ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ – КЕҢ ӨРІС

Облыстық ақпараттық- насихат тобы Индер ауданында болды.  Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында өңірге ат басын бұрған топ мүшелері Өрлік, Көктоғай ауылдарында жұртшылық өкілдерімен кездесті.

 Насихаттық топ жетекшісі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары  П.Хасанов әлеуметтік саланы қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу бағытындағы іргелі міндеттерге тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау тек жәрдемақыны төлеумен ғана шектелмей, олардың қоғамның белсенді мүшесі сезінуі үшін пайдалы еңбекке тарту бағытында облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерді де шолып өтті.

 

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша облыста және Индер ауданында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бағдарламаның бірінші бағыты, атап айтқанда, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу жұмыстарына ауылдағы жұмыссыз адамдарды көптеп тарту көзделген еді. Мәселен, ауданда  8 нысан жөнделіп, оған 153 жұмыссыз тартылды. Ал, ауылдағы  кәсіпкерлікті дамыту үшін өткен  жылы 85 адам 217,250 млн. теңгеге егін мен мал шаруашылығын, наубайхана, жылыжай, көлік жөндеу  бағытында кәсіпкерлікпен айналысуға шағын несиелерін  алып, жұмыстарын бастады. Сондай-ақ,  бағдарламаның үшінші бағыты бойынша қайта даярлауға – 30 адам, біліктілігін арттыруға 15 адам оқытылған. Жалпы алғанда, Индер ауданында бұл бағыттағы жұмыстар өзгелермен салыстырғанда едәуір ілгері, – деді насихат тобының жетекшісі.

Топ мүшесі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Т. Әміров Жолдаудағы ауыл шаруашылығына байланысты қойылған міндеттерді сөз ете келіп, облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Субсидия төленетін салалар мен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткен шаруашылықтар жайынан да хабар берді.

«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының негізгі қағидаларын халыққа кеңінен насихаттап, түсіндіру жөніндегі облыстық ақпараттық-насихат тобының сапары одан әрі Көктоғай селолық округінде жалғасты.

Мұнда да Елбасы Жолдауының қоғамдық дамуымыздағы орны мен ролі, өркениетті дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері мен болашақ алар асулары, сондай-ақ  халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу сынды мәселелер төңірегінде жан-жақты сөз болды. Өз кезегінде жиынға қатысушылар өздерін толғандырған бірнеше сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын да алды.  

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Индер  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз