Жарнама
Жаңалықтар

ЖИ-дің көмегімен жоба жасады

Атырау қаласында заманауи технология мен жас ұрпақтың жаңашыл көзқарасы тоғысқан ерекше оқиға болды. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы мен Asapedia Kazakhstan limited компаниясының ұйымдастыруымен «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» атты республикалық хакатонның аймақтық кезеңі табысты түрде өткізілді.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – тұрақты даму қағидаттарын ұстана отырып, ақпараттық технологиялар мен білім беру саласында инновациялық жобалар мен прототиптерді әзірлеу, сондай-ақ талантты жастарды қолдап, елдің цифрлық трансформациясын ілгерілету болды. Хакатон барысында жасыл технологияларды білім беру процесіне енгізу мәселелері де кеңінен сөз болды.

Аймақтық кезеңнің ерекшелігі – жобалардың басым бөлігі жасанды интеллект технологиясын пайдалана отырып жасалған. Қатысушы 11 командаға өз жобаларын 10 минут ішінде таныстыру мүмкіндігі берілді. Әр команда тың идеяларымен танылып, қазылар алқасының назарын аударуға тырысты.

Хакатонға алғаш рет қатысып отырған жас бағдарламашы Мүсілім Қуаныш өз идеясын осы алаңда көпшілікке ұсынды. Ол бар-жоғы бір күннің ішінде жобасын толықтай жасап шыққан.

– Бұл жобаны бұрыннан ойлап жүрген едім. Алайда сайыс қарсаңында, бір күн қалғанда ғана жасап үлгердім. Мақсатым – жасанды интеллект бойынша білімімді жетілдіру және өз идеямды көпшілікке ұсыну, — дейді ол.

Іс-шара соңында үздік жобалар іріктеліп, жеңімпаздар марапатталды. Нұрхан Табылдиев, Аңсар Келес, Ернар Мир, Расул Тажимбетов және Камиль Жанекешовтың BopetAI жобасы І орынға лайық деп танылды. Жеңімпаз атанған команда Астана қаласында өтетін хакатонның финалдық кезеңіне тегін жолдама жеңіп алып, өз жобаларын республикалық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

«Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» атты хакатон – еліміздегі жастардың шығармашылығын, ойлау қабілетін және техникалық біліктілігін дамытуға арналған маңызды алаң. Бұл шара арқылы тек жаңа технологиялар ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда әкелетін, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған әлеуметтік маңызы зор жобалар дүниеге келіп отыр. Осындай игі бастамалар өңірлердегі жас буынның әлеуетін ашып, ел дамуына қосар үлесін еселейтіні сөзсіз.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button