ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ – ІРГЕЛІ БЕТБҰРЫС

Атырау қаласындағы №4  емхана дәрігерлері арасында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы талқыланды.

 

Онда емхананың бас дәрігері Клара Сұлтанғалиева Мемлекет басшысының бұл Жолдауы ел тарихында саяси маңызы зор бағдарлама деп атап көрсетті. Яғни, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуінің нақты есептелген жолы – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жаңа мағынасын қалыптастырады.

Жолдауда әлеуметтік салалар ішінде денсаулық жүйесіне де ерекше маңыз берілген. Атап айтқанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, тұрақты профилактикалық тексерістен өту сияқты салауатты өмір салтын насихаттау міндеті іске асырылып, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, Жолдауда денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға дейін арттырудың маңызы ерекше атап көрсетілді. Бұл дәрігерлердің жұмысын ынталандыруға ықпал етері анық. Қазірдің өзінде медицина қызметкерлері үшін жұмыс нәтижелеріне қарай негізгі жалақысына қосымша еңбекақы алу мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы жылы дәрігерлерге сараланған еңбекақы төлеу жүйесінің енгізілетіні қуантады.

Клара Олжағалиқызы Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға емхананың әрбір дәрігері мен мейірбикесін еселі еңбектерімен атсалысуға шақырды.

Жолдауға байланысты емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлшат Мырзабаева,  дәрігерлер Гүлнәр Оразова, Бисенбай Ғаббасов, медбикелер Мира Оспанова, Рая Мағауина өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз