БАЙЫПТЫ БАҒДАР, АЙҚЫН МІНДЕТ

Мемлекет басшысы Жолдауын халыққа түсіндіру және насихаттау мақсатында облыс әкімдігі жанынан  құрылған ақпараттық-насихаттық топтардың бірі Атырау қаласына қарасты Кеңөзек селолық округінде болып,  тұрғындармен кездесті.

 

Елбасы Жолдауын талқылауға ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен атсалысты. Жиынды селолық округ әкімі Ғаріпжан Әбішев ашып, стратегиялық құжаттың маңызына тоқталды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының өкілі Әбілхан Төлеуішев Елбасы Жолдауының өміршеңдігіне тоқталып, ақжолдықтар жұмыс бағытын тарихи құжатқа сәйкестендіріп, саралап жатқандығын айтты.

Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Ел экономикасында кәсіпкерліктің үлесі артқан сайын  Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бұл жөнінде Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Роза Байсалықова баяндады. «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық құқықтық нормалардың күшін жою керек. Кәсіпкерлік ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға және жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс» деген Р.Байсалықова шағын және орта бизнестің облыстағы даму сатыларына тоқталды.

Елбасының алға қойған міндеттерін орындауда, бұл салада ағымдағы жылы да атқарылатын іс аз емес. Шағын несиелендіру бойынша ақпан айында 45 адамды қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде «Бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды, онда кәсіп иелеріне қажетті барлық қызмет түрлері көрсетілуде.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің шет тілі кафедрасының меңгерушісі Баянсұлу Тыныбаева  Жолдауда көрсетілген шәкіртақыны өсіру, ғылымды дамытуға қаржы бөлу студенттер мен жас мамандарға тың  серпін  бергенін атап  айтты. Сондай-ақ, ол студенттерді мекемелерде өндірістік тәжірибеден өткізіп, сол жерде жұмысқа орналастыруға жағдай жасау мәселесін қозғады.

Кездесу сұрақ-жауапқа ұласып, тұрғындардың сауалдарына жауап берген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова халыққа қолжетімді бағамен азық-түлік  ұсыну шаралары ұдайы жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғын үй төлемдері бойынша заңды негізде жеңілдіктер беріліп, қаржылай өтем жасау туралы тиісті мекемелермен меморандумдарға қол қойылғанын айтты.

Елбасының тапсырмаларын мүлтіксіз орындау – әр тұрғынның парызы. Дәстүрлі Ислам дініне бет бұрып, ұлттық құндылықтарымызға да берік болуымыз қажет. Бұл бағытта «Иманғали» мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанов кеңінен ой толғады.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз