ҰЛТТЫҚ ҚОР – ХАЛЫҚ ҚОРҒАНЫ

ол ел еңсесін көтеруге арналған

Баршаға белгілі, сонау 2000 жылғы 23 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізде Ұлттық қор құрылған-ды. Осы оқиғаға байланысты Елбасы «Әлемде мұнай бағасы өзгеруі мүмкін. Енді қазір соны сатудан түсетін белгіленген мөлшерден тыс табысты кейінге сақтау қажет. Ол мұнай бағасы төмендегенде керек болады. Мемлекет алға қарай сенімді дамуы тиіс, ол үшін жеткілікті қор жасақталуы қажет» деген-ді. Міне, сол көрегендік шешімнің жемісі қазір көрініс беруде.

Жалпы, Қазақстан Ұлттық қор құру кезінде Норвегияның Мемлекеттік қорының тәжірибесін пайдаланды. Өзінде көмірсутегі шикізаты аса мол болмағанымен, еуропалық бұл мемлекеттің мұнай мен газды өте тиімді кәдеге жаратып отырғаны – өзгелерге өнеге. Экономикасы негізінен кеме құрылысы мен балық шаруашылығына бейімделген бұл Скандинав елінің өнеркәсіптік мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, «қара алтынды» өндіру мен өңдеуден түсетін азды-көпті пайданы кейінге сақтауға мәжбүр. Міне, осы себепті, сонау 1990 жылы ел Үкіметі мен Парламенті бірлесіп, осындай қор құруға шешім қабылдады. Егер бюджетке түсер қажетті түсім жоспарлы межеден артылып жатса, онда артығы осы қорға аударылады. Қысқасы, ертеңін ойлаған елдің қамы. Сондықтан, әлемде норвег халқының әлеуметтік мәселесі жеткілікті шешілген, өмір сүру деңгейі жоғары саналады. Мұнда білім беру мен денсаулық сақтау салалары да жақсы дамыған.

Дүние жүзін таң қалдырған «норвег әдісі» туралы әңгімемізді одан әрі сабақтасақ, мұнда кен орындарын игеру мемлекет тарапынан қатты қадағаланады. Кезінде Еуропаның кедейлеу мемлекеттерінің қатарынан саналған Норвегия көмірсутегі шикізатын тиімді тұтыну нәтижесінде қырық жылға жетер-жетпес уақытта адами даму индексі бойынша алдыңғы лекке шықты. Аталмыш индекс адам ғұмырының ұзақтығын, білім деңгейінің биіктігін, денінің саулығы мен материалдық тұрғыдан жеткілікті қамтылуын анықтайды.

«Норвег әдісін» жүзеге асыру үшін саяси берік тұжырым жасақтауға, елге әлемдік мұнай-газ саласы көшбасшыларын тартуға, алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық ілімді іске қосуға, қолданыстағы тәжірибені жетілдіруге, қажетті материалдық базаны нығайтуға тура келді. Мұнай-газ саласына мемлекеттік қатаң бақылау мен тиімді басқару орнатылды, оның қызметі жаңа өнеркәсіпті жандандыруға бағытталды. Тіпті жергілікті мазмұнды дамыту мақсатында көмірсутегі өндіруші компанияларда норвег тілін қолдану міндеттелді. Мұның бәрін неге айтып жатырмыз?

Мамандардың пікірінше, Қазақстан мен Норвегияның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы таңдаған жолы ұқсас. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басымен салыстырғанда біз де инвесторлармен қарым-қатынасты басқаша құра бастадық. Оларға республикада алаңсыз қызмет істеуге жан-жақты жағдай туғызылуымен қатар, талап та күшейтілді. Мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын мемлекеттік құрылымдарда шетелдіктермен бірлесіп шешім қабылдауда сенімділік пайда болды. Ел мүддесін қолдайтын тиісті заңдар өмірге келді. Өзге де оң өзгерістер Ұлттық қор құруға толық мүмкіндік берді. Елбасының бұдан он бес жыл бұрын осындай шешім қабылдауы да сондықтан. Ертеңін ойлаған ер осылай істейді.

Мемлекет басшысының мұндай бастамасының тағы бір себебі – тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары бастан кешкен қиындықтардан шығарылған қорытынды. Сол ауыртпалықтар аға ұрпақтың әлі жадында, тағы бір еске түсірсе де артық емес. Мызғымастай көрінген кеңестік кезең құлап, әр республика дербес шаңырақ көтергенде экономикалық байланыстар да бұзылды. Оған әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы да қосымша соққы болды. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шені мен соңына қарай «қара алтынның» баррелінің бағасы 9-10 долларға дейін төмендеді. Ол 1999 жылдың көктемінде ғана біртіндеп көтеріле бастады. Ұлттық қор құрудағы негізгі мақсат та – кездесуі ықтимал осындай ауыртпалықтың алдын алу. Зейнеткерлердің зейнетақысы, жұмысшылардың жалақысы, мұқтаж жандардың өтемақысы төленбей жүрген сонау жылдары біздің еш жерден ала қоятын ешқандай ақшамыз жоқ еді ғой. Енді, міне, біраз қаражат жинап алдық.

Жалпы, Қазақстан тұтас ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып Ұлттық қорын құрды. Бұған 2000 жылдан бастап «қара алтын» құнының тұрақты өсуі нәтижесінде ел бюджетіне түсетін түсімдердің артуы оң септігін тигізді. Әйтсе де, елең етерлік жай – көмірсутегі шикізатын сатудан республика қоржынына көбірек қаржы құйылғаны ақша айырбас курсына да, инфляцияға да қысымды күшейтеді. Демек, қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекелестік қабілеті кемиді, республика кәсіпкерлерінің қаржылық жағдайы нашарлайды. Ұлттық қордың қаражаты соған қолдау көрсетуге де жұмсалады. Әрине, қор қаражаты алдымен сын сағатта сүрінбей өтуге арналған. Қазіргідей «қара алтын» құны кемігенде, минералдық қор түгесілгенде, экономика шатқаяқтағанда, еліміздің сыртқы қарызын өтеуге, өзге де мемлекеттік мақсатқа жұмсалады.

Ұлттық қор – заңды тұлға емес. Ол – Қазақстан Үкіметінің Ұлттық банкіде жинақталған қаржылық активтерінің жиынтығы. Ұлттық қор екі негізгі міндетті шешуге арналған. Біріншіден, келер ұрпақ үшін қор жасақтау. Екіншіден, бюджеттік түсімдердің сыртқы бағаға тәуелділігін кеміту. Жалпы ахуалды тұрақтандыру үшін құрылған қорға шикізаттық сектордан республикалық және жергілікті бюджеттерге жоспарланғаннан артық және міндетті төлемдер есебінен түсетін қаражат құйылады. Мұндай түсімдерге корпоративтік және қосымша құн салықтары, бонустар, роялти, еліміздің өнімді бөлісу шарттарындағы үлестері мен тау-кен өндіру және өңдеу компанияларының мемлекеттік мүлікті жекешелендіру қаржысы жатады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін сатудан, қолданыстағы заңдылықтармен тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен салымдар осында жинақталады. Яғни, он пайыздық мөлшерде бөлінеді.

Елбасы Жарлығына орай, республикалық және жергілікті бюджеттер жасақталғанда шикізаттық сектордың табысы отандық тауар өндірушілердің сол шикізатты сатудағы орташа бағасы есептеледі. Бұл әлемдік нарықтағы құнға тікелей қатысты. Әзірге, расы керек, Қазақстан сыртқа өңделмеген минералдық материалдарды көбірек шығаруда. Мемлекет басшысының өңдеу саласын шұғыл сауықтыру жөніндегі тапсырмасы да осыдан туындайды.

Енді Ұлттық қордың қызметі қалай реттеледі? Оның жұмысын құрамында Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Премьер-министр, Ұлттық банк төрағасы, салалас министрліктер жетекшілері, т.б. лауазымды тұлғалар бар Кеңес атқарады. Барлық мәселе алқалы түрде шешіледі. Кеңестің ешбір мүшесі оның қызметін жеке жүргізе алмайды.

Ал, қор активтерін басқару Ұлттық банкіге жүктелген. Ол инвестициялық стратегияны белгілейді және орынсыз шығындарға жауап береді. Есепті мерзімнен кейінгі әр жылдың 1 ақпанына дейін ел Үкіметі Ұлттық банкпен бірге қордың қызметін қорытындылайды. Бұл құжат бекіту үшін Мемлекет басшысына ұсынылады, онымен Парламент құлағдар етіледі. Ұлттық қор жұмысына сыртқы, яғни тәуелсіз аудит жүргізіледі.

Білесіздер ме, қорға алғашқы 660 млн. долларды аударған американдық «Шеврон» корпорациясы еді. Бұл – инвестордың «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнындағы бес пайыздық қазақстандық үлесі. Өзгесі – жоспарланғаннан тыс пайданың түсімі.

Ұлттық қор қаражатының күрт көтерілуі – дүниежүзілік додада мұнай бағасының шарықтап өсуіне тура қатысты. Мәселен, 2001 жылдың қорытындысымен оның активтерінің құны 1,2 млрд. долларды құрады. Ал, 2006 жылдың нәтижесімен ол 14 млрд. доллардан асып түсті. Яғни, осы кезеңде әлемдік нарықта «қара алтын» құны қымбат еді. Бұл қаражат көмірсутегі шикізатының бағасы тым төмендегенде де мемлекетке өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,5-2 жылға еркін жетеді. Қазіргі мүмкіндік бұдан да молырақ.

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Ұлттық қорсыз көзге елестетудің өзі қиын. Оны экономикалық қауіпсіздіктің маңызды тетігі ретінде құрған болатынбыз. Ол 2007-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс салдарын жеңуде маңызды рөл атқарды» деген сөзі бар. Жалпы, Елбасы айтқанындай, дағдарыс шексіз болмайды. Ол ұзаққа созыла ма, әлде қысқа қайырыла ма – әйтеуір аяқталады. Сол кезде мұнай бағасы да өседі. Теңіз кенішін игеру одан әрі жалғасқанда, Қашаған кен орны қатарға қосылғанда, өзге де көмірсутегі шикізатына қатысты жобалар жүзеге асырылғанда Ұлттық қорға түсер қаражат та қомақты болмақ.

Алайда, қазір қордағы мол қаржының текке жатқандығының қаншалықты тиімділігі жөнінде де айтыла бастады. Оны тек «қара алтын» құны арзандағанда ғана қолға алу аздық етпей ме? Демек, сарапшылардың пікірінше, Ұлттық қор экономиканың барлық саласын өрістетуге қызмет істегені жөн. Сол арқылы ауыл шаруашылығын, ипотекалық тұрғын үй құрылысын, ақпараттық технологияны, автожол инфрақұрылымын, өзге де өңдеу саласын дамытуға болады. Ұлттық банктің даму стратегиясына сәйкес инвестициялық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі бар. Міне, осы салалар әбден сауыққанда әлемдегі мұнай бағасының құбылуына деген тәуелділік те өздігінен жоғалады.

Бүгінде Ұлттық қор әлі де қалыптасу үстінде. Ол қазірдің өзінде халықтың қорғаны әлеуетін атқарып үлгерді. Елбасы дағдарыс кезінде одан бөлінген әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қатаң тапсырды. Үкімет пен Ұлттық банкіге нақты тапсырмалар берілді. Олар қор қызметінің жариялылығына да жауапты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз