Елбасы Жолдауы – отыздыққа енгізетін он қадам

1 31 e1515757789574 Саясат

Бақытгүл ХАМЕНОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын биылғы Жолдауы тұғыры биік тәуелсіз ел дамуының жолдарын нақтылап берді.

Қазақстанды жүйелі түрде жаңғырту бағдарламасын қамтитын маңызды құжатта Президент егеменді ел өркендеуінің басты бағыты ретінде цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды. Әлемнің алпауыт мемлекеттері жаңғырудың жаңа сатыларын бағындырған тұста Қазақстан да көшбасшылар қатарынан табылу үшін барлық салаға озық технологияларды енгізуі керек. Өйткені, уақыт өткен сайын заман талабының өзгеріп, жаңарып отыруы – табиғи құбылыс.

Жолдауда сондай-ақ, индустрияны жаңғырту мен цифрландыру, агроөнеркәсіп кешені мен көлік-логистика инфрақұрылымына да ерекше назар аударылып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы «сандық дәуір» дендеген шақта адами ресурстың жұмыссыз қалмауын ескертті. «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын-ала тиянақтау керек»,-деп атап  айтты Елбасы.

Тұрақтылық пен үйлесімділік моделі

Нұрлыбек ОЖАЕВ, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа әлемге – Төртінші индустриалды революция әлеміне сәтті бейімделу үшін ел дамуының 10 басым бағытын белгілеп берді.

Елдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінің негізінде тұрақтылықтың басты құндылығы – азаматтық бейбітшілік, этносаралық және конфессияаралық келісім. Біз тұрақтылық пен үйлесімділіктің өз моделін дамытуда айтарлықтай прогреске қол жеткіздік.

Бүгінгі жағдайда, бүкіл әлемде жаңа экономикалық даму жүріп жатқанда, партияны да үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл әсіресе, «Нұр Отан» партиясын   жаңғырту қажеттілігіне байланысты. Өйткені, экономика жаңарып отырады және саяси күштер оған сәйкес болуы керек. Бұл бағытта біздің жұмысымыздың маңызы зор.

Партияның модернизациясы – қазақстандықтардың әрбір жаңа ұрпағына, олардың жетістіктерге жетуіне жәрдемдесері және еліміздің жаңғыруының дәуірлік міндеттерін шешуге септігін тигізері анық. Саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар әрбір қазақстандықты ағымдағы жағдайға талдау жасап, жаңғыру арқылы не істеу керектігімізді жете ұғынуға шақырады.

Ғылымға бетбұрыс жетістікке жетелейді

Абзал ТӘЛТЕНОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры: Жолдауда атап көрсетілгендей, он бағытқа жүктелген жұмыс – барша қазақстандықтар болып жұмыла атқаратын абыройлы іс. Әсіресе, жетінші міндет – адами капитал – жаңғыру негізі бойынша Елбасы барлық жастағы азаматтарды қамти алатын алдыңғы қатарлы озық білім беру жүйесін құруды жеделдетуде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі заман талаптарына сәйкес оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Біз бүгінде ғылыми тұрғыда білім беруді алға қойдық. Ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарды дамыту үшін көптеген шетел университеттерімен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс орнады. Мұның барлығы Каспий маңы мемлекеттері – Ресей, Иран, Әзербайжан, сондай-ақ, АҚШ, Ұлыбритания және Түркия елдерімен қарым-қатынастан көрінеді.

Үштілділікті алға қойған Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында да қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін баса айтты. Биылғы оқу жылында іске қосылған екі компоненттен тұратын, ағылшын тілін үйренуге арналған «ENGLISH ONLY SPACE» инновациялық кешені, студенттерге, қала тұрғындарына кәсіпкерлік мәдениетті және дағдыларды қалыптастыруға бағытталған «I SPACE», коворкинг алаңы сынды орталықтардың жұмысын арттырамыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз