Нұрсұлтан Назарбаев: Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады

zhastar 01 Саясат

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас буынды Жастар жылының басталуымен құттықтады» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. Осы 27 жыл Тәуелсіздіктің ішінде көп нәрсе жасадық. Көп жеңіске жеттік. Тәуелсіз Қазақстанды орнатып, ондай мемлекетті дүниежүзінің картасына қойдық. Бұл шекарада, бұл ауқымда дәл осындай жағдайда еш уақытта Қазақстан болған жоқ. Дүниежүзі барлығы паш еткен, мойындаған, қадірлеген ел бола алғанымыз жоқ. Сондықтан, ата-бабамыздың арманын орындап, біздің буын тәуелсіздік орнатты. Әрбір адам саясатқа келгенде, әсіресе ел басқарамын деген үміті болса, оның халыққа жолдайтын ойы, жоспары болуы керек. Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың бәрін айта беруге болады. Тәуелсіздігімізді алдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын арттырдық, мәдениетін, денсаулығын көтердік, Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік – сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық», – деді Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

 

президент

Президент өз сөзінде осы жүзеге асырылған шаралардың ең негізгісі – жаңа буын екенін атап өтті. «Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны – Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын», – деді Елбасы.

Президент бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті. «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар – бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін атап өтті. «Аллаға шүкір, біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», – деді Елбасы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз