«Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы 2023 жылы аяқталады

20190522101927 Жаңалықтар

Республика Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, елдегі автокөлік жолының желісі – 157 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы – республикалық, 132 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

2020 жылға дейін республикалық жолдардың 13 мың шақырымы қайта жаңғыртылған. Бұл республикалық желінің 89, жергілікті желінің 75 пайызының нормативтік талаптарға сәйкестендірілгенін көрсетеді. Алдағы уақытта республикалық маңыздағы жолдың 12 мың шақырымын қайта жаңғырту көзделген. Сондай-ақ 11 мың шақырым жол жай жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, жергілікті маңыздағы 27 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Дегенмен, бұл салада алда да атқарылуға тиісті жұмыстар, шешімін күткен проблемалар аз емес. Сондықтан, бұл мәселе – күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып.

Орталық пен өңір байланыста болады

Жолдардың жайы өткен аптада республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың ұйымдастыруымен өткен онлайн форматтағы ашық кездесудің де арқауына айналды.

– Қазір Қазақстанда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауқымды жобалар атқарылуда. Олар негізінен жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Оған қоса, «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында, сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасында да осы мәселеге айрықша маңыз бен басымдық берілген. Мұндағы басты мақсат – елімізде орталықты өңірлермен байланыстыратын бірыңғай көлік желісінің құрылуына қол жеткізу. Соның арқасында таяу жылдары республикада жалпы ұзындығы 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жолды реконструкциялау жоспарланған. Бұл жоба барлық облыс, аудан орталықтары және моноқалаларды түгел қамтиды. Алайда, жұртшылық қолданыстағы жолдардың жағдайына, олардың қалыпты күйге келіп, қауіпсіз қозғалыстың орнығуын күтеді. Онда Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының аумақтары арқылы өтетін автокөлік жолдары да бар. Осыған қатысты, депутат ретінде маған сайлаушылар қойған көптеген сұрақ жауабын күтіп жатыр. Біздің басқосуымызға себепші болып отырған жайт та осы. Мәселенің соншалықты маңыздылығын ескеріп, бүгінгі шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, вице-министр Берік Қамалиев, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы, басқа да мүдделі құрылымдардың басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері қатысуда, – деді жиынды кіріспе сөзбен ашқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы.

Жергілікті жол назардан тыс қалмайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, елдегі республикалық маңызы бар бірнеше магистралды жолды қайта жаңғыртып, көлік жүретін желілерді кеңейту, сөйтіп оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында кешенді шаралар қолға алынды. Республикада бүгінде 8,4 мың шақырым жол жөнделген. Тарата айтқанда, 5 мың шақырымдық республикалық желінің 3,6 мың шақырымы қайта жаңғыртылып, қалған 1,4 мың шақырымына орташа жөндеу жасалады. Ал, жергілікті маңыздағы жолдың 3,4 мың шақырымын жөндеу межеленген. Осылайша, республикалық автомобиль жолының 90, ал облыстық, аудандық маңыздағы жолдың 80 пайызын тиісті нормативтік деңгейге жеткізу көзделген. Көлік инфрақұрылымын нығайту мақсатында республика бойынша 15 қайта жаңғырту жобасы жасалып жатыр.

Орталықты өңірлермен байланыстыратын күре жолдарды жаңғыртып, талапқа сай күтіп ұстау, жол бойындағы сервистік қызмет түрлері мен мәдениетін жетілдіру қажеттігі мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында да басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетілді. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министрліктерге елдің көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолға алынған барлық жобаны дер кезінде және тиісті сапамен жүзеге асыруға бар күш пен мүмкіндікті жұмылдыруды тапсырды. Олардың қатарында батыстағы «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» (ұзындығы – 740 км) дәлізін жаңғырту міндеті де бар.

– Осы жоба қолға алынғанға дейін бұл дәліздің ахуалы өте нашар, жағдайы сын көтермейтін. Сол себепті, Ақтөбе мен Атырау және Ақтау қалалары арасындағы көлік қатынасы негізінен Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласы арқылы жүзеге асырылып келді. Амал жоқтықтан жасалатын артық жүріс 500 шақырымды құрайтын. Қазір аталған жолдың бойында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл «Қандыағаш-Мақат» (327 шақырым) учаскесіндегі жұмыстарды аяқтап, пайдалануға береміз. Ал, 2022-2023 жылдары ол толықтай пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, жоспарға «Атырау-Доссор» тасжолын жаңғырту да енгізілген. Және осындай бірнеше учаске бар. Кейінгі кездері тұрғындар тарапынан жиірек көтеріліп жүрген мәселенің бірі – «Атырау-Орал» жолын жаңғырту. Бұл – бөлек қарастырылатын жоба. Тек биылғы жыл басынан бері республикада барлығы 1600 шақырым жергілікті жол жөнделді. Мұның өзі де қыруар қаражатты қажетсінетін ауқымды жұмыс, – деді министр.

Ақысына сапасы сай келуі тиіс

Б.Атамқұловтың орынбасары Берік Қамалиев қазір елде жолды жаңғыртумен қатар, «ақылы жолдар» жүйесін енгізу жұмыстарының да қарқынды жүргізіле бастағанын айтты. Алайда, бұған қатысты жолаушылардың шағым-наразылығы да аз емес. Әсіресе, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері тарапынан наразылықтар көп айтылады. Түсініспеушілік туғызып отырған негізгі мәселе – жүк көліктеріне арналған тарифтердің тым қымбаттығы.

– Айта кету керек, біздің елімізде ақылы жолмен жүру тарифтері бірінші рет осыдан сегіз жыл бұрын қолданысқа енгізілді. Сол кезде жеңіл автокөліктер шақырымына 1 теңге, жүк көліктері жүк көтергіштігіне байланысты 5-25 теңге аралығында ақы төлейтін болып белгіленген. Ал, Ресейде жеңіл автокөліктер бір шақырымға 7, жүк көліктері 7-55 теңге аралығында ақы төлейді. Еуропа елдеріндегі тариф бұдан да жоғары. Салыстырып қарағанда, олардағы жүк көліктерінің тарифтері Қазақстандағыдан 5, ал жеңіл автокөліктердікі 20 есеге дейін қымбат. Әрине, бұған жету үшін ең алдымен жолды жөнге келтіріп, ақысына сай келетіндей жағдайға жеткізуіміз керек. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің, қойылып отырған міндеттің маңыздылығы да сонда. Сол себепті, біз әр жобаның соңына дейін жеткізіліп, сапалы күйінде тапсырылуына жауаптымыз. Мұның ішінде әңгіме болып отырған республиканың батыс өңіріндегі жолдар да бар. Жоғарыда министрдің өзі айтып кеткендей, ондағы қайта жаңғырту шаралары жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен іске асырылады. Ол үшін қаржыландыру көздері айқындалып, қажетті қаражат көлемі нақтыланып тұр, – деп түйіндеді ойын вице-министр.

Ал, Қазақстан жолдарының ұлттық операторы болып табылатын «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлының сөзіне қарасақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайта жаңғыртылатын және күрделі жөндеуден өтетін жолдардың бойындағы сервистік қызмет құрылымдарын жетілдіруге де көңіл бөлінбек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін жаңғыртылатын және жаңадан салынатын барлық жолды халықаралық және ұлттық сапа стандарттарына жауап беретін жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ету керек. Бұған мердігер кәсіпорындар, ұлттық компанияның өңірлердегі бөлімшелері, жергілікті атқарушы билік өкілдері де мүдделі.

Әрине, жасалып жатқан жұмыстың ауқымына қарамастан, жолдың сапасы, құрылыс материалдарының қымбаттығы, әлі де елімізде құрылыс индустриясының дамымай отырғаны, мердігер компаниялардың немқұрайлығы мен тендер өткізудегі кемшіліктер, өзге де олқы тұстарды онлайн режимде жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері, тәуелсіз сарапшылар жасырмай айтты. Болашақта соларды назардан тыс қалдырмай, кемшіліктерді дер мезгілінде түзетіп отыру қажеттігін қаперге берді.

            Онлайн жиналысты қорытындылаған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жол тақырыбындағы мұндай жиындардың келешекте де ұйымдастырылып тұратынын, мәселенің ұдайы назарда болатынын мәлім етті. Өйткені, жаңғыртудан өткен, сапалы да сенімді жол ғана – қауіпсіз қозғалыстың кепілі. Айтпақшы, Дүйсенбай Нұрбайұлы бастаған депутаттар тобы бұған дейін Премьер-Министр Асқар Маминнің атына хат жолдаған болатын. Онда «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомагистралын қайта жаңғырту жобасына қаражат бөліп, құрылыстың кестеге сай жүруіне ықпал ету, сонымен бірге жергілікті маңызы бар жолдың назардан тыс қалмауын сұраған еді. Соның арқасында сең қозғалып, үш жылға есептелген жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Сіз не дейсіз?

Самат АЙТҚАЛИЕВ,

Атырау облысы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Облыста жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3000 шақырымнан асады. Соның үштен бірінен астамы – республикалық маңыздағы, 1927 шақырымы – облыстық, аудандық маңызы бар жол. Соның 61 пайызы – жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Тек былтыр ғана облыста барлығы 37 елді мекенді қамтитын жалпы ұзындығы 270 шақырымнан астам көлік жолы жөнделіп, 115 шақырым жаяу жүргінші жолы (тротуар) салынды. Оған 21,4 млрд. теңге (оның 9,5 млрд. теңгесі – республикалық, 11,9 млрд. теңгесі – жергілікті бюджеттен) қаралған. Жоспарланған жұмыстың бекітілген кестеге сәйкес атқарылуы – облыстық басқарманың бақылауында.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз