
Жылу тарифі қаншалықты өзгерді?
Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті кезекті жария тыңдау өткізді. Онда шараға қатысушылардың назарына өңірдегі табиғи монополия субъектілерінің бірі — «Атырау жылу жүйелері» ЖШС-нің 2026-2030 жылдарға арналған жылу энергиясын беру, бөлу және жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметінің тарифтік сметаларының жобасы ұсынылды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселені талқылауға жергілікті мәслихаттардың депутаттары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, атқарушы және өкілді органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорынның басшысы Әлібек Темірғалиевтің баяндауынша, алдағы бес жылда жылу энергиясын беру мен тарату тарифтерін 17 700-ден 29 800 теңге, жылумен жабдықтау қызметінің бағасын 10 000-нан 16 400, ал жылумен жабдықтау қызметін орташа сату құнын 27 800-ден 49 200 теңге аралығында бекіту қарастырылған.

— Тарифтерді бұлайынша көтеру қажеттілігі бірқатар объективті факторларға байланысты туып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта кәсіпорын бойынша желілердің тозу көрсеткіші 64,4 пайыздан асқан. Ғимараттар мен құрылыстардың толықтай (98 пайыз) дерлік тозығы жеткен. Сол сияқты кәсіпорын теңгеріміндегі сорғылар мен қозғалтқыштардың тозу көрсеткіші 76 пайызды құрайды. Мұның бәрін жаңғыртып, реконструкциядан өткізу, толықтай жаңарту үшін қомақты қаражат қажет. Оның үстіне бұл шаруаны тез арада бітірудің мүмкін еместігі белгілі. Бұған тарифтерді біртіндеп көтеріп, әр жылға қабылданатын инвестициялық бағдарламаны жүйелі де жоспарлы жүзеге асыру, қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді ұтымды да тиімді пайдалану көзделген деп сабақтады сөзін
серіктестіктің бас директоры Әлібек Нариманұлы.
Әңгіменің түйіні — тарифтік сметаның сомасын жобада келтірілгендей деңгейге көтеру түпкі нәтижесінде тұтынушының қалтасына тікелей әсерін тигізіп, халықтың орынды ренішін туғызуы ықтимал. Осыны ескере отырып, мәселені мецлінше ушықтырмай, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру керек, дегенге тірелді. Бұл туралы тыңдауға қатысқан тараптар ұсыныстарын ортаға салып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор



