ҚЫЗЫЛҚОҒАНЫҢ ЖЫЛЫЖАЙЫ ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ӨНІМ БЕРЕ БАСТАДЫ

Қызылқоға аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру, насихаттау және оны талқылауға арналған аудан активінің жиналысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша  аудан әкімі Мақсот Мұқанов баяндама жасады.

 – Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы, ол – «Мәңгілік Ел» жобасы, ел тарихындағы аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Үлгілі дамудың өзіндік моделі қалыптасты. Әрбір отандасымыздың жүрегіне елімізге деген шексіз мақтаныш сезімі орнықты,- деді Мақсот Сайполұлы.

Одан әрі аудан әкімі ел болашағының тұтқасын нық ұстау үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясының қабылданғанын, ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналатынын әңгімелей келе былай деді:

– Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты тәжірибелік істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбек етудің керектігін әркім түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ.

Ауданның актив жиналысында сөз сөйлеген Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Жауғаш Тұрдағалиев аудан көлемінде медицина саласындағы қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда ақ халатты жандарға жүктелетін сенімнің аса зор, жауапкершіліктің мол екендігін жеткізді.

Елбасымыз Үкіметке берген тапсырмасында жұртшылықты жергілікті жерлерде өсіріліп, бапталған, экологиялық жағынан таза, денсаулыққа зиянсыз азық-түлікпен, көкөніспен қамтуды бірінші кезекке қойып отыр. Өткен жылы 8 ақпанда Қызылқоға ауданында іссапарда болған кезінде облыс әкімі Бақтықожа  Ізмұхамбетов жылыжай құрылысында болып, аудан әкіміне кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырған еді. Енді, міне, Қызылқоға ауданында  тұңғыш рет көлемі 0,4 гектарға созылған жылыжай құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жылыжайдың ішінде 0,3 гектарға голландиялық қияр өсірілген еді. Хош иісі бұрқыраған қияр жинау басталып, аудан тұрғындары үшін дүкен сөрелеріне ұсынылды. Қазірдің өзінде жылыжайдан 400 килограмм қияр жиналды. Оның бағасы тұтынушыларға аудан орталығынан шалғайдағы қалалардан тасымалданатын өнімдерден әлдеқайда төмен. Жылыжайда өсірілген көк жуа, аскөк, ақжелкен, редиска сияқты өнімдер де ауыл тұрғындарына жеткізілуде. Сондай-ақ, жылыжайда қызанақтың голландиялық жаңа сорты жерсіндірілген. Осы орайда, жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Құрмет грамотасына ие болған, жеке кәсіпкер Тұрлан Бекешев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын ерекше атап өтті.

Так же вы можете посетить отличный женский портал и почитать интересный новости для девушек и женщин.

– Бағдарламаның екінші бағыты «Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бойынша аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған жұмыстар жүзеге асырылуда. Миялы селосының батыс беткейінен 1000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының жанынан жылыжай салуға 3 млн. теңге шағын несие алып, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап осынау игілікті істі бастаған едім. Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысқаныма да 20 жылға жуықтады. Алайда, жылыжай мен үшін тың кәсіп болды. Аудан көлемінде тұңғыш рет қолға алынып отырған жұмыс болған соң қиындығы да мол кездесті. Ақтөбе, Атырау қалаларындағы, Махамбет ауданындағы жылыжайларда болып, олардың жұмыстарымен танысып, агрономдармен пікірлесіп, біраз жаңалыққа қанықтым. Жылыжайды салудың, онда өскіндерді өсіріп, баптаудың қиындығы жетерлік. Қазіргі таңда ауылда жұмыссыз жүрген үш тұрғын жылыжайда бағбанға көмекші болып еңбек етеді. Келешекте жылыжай көлемін 0,35 гектарға дейін көбетуге жұмыстанудамын. Қазтабан, раушан гүлдерін де өсіргіміз келеді. Қазір қарамағымда бұдан басқа екі азық-түлік дүкені, 1 000 тонналық көкөніс қоймасы жұмыс істейді, – деді кәсіпкер.

 «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп пікір білдірген Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбол Бижанов басты  мақсат   жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту және олардың жат ағым жетегіне кетпеуіне ықпал ету екенін жеткізді.

Мағрупа  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз