«БИІККЕ ШЫҒУ ҮШІН БІЛІКТІ ШЫҢДАУ ҚАЖЕТ»

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жастарға осындай талап қойды
Жасөспірімдер арасында негізінен біреудің мүлкін жасырын жолмен ұрлау қылмысы көп кездеседі екен. Осыған орай, атқарылған түрлі профилактикалық шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс саны 25,2 пайызға төмендеген. Атырау облысы әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында белгілі болған бұл жайт туралы Облыстық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов мәлімдеді.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңес отырысы барысында баяндама жасаған полиция подполковнигі Мұрат Демегенов бүгінде түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 292 жасөспірімнің есепте тұрғандығын айтты.
«90-нан астам жасөспірім бейімдеу орталығына жөнелтілді. Мақсат олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын-алу. Бүгінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына 38-ге жуық құжат жолданды. Оның ішінде ата-аналық құқығынан айыруға қатысты жинақталған үш құжат та бар» деп атап өтті ол. Сала маманының айтуынша, қылмыстық жағдайлардың алдын-алуда әлеуметтік психологтар мен ата-аналар комитетінің ролін күшейту керек. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс түрлі келеңсіздіктерге бейім жасөспірімдерді анықтап, олармен арада тәрбиелік жұмыстарды жиілету бағытында жүруі тиіс.
Бұл орайда кеңес отырысына төрағалық етуші Бақтықожа Ізмұхамбетов аудандардағы ахуал жайында сұрап, бүгінде оған Мақат ауданы бойынша қылмыстық жағдайдың күрделеніп тұрғандығы жөнінде мәлімет келіп түскендігін айтты. Баяндамашы аудандарда жағдайдың бірқалыпты екендігін, Мақат бойынша қылмыстық өсу фактісінің бар екендігін мәлімдеді. Оның айтуынша бүгінде Ішкі істер органдары қызметкерлерінің негізгі күші аталған ауданға жұмылдырылған. Осы орайда бейне байланысқа шыққан Мақат ауданының әкімі Ерболат Умаров бүгінде ішкі істер бөлімінде 20 орынның бос тұрғандығын жеткізді. «Негізінен инспекторлар орны бос тұр. Екі бірдей мектеп инспекторы да жетіспейді» деді ол. Кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл мәселеге орай арнайы тапсырма берілгендігін, десе де мектеп инспекторлары проблемасына қашан да мұқият болуды тапсырды.
Одан әрі жастар арасындағы жұмыссыздық және оны шешу жолдары жөнінде баяндаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева жұмыссыз ретінде тіркелген 5041 жастың 1375-і тұрақты жұмысқа орналасқандығын айтты. «Кәсіби мамандыққа оқуға жіберілгендердің 53 пайызын жастар құрайды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының белсенді қатысушысы жастар» деп атап өткен ол, жыл басынан бері бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі 51 мәрте өткізілгендігін, нәтижесінде 1322 адамның тұрақты жұмысқа орналасқандығын айтты. Сала маманы жастар арасындағы жұмыссыздық себебін еңбек тәжірибесінің аздығымен немесе оның тіптен болмауымен байланыстырып отыр. «Сол себептен де әлеуметтік жұмыс орындарын құруға, еңбек тәжірибесін ұйымдастыруға баса назар аударып отырмыз. Бұл мәселеде жалақы мемлекет тарапынан төленетіндіктен, жұмыс берушілер бастаманы қолдап отыр. Өйткені, оларға тәжірибеден өтушілер арасынан бәсекеге қабілетті еңбек күшін таңдап алуға мүмкіндік беріліп отыр» дейді ол. Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндамашыдан Қашаған, Болашақ кен орындарындағы жобалау жұмыстарының аяқталуына байланысты жұмыстан қысқарып жатқан жастарды еңбекке қайта араластыру мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын сұрады. Баяндамашы Клара Мұқашкереева бүгінде 3000 адамның жұмыстан босатылғандығы жөнінде мәлімет келіп түскендігін, олар туралы ақпараттың тиісті орындарға жолданғандығын айтты.
«Жастарға жұмыс тауып беру керек» деген көзқарас кейде бізге мәселенің екінші қырына үңілуге мүмкіндік бермей жатады. Мәселен, ұсынылған жұмысқа барғысы келмейтіндер, жалақысы төмендеу қызметке тұрудан қашқақтайтындар да бар. Осы орайда кеңеске төрағалық етуші Бақтықожа Ізмұхамбетов «80 мың мен 100 мың теңге арасында айлығы бар ұсынылған жұмысты менсінбейтін жастар бар. Олар кемінде 300 мың теңге жалақы алуды қалайды. Сондай бір жас жігіт менің қабылдауымда да болды. Биікке ұмтылу дұрыс та болар. Бірақ, әуелі адам сол биікке лайық болуы үшін де тәжірибе жинақтап, білігін шыңдап алуы керек. Жұмыс сұрап Президентке хат жазумен, одан қалды әкімнің қабылдауында болуға асығудан бұрын, жұмыспен қамтитын тиісті органға барып тіркелу керек» деп атап өтті.
Кеңес отырысында баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева жастар кәсіпкерлігінің мемлекет дамуында маңызды роль атқаратындығын айтты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 71 адам оқытылды. Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту жобасына 6 кәсіпкер қатысып, «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымында оқыды» деген ол, 36 жас кәсіпкердің бухгалтерлік және салық есебі, кедендік процедуралар, менеджмент, заң, маркетинг салалары бойынша тегін кеңес алғандығын мәлімдеді. Сала басшысы банктен несие аларда кепілдікке салынатын жылжымайтын мүліктің болмауы, кәсіпкер ретінде алты айлық табысын дәлелдей алмауы сынды мәселелердің жастар бизнесі үшін қолбайлау болып отырған проблемалардың бірі екендігін жеткізді.
Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мал өсіріп, егін егу арқылы да мол табысқа кенелуге болатындығын, Жайық жағасындағы ауыл жастарын мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды тиімді пайдалануға шақыру керектігін айтты.
«Құрманғазы ауданының тұрғыны кір жуатын ұнтақтың жаңа түрін ойлап тапты. Өнімі дүкендегілерден әлдеқайда арзан және экологиялық тұрғыда тиімді. Осындай өнертапқыштарға қолдау көрсетуіміз керек» деген ол жастардың түйіндемелері орналастырылған электронды биржа ашуды, тәжірибеден өткен жастардың жұмысқа орналасу жағдайын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жастардың бос уақытын өткізетін ошақтар жұмысын күшейтуді, діни ағартушылық бағытындағы шаралардың нәтижелілігін арттыруды міндеттеді.
Кеңес барысында сондай-ақ, облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жәрдемғали Ахметовтің «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы жөніндегі хабарламасы да тыңдалды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз