Жарнама
Жаңалықтар

Жоспар орындалды, сапа қандай?

Бүгінде су сияқты электр қуаты да тіршілік көзіне айналып бара жатыр. Оған өндіріс те, тұрмыс та, әлеуметтік нысандар да тәуелді. Сондықтан электр энергиясын таратушы мекемелердің жұмысы әрқашан қоғам назарында. Жуырда облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған қоғамдық бақылау барысында «Атырау Жарық» ЖШС-нің соңғы бір жылдағы инвестициялық бағдарламасы сараланып, оның нәтижесі көпшілікке ұсынылды.

Қоғамдық бақылау кезінде белгілі болғаны, компания жоспарды соңғы жылы асыра орындап шыққан. Жоспарланған 2 миллиард 70 миллион 896 мың теңге түгел игеріліп, нақты орындалған сома 2 миллиард 110 миллион 356 мың теңгеге жеткен. Яғни, жоспар 2 пайызға артық.

Бұл туралы серіктестік бас директорының орынбасары Бағытжан Әліпов баяндап, есепті кезеңде басты назар электр желілерін жаңғырту, қосалқы станцияларды қайта құру және заманауи қондырғылар орнатуға аударылғанын айтты. Жалпы ұзындығы 26,1 шақырым болатын 110 кВ әуе электр желісі толық жаңартылған. Облыс орталығында жоғары деңгейдегі энергияны коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, оған 125 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Ал 110/35/10-6 кВ қосалқы станцияларын жаңғыртуға бөлінген 879 миллион теңге толық игерілді.

Қ.Әліпов атындағы 110/10 кВ қосалқы станциясы да жаңа талаптарға сай қайта жасақталды. Оны қайта жаңғыртуға бөлінген 549 миллион теңгенің 540 миллионы игерілген. Ашық үлгідегі тарату құрылғылары ауыстырылып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа жүйелер орнатылған. Жарықтандыру, жылыту, желдету және күзет дабылы сияқты қосымша жүйелер де іске қосылды.

Жылыой ауданындағы «Қаратон-2» қосалқы станциясында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Құны 345 миллион теңге болатын жобада қаржының 98 пайызы игерілді. 1986 жылы пайдаланып келген нысан толықтай жаңа құралдармен жабдықталып, майлы ажыратқыштар вакуумдық үлгілерге ауыстырылыпты.

А.Құнанбаев көшесіндегі бұзылған трансформатор ғимаратының орнына блокты-модульдік ғимарат салынды. Соның нәтижесінде трансформаторлардың жалпы қуаты 2480 кВА-дан 4460 кВА-ға дейін артты. Бұл 56 пайыздық өсім аймақ тұтынушыларын жарықпен қамтудың жаңа мүмкіндігін ашты. Энергия жеткізудің сапасын арттыру үшін Атырау, Жылыой және Махамбет аудандарындағы желілерге 13 реклоузер орнатылған. Бұл құрылғы ақау болғанда зақымданған желіні автоматты түрде ажыратып, қалған тұтынушыларды жарықсыз қалудан сақтандырады. Сосын жылжымалы 2 дизель-генератор сатып алынып, апатты жағдайда қосымша қуат көзі ретінде пайдаланылады.

– Компанияның автокөлік паркі де жаңартылды. 121 миллион теңгеден астам қаржыға бұрғылау-кран техникасы, жүк көліктері мен гидроплатформа алынды. Энергия үнемдеу мақсатында 13 климаттық қондырғы, 32 биометриялық жылу радиаторы, 485 энергия үнемдегіш шам және 12 прожектор сатып алынған, — деді бас директордың орынбасары.

zhospar 2

Бағытжан Әліповтің айтуынша, электр желілерін қашықтан бақылауды жетілдіру үшін жаңа есептеу техникасы енгізіліп, «Thyraya» спутниктік байланыс жабдығы сатып алынған. Бұл апаттық жағдайда да үздіксіз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

– Түпкі мақсат – Атырау облысын сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамту. Жаңа құрал-жабдықтар арқылы апаттық тәуекелдерді азайтып, тұтынушыға үздіксіз жарық жеткізуді қамтамасыз еттік. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, — деді Б.Әліпов.

Қоғамдық бақылау тобының мүшесі Балжан Досмұхамбетова сонда да басты назарды көрсеткіштің төмендеуіне, яғни қызмет сапасы мен сенімділігінің деңгейіне аудару қажеттігін қаперге берді.

– Қоғамдық бақылаудың мақсаты тек нысандарды көзбен көру ғана емес, ең алдымен көрсеткіштердің төмендеуін анықтап, оған қатысты құжаттардың болуын қадағалау. Бізге барлық құжат берілген жоқ. Дегенмен, ұйымдастырушы ретінде табиғи монополияларды реттеу департаменті қатысушылардың бәрін, соның ішінде мәслихат депутаттары мен тұрғындарды да толық ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті деп санаймын. Сондықтан алдағы уақытта барлық растайтын деректер ұсынылады деген сенімдемін, — деді ол.

Топ мүшелері тек есеппен танысып қойған жоқ, инвестициялық жобалар бойынша жүзеге асқан нысандарды да аралады. Олар жаңғыртылған қосалқы станциялар мен жаңа құрал-жабдықтардың орнатылғанын көрді.

Қоғамдық бақылау барысында белгілі болғандай, «Атырау Жарық» серіктестігі жоспарды асыра орындап, миллиардтаған қаржыны ел игілігіне жұмсаған. Дегенмен, қоғам өкілдері үшін басты мәселе – тек игерілген қаржы емес, жарықтың сапасы, тұрақтылығы мен халық сенімі. Электр желісін жаңғырту жұмысы жалғасып жатқаны анық, бірақ ендігі талап – есептің ашықтығы мен сапаның артуы болып отыр.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ,

суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button