Жарнама
Жаңалықтар

Жол үстіндегі ерлік: атыраулық фельдшер жолаушының өмірін құтқарды

“Атырау – Алматы-2” бағытындағы №42 жолаушылар пойызында болған бұл оқиға біздің арамызда заманымыздың нағыз батырлары бар екенін тағы бір дәлелдеді. Атыраулық денсаулық сақтау саласының өкілі, «Жедел жәрдем» қызметінің фельдшері Ынтымақ Ермағамбет кәсіби біліктілігі мен сын сәттегі шешімді іс-әрекетінің нәтижесінде созылмалы дертке шалдыққан жолаушының өмірін сақтап қалды.

Пойыз бастығы Әсел Рысқалованың хабарлауынша, бұл жағдай Қызылорда стансасынан өткеннен кейін орын алған. 19-ыншы вагондағы әйел жолаушы созылмалы ентікпе ауруымен ауырады екен. Сол себепті кенеттен тынысы тарылып, жағдайы қиындай бастаған. Ал келесі стансаға жеткенге дейін шамамен бір жарым сағат уақыт қалған.

«Сол кезде радиобайланыс арқылы жолаушылардан науқасқа көмек көрсетуді өтіндім. Шақыруыма бірнеше медицина қызметкері бір мезетте үн қатты. Солардың арасында алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған – атыраулық «Жедел жәрдем» фельдшері Ынтымақ бауырымыз еді. Ол еш ойланбастан әрекетке көшіп, науқастың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Сонысымен өзінің адам жанына араша түсуге әрдайым дайын, кәсіби деңгейі жоғары медицина маманы екенін көрсетті. Ең бастысы – ол дәрігерлік көмектен бөлек, адами қасиетінің биіктігін танытты. Қиналған жанға қолдау көрсетіп қана қоймай, жолсеріктер мен пойыз бригадасын сабырға шақырып, «Жедел жәрдем» қызметі келіп жеткенше жағдайды үйлестіріп отырды», – деді Әсел Махметқызы.

Оның айтуынша, медициналық бригада келген сәтте де Ынтымақ әріптестерінің жанынан табылып, науқасты дәрігерлерге өз қолымен тапсырған.
«Жігіттің өзіне деген сенімділігі мен асқан сабырлылығы бізді тәнті етті. Осы іс-әрекеті арқылы ол өз ісіне жан-тәнімен берілген адамның ғана өзгенің өмірін құтқара алатынын дәлелдеді. Сол үшін №42 жолаушылар пойызының бригадасы Ынтымақ Ханатұлына шексіз ризашылығын білдіреді», – деді пойыз бастығы.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: rail-news.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button