АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ!

Бірыңғай  ұлттық  денсаулық сақтау  жүйесі  қалай  іске  асуда? 

«Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі - медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты».

(Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты  Жолдауынан) 

«Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу - аурудың алдын алудың негізі».

(Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан)

 Мемлекет басшысы 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағыты айқын көрсетілді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы басты құндылық – адам факторы және оның денсаулығы. Сол себепті де, Елбасы денсаулық сақтау саласына үлкен мән беріп отыр.

Елбасы Жолдауының маңыздылығы және Президент Жарлығымен бекітілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің екінші кезеңі біздің облыста қалай өтіп жатыр? Аталған жүйе халыққа емделуші дәрігерлер мен медициналық мекемені еркін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы бәсекелестік, қолжетімділік, қызмет сапасы қалай жүргізілуде? Мемлекет бұл саладан қаржыны аяп жатқан жоқ. Сол қаражаттың игерілуі қандай дәрежеде? Қиыншылықтар мен кедергілер қандай? Міне, осы тақырыптарда сөз қозғау үшін газет редакциясы «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме ұйымдастырған болатын.

«Дөңгелек үстел» жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Балкенже Масалимқызы Барсаева, №7 емхананың бас дәрігері Ғазиз Қалам- ұлы Есқалиев, №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай Қуанұлы Қуанов, республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Атырау облыстық филиалының директоры Майра Тұрланқызы Қашкенова, облыстық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марат Жылқыбайұлы Ербосынов және Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Байтолла Закрияұлы Ғазизов қатысты.

Шақырылғандар қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы да бар болатын. Өкінішке орай, осы саланың құзырлы органы болып табылатын аталған басқарма басшылығы бұл басқосуда көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына аса мән бермеген тәрізді. Телефон қоңырауына да жауап болмады. Шараға қатыспады да.

«Дөңгелек үстелді» газет шолушысы Ағиба Қатешова жүргізіп отырды.

«Алғашқы

медициналық көмек уақытында болса…»

abalkenjeБалкенже БАРСАЕВА: ҚР Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту» деп атап көрсетті. Өте дұрыс айтылған тұжырым деп есептеймін. Шыны керек, осыған дейін алғашқы медициналық көмек көрсететін емханаларды қаржыландыру мәселесі стационарға қарағанда өте төмен болды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 14 пайызы ғана емханаларға қаралса, 75 пайызы ауруханаларға тиісті болды. Осы мәселелерді ретке келтіру және алғашқы медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында үстіміздегі жылы Үкімет қаулысы шығып, Қазақстан халқының бір адамға шаққандағы шығыны республикалық бюджет бойынша 768 теңгені құрап отыр. Бұған қоса 100 теңге ынталандыру коэффициенті бар.

Бұрын әр облыста бұл баға әртүрлі, 200 бен 500 теңге аралығында болатын. Қазір бұл көрсеткіш барлық облыста да бірдей. Ал, 2015 жылы бұл қаржы көлемі 960 теңге болады деп күтілуде. Біздің облыста кісі басына 686 теңге қаралып отыр. Оның себебі, бұрын селолық жерлер мен қаланың айырмашылығы көп болды. Қазір бәрі теңестірілді. Оның үстіне оларға селолық коэффициент қосылады. 

aagibaАғиба ҚАТЕШОВА: Ынталандыру коэффициенті дегенді қалай түсінуге болады?

Балкенже БАРСАЕВА: Бұл – алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатындағы емханалардың барлығына да республикалық бюджет есебінен бөлінетін қаржы. Бұрын 9,7 млрд. болса, биыл 45 миллиардқа жетіп отыр. Ал, біздің департамент бойынша облыс халқына стационарлық көмек көрсетуге, болмаса, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсету мақсатында бөлінген қаржы 2010 жылы 4,3 млрд., ал, 2014 жылы 4 млрд. 322 млн. теңгеге жетті.

Бүгінгі алдымызда тұрған басты міндет – халыққа қолжетімді және тегін медициналық көмек көрсетуді толық шеңберде іске асыру. Осыған байланысты облыс бойынша 17 медициналық мекемелермен келісім-шарттар жасадық. Олардың ішінде төртеуі – жеке клиникалар. Бүгінгі күні бұл мекемелерге ауруды емдеуге, қажетті құралдарын алуға қаржылары бөлінді. Жұмыс жасауға толық мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Жалпы, жергілікті бюджетсіз, республикалық бюджеттің өзінен бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне 4 млрд. 322 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Соның ішінде 495 млн. облыс орталығында төрт жоғары мамандандырылған медициналық мекемеге бөлінді.

Жоғары мамандандырылған медициналық мекемелер бізде төртеу, облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, кардиологиялық диспансер және облыстық перзентхана. Бұл мекемелерде өте жоғары медициналық көмектер көрсетіледі, күрделі оталар жасалады. Мемлекет бұл бағыттағы қаржыландыруды да шешіп отыр. Мәселен, жүрекке жасалатын отаға адам басына 1 млн. 200 мың теңгеден 3 миллионға дейін қаржы қаралған. Тағы бір айта кететін нәрсе, нейрохирургия саласында да оталар жасалады. Мысалы, облыстық балалар ауруханасында нейрохирургтер балаға өте күрделі ота жасады. Шынын айту керек, мұндай ота республикада да бұрын жасалмаған. Бұдан біздің ауруханалардың жағдайларының жақсарып, дәрігерлердің біліктіліктерінің артқандығын көруге болады.

Мүмкіндік мол, нәтижесі

қандай?

akyanovЕркінбай ҚУАНОВ: Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы «Салауатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады» деген тұжырымы көңілге өте қонымды айтылған. Шынымен де, осыдан он жыл бұрын басқа жаққа барып емделуге, көңілің қалаған дәрігерге немесе мекемеге барып қаралуға мүмкіндік болған жоқ. Ал, қазір бұл мәселелерді Үкімет шешіп беріп отыр. Науқастың барып-келуі, емделуі, болмаса ота жасалуы мемлекет есебінен қаржыландырылады. Бұл кез келген елдің маңдайына жазылмаған үлкен жетістік деп есептеймін. Бұл – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі оңды өзгерістердің нәтижесі.

Биылғы жылдың ерекшелігі емхана аумағында қанша тұрғын бар, қаржы соған байланысты бөлінеді. Сырқат кез келген лабораториялық, диагностикалық зерттеуден тегін өтуге тиісті. Тұрғындарды өзімізде жоқ медициналық көмек түрімен қамтамасыз ету мақсатында он үш медициналық мекемемен келісім-шартқа тұрдық. Осыған сәйкес, емделуші бізде жоқ мамандарға немесе лабораториялық зерттеуге, аппарат түрлеріне жолдамамен баруларына болады.

Жаңаның аты – жаңа, қызмет көрсету жағынан халыққа қай жағы тиімсіз болып жатыр, соны бақылау үшін арнайы сайт ашып қойдық. Сөйтіп, көпшіліктің сын-ескертпелерінен үнемі хабардар болып отырмыз.

Ағиба ҚАТЕШОВА: Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Байқауымызша, халыққа ыңғайсыздық тудырып отырған жайттар да бар сияқты. Мысалы, емханалардағы кезектің шеті мен шегі көрінбейді. Кейбір дәрігерлердің қабылдауын 15-20 күндеп күтуге тура келеді. Тіпті учаскелік дәрігерге кірудің өзі мұң. Жасыратыны жоқ, медицина қызметкерлерінің тарапынан дөрекілік те кездесіп жатады. Өздері сырқаттанып барған жандар үшін бұл жағдай «жығылған үстіне жұдырық» тәрізді емес пе?

Еркінбай ҚУАНОВ: Мұның басты себебі, алдын ала жазылған адамдар көбіне талонда көрсетілген уақытында келмейді. Мысалы, 14.30-ға жазылған адам сағат үштен кете келеді. Дәрігерлердің айтуынша, таңертеңгі сағат 9-10-ға дейін адамдар баяу келеді. Ал, түсқайта сағат 16-дан кейін жоққа жақын. Сол аралықта ретсіздіктер орын алады да адамның көбейіп кетуіне әкеледі. Адам көп, ал дәрігерлердің мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан, бұл ретсіздіктерді жою халықтың өз қолында деп ойлаймын.

Балкенже БАРСАЕВА: Осы жерде мен мынандай ой қосқым келеді. Жоғарыда айттық, бізде баламалы түрде ақы төлеу, ынталандыру коэффициенті бар. Осы коэффициент әр мекемедегі комиссияның шешімімен қызметкердің жұмыс сапасына байланысты төленуі керек. Адамдар әртүрлі. Мысалы, бір медбике жұмысқа бар ынтасымен кірісіп, науқастың көңілін дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзімен, адамгершілік қасиетімен емдейді, екінші біреулері қалай болса солай, әйтеуір міндетінен құтылу үшін жүреді. Мұндай жағдайлардың бар екендігі жасырын емес. Демек, әдістемелік-іскерлік жұмыс жоқ. Этика-диентология бағытында көп жұмыстану қажет. Үкімет бізге бар жағдайды жасап отыр. Жеке клиникаларға барғанда науқас өзін өте ыңғайлы сезінеді. Себебі, оларда есіктен кіргеннен бастап барлық мәдениеттің түрі көрініп тұрады. Мемлекеттік медициналық мекемелерде бұл мәселелер жолға қойылмаған. Сондықтан да осы дәрежеге жету жолында толықтай жұмыстануға тиістіміз. Оған бүгінгі күні толық жағдай жасалып отыр.

Науқас

көңілден де

ем алады

akaskenovaМайра ҚАШКЕНОВА: Менің айтайын дегенім, мемлекеттік медициналық мекемелерде қаржы мәселесінің шешіліп, еңбекақысына үстемеақы төленуі – жақында ғана шешілген мәселе. Екіншіден, сонау кеңес өкіметінен бері мемлекеттік мекемелер көпшілікпен жұмыс жасап келеді. Соған қалыптасқан. Ал, жеке клиникалар бар мүмкіндіктерін халықты жұмылдыруға пайдаланады. Оған олардың жағдайлары да жетеді. Мысалы, мемлекеттік медициналық мекемесінің кіші медицина қызметкерінің айлық жалақысы 18-20 мыңды құраса, жеке клиникалардағы осы категориядағы қызметкерлер 30-40 мың жалақы алады. Айырмашылық бар, демек, талап та осылай қойылады. Менің ойымша, жеке мекемелердегі сияқты ең бірінші, мемлекеттік қызметкерлердің психологиялық ұғымдарын тереңдету керек. Әр қызметкер өз жауапкершілігін терең сезініп, өз кәсібінің, өзі қызмет жасап жүрген мекемесінің абыройы мен жетістігі үшін қызмет жасайтын жағдайға келулері керек. Сонда ғана бүгінгі кездесіп отырған сәйкессіздік жойылады деп ойлаймын.

Байқап отырсақ, мемлекеттік мекемелерде де сол жеке клиникалардағы сияқты бағалы аппараттар да, жоғары категориялы дәрігерлер де бар. Сондықтан, емделушіні қабылдаудан бастап, көрсетілетін қызметтің мәдениетті, білікті жүргізіліп, науқастың Балкенже Масалимқызы айтқандай, тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөз, кісілік қасиеттермен де емделуіне жағдай жасайтын кез келді. Осы бағытта жұмыстанған дұрыс деп есептеймін.

Еркінбай ҚУАНОВ: Өте дұрыс пікір. Біздің емханаға 62 мың адам тіркелген. Келушілер бір толастап көрген емес. Жақсыға ұмтылу – заман талабы. Сондықтан, мүмкіндігінше халықтың уақытын алмай, ыңғайлылық жасауға тырысып жатырмыз. Осыған байланысты арнайы штат ашып, екі адамды жұмысқа қабылдадық. Ол екі қызметкер есіктен кірген кісілерге жөн сілтеп, үлкен кісілерді қажет дәрігерлеріне апарып, қызмет көрсетеді. Интернет арқылы да кезекке жазылуға болады.

Біздің барлығымыздың алдымызда бір-ақ мақсат – аурудың алдын алу. Ауруды емдегеннен гөрі, аурудың алдын алғанның тиімділігін әр адам толық сезінсе дейміз. Себебі, адам денсаулығын жақсартудың басты тетігі – өз қолдарында. Дәрігердің еншісіндегі бар болғаны 8-10 пайызы. Осыны халық естен шығармағаны абзал. Және де басқа да дамыған елдер сияқты жеке клиникалар мемлекеттік медициналық ұйымдармен біріге отырып жұмыс жасаса, ұтарымыз көп болмақ.

aerbosМарат ЕРБОСЫНОВ: Облыстық аурухана барлық жеке клиникалардың барлығымен де келісім-шартқа тұрған. Олар қаралған науқас түріне қарай стационарлық емге біздің ауруханаға жіберіледі. Сондықтан, бөліп-жармай ортақ іске ыждағаттылықпен қарап, біріге іс тындырған жөн деп есептеймін.

Халық тегін

қызметті

пайдаланса игі 

 

agasisҒазиз ЕСҚАЛИЕВ: Мақсат ортақ, міндет айқын. Аурудың алдын алу, емханалардың қаражат күшін күшейтудің бірден-бір жолы. Бұл мемлекет үшін де, адам үшін де тиімді.Үстіміздегі жылы тегін медициналық көмектің берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді халыққа тиімді жеткізу – біздің ең басты ұстанымымыз. Біз былтыр жеті түрлі ауруға скринингтік тексеріс жүргізсек, биыл тағы да үш түрі – өңеш-асқазан рагі, аталық без рагі, бауыр рагін тексеру қосылып отыр. Және бұлардың барлығы тегін түрде, мемлекет есебінен жүргізілуде. Мамандардың жетпестігін болдырмау үшін және кезекті азайту үшін №7 емхана балалар емханасымен қосылып, қайта құрылды. Нәтижесінде, жалпы практикалық дәрігерлер институты құрыла бастады. Емхана базасында Ақтөбе медицина университетімен бірлесіп, жалпы практикалық дәрігерлерді даярлықтан өткізетін төрт айлық көшпелі оқу ұйымдастырылды. Онда емханадан 9 дәрігер, облыс бойынша 40 дәрігер білімдерін жетілдіруде. Қазірдің өзінде екі жалпы практикалық дәрігер тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде.

Жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып медициналық көмектің сапасын жақсарту мақстында емхана базасында бірлескен «Олимп» клиникалық, биохимиялық лабораториясы іске қосылды. Олар дүниежүзілік стандартқа сай қызмет көрсетеді. Енді тұрғындардың анализдерін Астана, Алматыға жібермей, осы жерден алуға мүмкіндіктері бар.

Жалпы көпшілік мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдалануға тиісті деп ойлаймын. Өйткені, аурудың алдын алуға толық мүмкіндік жасалып отыр ғой. Мысалы, өткен жылы скринингтік тексерудің нәтижесінде үш рак ауруы табылып, сол адамдар тиісінше ем-домдарын алды. Уақытында алынған емнен толықтай жазылып кеткендері де бар. Сондықтан, халық өздері үшін Үкімет тарапынан істеліп отырған осы мүмкіндікті пайдалану керек. Былтыр осы мақсатқа қаралған қаражатты түгел игере алмадық. Себебі, халық тексерілуге құлықсыз. Шақырсақ та келмейді. Елбасының күні кеше жасаған Жолдауының аты айтып тұрғандай, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ – бұл халық үшін жасалып жатқан сан тарау бағыттағы қомақты іс-шаралар. Бұл істі алға апарып, дамыған елдер қатарына еркін қосылуымыз үшін керегі – денсаулық. Осыны тұрғындар салиқалылықпен түсініп, білсе деймін.

Жеке клиникалар турлы жақсы пікірлер ортаға түсіп жатыр. Мен тәжірибе жинақтау мақсатында бір уақыттарда «SOS» мекемесінде бір айдай жұмыстан кейін барып жұмыс жасадым. Онда да біздің дәрігерлеріміз. Бірен-саран ғана басқа жақтан келгендер. Ешқандай басымдық көре алмадым. Аппаратуралары да дәл біздегідей. Олардың емделушілері сақтандыру компаниялары арқылы келгендіктен, таңдаған адамдарын ғана қарайды. Мемлекет теңестіру мақсатында мемлекеттік медициналық мекемелерге шаруашылық құқығын берді. Енді дәрігерлердің жалақысын өзіміз қоямыз. Дәрігерлердің білімдерін жетілдіру үшін Үкімет тағы да қаржы бөліп отыр. Ал, жеке орталықтарда бұл мүмкіндік жоқ. Сондықтан да мемлекеттік мекемелердің жағдайы алдағы уақытта өте жақсы деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Бүгінгі күні 67 дәрігеріміз бар. Мамандармен толық қамтылдық. Жалақымыз да жеке емхана қызметкерлерімен теңесуге жақын.

Тағы бір тоқтала кетейін дегенім, медицинада иммунды профилактикадан бас тарту дегендер еш уақытта болып көрген емес. Қазір бұл емханалардағы басты қиыншылықтардың бірі болып тұр. Бүгінгі күнге 127 адам профилактикалық егілуден бас тартып отыр. Оның негізгі себебі, бұл бағыттағы ақпараттардың әсері ме деп ойлаймын. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде, эфирде елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан бұл бағыттағы нашар деректерді жиып-теріп, қайта-қайта жариялап, үстемелеп береді де отырады. Осыдан келіп халық арасында қорқыныш, сенбеушілік туындайды. Шүкір, халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, сауаттары жетеді. Сондықтан, екпе жұмысына тұрғындардың өздері мүдделі болуға тиісті.

Ал, емханаларда кезектің бар екендігі рас. Оған тұрғындар да, медициналық қызметкерлердің де кінәсі бар. Бұл мәселені шешу – біздің алдымыздағы міндет. Видеокамера қойып, видеорегистраторды іске қостық. Егер сырқат көбейіп кетіп жатса, қосымша дәрігер қосып, қайткенде де халықтың күтіп қалмай, дер кезінде дәрігерлік көмек алуына жағдай жасап жатырмыз. Тұрғындарымыз да бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, талонда көрсетілген уақытында келіп, ұзын-сонар кезекті болдырмауға атсалысса деген тілек бар.

Емханада кезек болмауға тиіс

Майра ҚАШКЕНОВА: Ең бірінші адам мемлекеттік медициналық мекемеге келгенде кезек күтпей, еркін қаралатын жағдай туғызуымыз керек. Шындығында, кейбір адамдар дәрігерге қаралу үшін жұмыстан сұранып кетуге мәжбүр болады. Сұранған уақыты кезек күтуге кетіп қалғаннан кейін, ол енді жеке кәсіпке баруды дұрыс санайды. Бұл жағдайлар теңестірілген кезде ғана мемлекеттік мекемелердің беделі көтеріледі.

Марат ЕРБОСЫНОВ: Әріптестерімнің көтеріп отырған мәселелерінің барлығы да өзекті. Осы Бірыңғай ұлттық медициналық жүйе арқылы мемлекет қолдан келген жағдайдың барлығын да жасап отыр. Осы мәселелерді тұрғындар да жетік біліп, толық меңгерсе деген тілек бар. «Бес саусақтың бірдей еместігі» сияқты көптің ішінде ала да, құла да болады. Кейбір азаматтар кепілдік, тегін деген сөздерді желеу етіп, орынсыз талаптар да қойып жатады. Кепілдікке емхана дәрігерінің жолдамасымен, сонда көрсетілген ем түрлерін жүргізу ғана кіреді. Мысалы, бізде денсаулықты зерттеуге арналған алты бағалы аппаратура бар. Олардың қызметін сол жолдамамен келгендер, он сегіз жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, кейбір әлеуметтік дәрежедегі науқастар тегін пайдалана алады. Егер өз еркіңмен келіп, басқа да тексеру жүргізу керек болса, онда ақылы қызметті пайдалануға тиісті. Осының жігін сырқаттар көбіне түсіне бермейді. Елбасы айтқандай, әркім өз денсаулығы үшін жауапты болу керек. Аурудың жағдайы жүз пайыз дәрігерлердің қолында деп түсіну – қате. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастыр» деген ұғым осыған саятын сияқты.

Жасыратыны жоқ, қазір адамдарда қозғалыс жоқ. Әлеуметтік жағдайлары да әртүрлі. Дәрігерлерге сенімнен гөрі, күдікпен көбірек қарайды. Сөйтіп, Астраханға, болмаса емшілерге барып көрінгенді дұрыс санайды. Бірақ, соңында бізге келіп маңдай тірейді. Бойдағы дертті асқындырмай, дер кезінде қаралып, ем алу – аурудан тез айығудың кепілі. Жаңа әріптестер айтқандай, оған біздің облысымызда мүмкіндіктер мол. Адам өмірінің сәулелі болуы үшін ең қажеттісі – денсаулық. Оған мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Ендеше, осы мүмкіндікті толықтай пайдалана білген жөн деп ойлаймын.

bautolla Байтолла ҒАЗИЗОВ: Бұл жүйенің басты қағидаттарының бірі – қолжетімділік және қызмет сапасын арттыру. Осы орайда тұрғындардан арыз-шағымдар түсіп жатады. Мысалы, өткен жылы департаментке тоқсан бір шағым түсті. Олардың ішінде дәлелді, дәлелсізі де бар. Алпыс төрт арызда медициналық қызметтің сапасының төмендігі туралы айтылған. Ал, он екі арыз медицина қызметкерлерінің этикасына байланысты. Әр арыздың соңында адам бар, сондықтан дер кезінде көңіл бөліп, шара алынып отырады.

Әріптестерім айтқандай, әр адамның денсаулығы – өз қолында. Мамандар бар, медициналық технология жетіп тұр, бұрынғыдай аяқ бассаң ақшаға тірелмейді. Адам денсаулығының 50 пайызы өмір сүру ортасына байланысты дейді. Демек, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс.

Түйін:

Көкейде жүрген көп сауалдың жауабы, атқарылған игі істер мен шешімін күткен өзекті мәселелер төңірегіндегі ойлар бір арнаға тоғысып, осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың ортақ талқысына түсті. Бұл бағыттағы алуан түрлі өзгерістер мен жаңалық, бастамаларды «дөңгелек үстелге» қатысушылар тілге тиек етті.

Қорыта айтқанда, алға қойған мақсат айқын. Бір ғана қосарымыз – Атыраудай сәулетті қаламызда жалғыз-ақ типтік емхана бар. Қалғандары емханаға сәйкестендірілген ғимараттар. Бүгінгі күнгі Елбасы тарапынан ерекше көңіл бөлініп, халық денсаулығының жақсаруы үшін мемлекеттен зор қолдау көрсетіліп отырған тұста материалдық-техникалық базаның әлсіздігі үлкен қолбайлау болуы әбден мүмкін. Мүмкін, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырған кедергілердің бірі де осы шығар. Осы жағын да саралап көрсек…

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз