған. Оның он екісін Парламент бірауыздан бекітті. Қабылданған төрт заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, құжаттар заңды күшіне енді. Парламенттің қос палатасы Үкіметке және өзге де мемлекеттік органдарға 115 депутаттық сауал жолдады. Бақтықожа Салахатдинұлы Нұрлан Асқарұлы бастаған облыс басшылығына жоспарлы межелер мен мақсатты жұмыстардың орындалып, ел игілігі үшін қолға алған шаруалардың жүзеге асырылуына тілектестігін білдірді. Алғашқы болып сөз алған облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Бақтықожа Ізмұхамбетовтің облысқа басшылық еткен жылдары өңірдегі ардагерлер ұйымдарына көрсеткен қолдауына, соғыс және тыл, еңбек ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесін ұйымшылдықпен өткізуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласынан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен боздақтар мен Ауған соғысында қаза тапқан жерлестеріміздің рухына арналып тұрғызылған сәнді тақтаның, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Фариза мен Жұмекенге орнатылған ескерт-кіштердің жас ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуде, рухани құндылықтарымызды қастерлеуде зор маңызға ие болғандығын атап айтты.

ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖАЛҒАСПАҚ

Махамбет ауданындағы «Сарайшық» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің атқарушы директоры Владимир Розметов ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында құрылған кәсіпорынның бүгінгі тынысын баяндай келіп, Парламент Мәжілісі депутаттарын өзінің шаруашылығымен танысуға шақырды. Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің жайы, үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған тың жобалар мен олардың жүзеге асырылуынан жан-жақты хабардар етті. Асылбек Жәкиев облыс кәсіпкерлерін заңнамалық жағынан толғандыратын кейбір мәселелерді Парламент Мәжілісі депутаттарына жазбаша ұсыныс ретінде жолдады. «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бопылдықов бүгінгі жастар саясаты мәселелеріне, қолға алынған жобалар, әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, ұлттық тәлім-тәрбие, ұрпақтар сабақтастығы туралы ойларымен бөлісті. – Жастарды толғандыратын баспана мәселесі облыста оң шешімін тауып келеді. «Жас отау» бағдарламасы аясында былтыр 90 жас жаңа пәтерге қол жеткізсе, биыл 120 жас отбасы қоныс тойын тойламақшы. Осындай қамқорлыққа ұйытқы болған Бақтықожа Салахатдинұлына жастар атынан ризашылығымды білдіргім келеді. Өңірдегі жастар саясатын үнемі назарыңызда ұстап, қамқорлығыңызды сезіндік. Егер 2012 жылға дейін жастар ұйымдарының жұмысын жүргізуге небәрі 10 млн. теңге бөлінсе, кейін оның көлемі он есеге ұлғайтылды. Облыс әкімі Н.Ноғаев жас мамандарға, жас отбасыларға, ата-аналарынан жетім қалған балаларға арналған баспаналар салу болашақта да жалғасатындығын мәлімдеді. Биыл да олар үшін 240 пәтерлік үй тапсырылатын болады. Дегенмен, «мемлекет пәтермен, үймен қамтамасыз етуі керек» деген психологиямен шектеліп қалмай, жастардың да өздері әрекет жасағандары жөн екендігін қаперге берді. Отыз жылға жуық өмірін мемлекеттік қызметке арнаған еңбек ардагері Ұлдай Әйтішева жастар арасындағы тәрбиені жетілдіру, қосымша жұмыс орындарын ашу, жас отбасыларды баспанамен қамту, құқық сақтау органдарының ауылдарға жиі барып, заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілерді жергілікті халыққа кеңінен түсіндіруінің маңызды екендігін айтты. Еңбек ардагері Любовь Монастырская ардагерлер ұйымдарының жастар тәрбиесіндегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, әр ұлттың салт-дәстүрлерін, мәдениетті өркендетудегі үлесінің зор екендігін жеткізді.

ДЕПУТАТҚА ҚҰРМЕТТІ АТАҚ БЕРІЛДІ

Мінбеге көтерілген облыстық мәслихаттың хатшысы Сағын Лұқпанов алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы шешімімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін жариялады. Ол Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының өңіріне бұл атақтың төсбелгісін тағып, куәлігін салтанатты жағдайда тапсырды. – Менің облысқа басшылық еткен үш жыл, жеті ай еңбегімнің нәтижелерін айтып, қанаттандырып жібергендей болдыңыздар. Еңбекті бағалаған облыс басшылығына, мәслихат депутаттарына, қатысып отырған баршаларыңызға шексіз ризашылығымды білдіріп, рахметімді айтамын. Осындайда жиі айтылып жүретін «Атырау» деген әннің соңғы шумағы ойыма оралып тұр: «Әкетсе асау тағдыр алысқа айдап, Сағынып оралармын жылдар қайта. Өйткені, түлеп ұшар ұям да сен, Қонатын құздан биік қиям да сен» – деп тебіренді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз