Табылды Досымовтың ұлы Астана төрінде концерт берді

0D8A8021 Мәдениет

 Дүниеден өткеніне ұзақ уақыт болмаса да, көзі тірісінде аңызға айналып үлгерген қазақтың тұңғыш барды, Атыраудың алып ұлы Табылды Досымовтың даңқы жылдар керуенінде асқақтап келеді. Ақынның ақиқаттың ақ семсеріне айналған азаттықсүйгіш туындылары оқырман мен тыңдарман жүрегін жаулағалы қашан?.. «Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші, Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші. Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді, Алыбымды абайсыз өлтіріп ем десеңші…» деген найзағай жолдар талай сын сағатта ұлттың намысын тілгіледі. Бұл күнде Табылды есімі таусылмас сағыныштың синонимі іспетті. Бір көңіл жұбанарлығы ақын атында республикалық қор жұмыс жасайды. Ол дүниеден өткелі бірнеше өнер фестивалдері өтті. Екі кітабы жарық көрді.

0D8A8021

Қазақтың «Орнында бар оңалар» деген қанатты сөзіне тағы бір мәрте айғақ болып, жуырда жақсы бір жаңалықтың куәсіне айналдық. Астана төріндегі Қазақстан концерт залында ақынның ұлы Абыл Аяштың «Тұңғыш рет» атты жеке концерті болып өтті. Т.Жүргенов атындағы белгілі өнер ордасының түлегі Абыл әке аманатына адал, өзі де талантты әнші ретінде тыңдарманға тамаша бір сый тарту етті.

Концертте Табылды Досымовтың туындыларын гитарада орындаған Абыл әр әннің шығу тарихына да тоқталып отырды. Қазақ гитарасының королі атанған, өткен ғасырда жұртшылық жүрегін «Жас қалам» сынды әнімен жаулаған Қорабай Есенов, Арқаның белгілі әншісі Сейіл Аяғанов, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова және басқа да жас өнерпаздар әннен шашу шашқан бұл концерт астаналық көрерменін қатты тебірентті.

Шығармашылық кешке Атыраудан арнайы делегация барып қатынасып, туған жердің ыстық сәлемін жеткізді.

Әлия Даулетбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз