img 20200416 wa0170

Жұғу себебі белгісіз: Атырауда коронавирусқа шалдыққандар 79 адамға жетті

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Аtr.kz/18 сәуір, 2020 жыл. Дертке шалдыққандар бұрын – соңды коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болмаған, – деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабы.

Штаб мәліметіне сәйкес, 36 жастағы жергілікті тұрғын жүрек-қан тамырлар ауруымен облыстық кардио орталыққа жеткізілген. Тексеру кезінде науқастан пневмония анықталды.

Қабылдау бөліміндегі дәрігерлер бірінші типтегі қорғаныс костюмдерін киген. Науқас алгоритмге сәйкес оқшаулау бөліміне орналастырылып, кейін инфекциялық стационарға жатқызылды. Осылайша, медициналық мекемеде инфекцияның таралуына жол берілмеді, – дейді Атырау облысының Бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев.

Қазіргі уақытта инфекция ошағы анықталып, ол жер оқшауланды, науқастың тұрғылықты жеріне дезинфекция жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Covid-19 жұқтырған адаммен байланысушылар тізімі жасалып, оларға коронавирусты анықтайтын тест жасалуда.

Ал, тағы екі науқас – туберкулезге қарсы диспансердің провизорлық стационарынан жеткізілген 1996, 1997 жылғы ер адамдар. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қалыпты, екеуі де инфекциялық стационарға жатқызылған.

«Жергілікті тұрғындарды оқшаулану мәселесіне жауапты қарауға шақырамын. Өйткені, қалада індеттің жаңа ошақтары пайда болуда. Сіз Covid-19 жұқтырған адамды кез келген жерде кездестіруіңіз мүмкін. Сондықтан, жанұяңыздың, жақындарыңыз бен достарыңыздың денсаулығын сақтаңыз, үйіңізде инфекцияның таралуына жол бермеңіз», – деді Темірбек Мұсағалиев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 79 адамға жетті. Ал, аталмыш дерттен айығып шыққандар саны – 21.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған