ЖЕТIМ АҒАШ (эссе)

fb img 1539498816612 Жаңалықтар

Тірлігін төрт түлікпен түйіндеген, алдымен алдындағы азын-аулақ малының амандығын тілеген қазақтың қарттарының  өздері осылай депті. Демек, тылсым табиғатқа о баста мән берген. Әр жылы-ақ төлінен  ретін қой-ешкі мен жылқы-түйесінен гөрі төсінде сағым ойнаған сайын далада тал-теректер жайғалғанын қалаған. Өйткені, оның үлкен күшпен өсетінін білген. Ал, сол аяулы ақсақалдардың бүгінгі буыны бабалар ұлағатын ұғынып жүр ме?

Сонау жылы шаһардағы Баймұханов көшесінің байырғы тұрғыны Боран қоныс аударды. Бұрынғы теміржолшы еді, ұлдары ер жетіп, үлкен үй тұрғызған соң солардың қолына көшіп кетті. Е, бұл әдеттегі оқиғалардың бірі ғой. Әңгіме етпесе де болар еді, егер мына оқиға ойға қалдырмаса…

Боран күзде көшкен-ді. Кейін қыс кетіп, көктем келді. Бес қабатты үйдің жанында ертеде егілген теректер біртіндеп бүршік ата бастады. Тамырлары əлдеқашан тереңге кетіп, топырақтың ылғалына жеткен. Көп кешікпей жапырақтары да жайылды. Тек бір ағаш қураған күйінде қалды. Тұрғындар түбін де қопсытты, минералдық тыңайтқыштар да септі. Шелектеп су да құйды. Еш нəтиже жоқ. Сонда мəселенің мəнісін Жұбан қарт тарқатты.

  • – Е, бұл Боранның отырғызған талы ғой, – деді ақсақал əңгімені əріден қозғап, – иесі кетіп қалған соң жетімсіреген-ау шамасы.

С ө й т с е к , ө т к е н ғ а с ы р д ы ң жетпісінші жылдары осы үйге кілең темір жол саласының қызметкерлері қоныстаныпты. Содан сол кездегі дағдыға орай сəуірдегі сенбілікте жаппай тал отырғызылған. Əрбірін əр тұрғын қамқорлыққа алса керек. Əсіресе, төменгі қабатта тұратындар уақытылы суарып тұрған. Қазіргідей адымыңды аштырмай, қалтаңды қағатын есептегіш құралдары жоқ. Сондықтан, суды əбден мейірі қанғанша құятын. Оның қысымы да бүгінгідей бəсең емес, тығынын ағытса жарағаны, аспанға ататын. Бір талдың тізгіні Боранға да тиген ғой. Жұмыстан қанша шаршап келсе де, шілдеде шөлге ұрындырмайды екен.

Жұбан қарт оның төртінші қабаттан төмен түсіп, шелектеп су тасып жүргенін талай көріпті. Сол ағаштардың біртіндеп бүршік атқаны, жайлап жапырақ жайғаны жұртшылықтың жадында. Кейін əбден бой түзегені соншалық, бес қабат үйдің шатырына да жетті. Жанындағы өзге теректермен бірге биікке ұмтыла берген. Əттең, күтпеген көш қалыпты тірлігін талқан етті. Жұбан қарт тағы бас шайқады.

– Қап, кетерінде қоштасуы керек еді. Мейірі қанғанынша соңғы рет суарып, жапырақтарына алақан жылуын қалдырғанда, бұл да бұлай қайғырмас еді-ау. Ал, осыған сенесіз бе, əлде жоқ па? Əрине, ықтияр өзіңізде. Бірақ, бізге жеткен мынадай тəмсіл бар. Пайғамбардың мешітінде құрма талы өсетін. Алла елшісі уағыз айтқан кезде соған сүйеніп отыратын. Кейін көмекшілері төңірекке түгел көрінуі үшін биік мінбер жасап береді. Енді ол жамағатпен жүздесуге соған шығатын болған. Сонда əлгі ағаш адамша жылайды екен.

Құдірет иесі қасына келіп, қолын қойғанда ғана тоқтайтын. Əрине, мұны басқа жан көрмейді. Ал, толғанбай көріңіз. Бекет бабамыздың өміріне байланысты бір мысалда кезекті демалысқа кеткелі жатқан шəкірттеріне ұстазының қыстық отын даярлау керектігін айтқаны баяндалады. Содан балалар орман жағалап жөнеледі ғой. Жас Бекет бəрінен кеш оралады жəне арқалап əкелген ағашы да өзгелерден азаңдау. Қатарлары келеке ете бастағанда ұстазы мұның себебін сұрайды.

Сонда бала Бекет: – Мен тек əбден қураған ағаштарды ғана тердім. Жас бұтақтарға жақындағанымда, олар өмірлерінің əлі алда екенін айтып, қыршынынан қимауымды өтінді, – дейді ғой. Тал-теректер тілін əулиеден басқа кім ұқсын? Сіз түсінер ме едіңіз? Сонымен, ағаштар да адам секілді мейірімге мұқтаж екен. Олар да қамқорлықты қалайтын көрінеді. Ендеше, биыл отырғызған көшеттерімізді келесі жылы іздейміз бе? Жəй ғана есеп үшін жүздеген тал еккеніміз кімге керек? Қалалықтар көріп отыр ғой, соңғы уақытта өңірдегі орман шаруашылығынан əкелінген қаншама терек көктемей-ақ солды. Обал-ай.

 Соларды өсіп тұрған орнынан суырып бері тасығанша, сол шыбық күйіндегі жерінен қозғамағаны жөн еді. Жақында жастар бағалы бастама көтерді. Жайық жағасындағы екі гектардай жерге алма ағаштарын отырғызды. Олардың жанынан аймақ жəне шаһар басшылары да табылды. Құптарлық нəрсе. Нəтижесін алдағы уақытта көрерміз. «Балықшы» саябағындағы бүгінгі бір мың көшет бүр жарса, ертең-ақ қаланың келбетіне көрік қосады. Жағалау да жақсарып қалды. Аумағы 6,5 гектарды алатын Жастар саябағы көпшіліктің демалыс орнына айналары анық. Тек тал-теректердің күтімсіз қалмауын қадағалайық.

Көпшілік шарасына қатысқан өрімдей қыздың «біз ағаштарға өзіміз күтім жасаймыз» дегені жəй айтылған сөз болып қалмасын делік. Əйтпесе, Атырауға алыс-жақыннан ат арытып жеткен қаншама қадірлі қонақтарымыз отырғызған көшеттер кейін қараусыз қалды. Əлгі адамдардың аты да, артына қалдырған заты да ұмытылды. Солар араға уақыт салып қайта айналып соққанда «Ау, ана жылы менің еккен талым қайда?» деп сұрамайды да ғой. Жалпы, Атырауға қандай ағаш отырғызған тиімді? Ғалымдардың пайымдауынша, емен басқалармен салыстырғанда ауаны анағұрлым көп тазартады екен. Мəселен, оның біреуінің ғана фотосинтез процесінде шығарған оттегісімен 30-40 адам жаз бойы еркін тыныстай алады. Тіпті 30-40 тонна түтінді залалсыздандыратын көрінеді. Мамандар аршаның да аса пайдалы екендігін айтады. Ол 20-25 кісіні күллі жыл бойы саф таза ауамен қамтамасыз етеді.

Оның үстіне, жиырма метр биікке дейін өрлейтін ол 20-25 тонна улы газ бен шаңтозаңды зиянсыздандырады. Мықты емес пе? Міне, соларды осында əбден жерсіндіріп, көбірек ексе, жан-жағымыз жұпарға айналар ма еді, кім білген? Қарағайға да қол сілтеудің керегі жоқ. Ол да пайдалы. Сайып келгенде, оны ағаштардың ішіндегі «ең шешені» санайды. Сыртпен «сырласуға» шебер екен. Əдетте домбыраны содан жасайтыны тегін емес-ау.

Жалпы, бір гектар жерге егілген ағаш сағатына сегіз келі көмірқышқыл газын бойына сіңіреді. Ендеше, мұнайлы мекенді көгалдандыру керектігі өздігіненақ сұранып тұрған жоқ па? Осы жолы жағалауды абаттандыруға НКОК компаниясы қаржы бөліпті. Оң делік. Бизне стің əлеуметтік жауапкершілігі аясында инвесторлардың осындай шаралардан тыс қалмағаны жарасымды. Əттең, соның бəрін ертерек қолға алуға да болатын еді. Бұдан 10-15 жыл бұрын облыс ардагерлері аймақтағы іргелі жиырма шақты кəсіпорын басшылығына үндеу жолдап, шаһарды тал-теректер тоғайына айналдыруға атсалысуға шақырған-ды. Ешкім ашық ат-тонын ала қашқан жоқ, бірақ белсенділік те танытпады. Бірі екіншісіне қарайлап, ақыры қарттардың қолтаңбасы қағаз бетінде ғана қалды.

Халық даналығы «Бір тал кессең, он тал ек» дейді. Орнымен айтылған ғой. Осы орайда бұдан бес-алты жыл бұрын қала көшелеріндегі теректерді шетінен отау обал болған тəрізді. Неге екенін қайдам, солар шаһардың эстетикалық сəулетіне нұқсан келтіріпті-міс. Рас, бұтақтары тым жайылып, жүргіншілердң жүрісіне кедергі келтірді. Сырт көзге де сұрықсыз-ды. Əйтсе де, əдемілеп əдіптеуге болар еді ғой. Түбінен шорт кескенде не ұттық? Қазіргі күйі тіпті көріксіз. Бұрын азды-көпті көлеңкесі болатын, енді одан да айырылдық. Жалпы, ағаш отырғызу жеңіл шаруа ма? Бірер қарыс шұңқыр қазып, шыбықты шанши салғаннан іс біте ме?

Анау жылы аймақты Б.Ізмұхамбетов басқарған кезде облыстық əкімдік алдындағы алаңға бірнеше көшет егілді. Сірə, Махамбет ауданындағы арнайы орыннан əкелінсе керек, бəрі ұқсас екен. Біреуін Бақтықожа Салахатдинұлының алдына тартты. Мұндайды көріп жүрген адам ғой, алдымен айналдыра қарады да, содан соң салынатын топырағын тексерді. Сөйтсе, жас талмен бірге жеткізілген топырақты төсеніштің үстіне емес, жерге аудара тастапты. Басшы басын шайқады. Түсіндік. Өйткені, көшетті бастапқы орнынан қазып əкелген соң алдымен сол жердің топырағымен көмілуі керек. Бұл оның тезірек жерсініп кетуіне септігін тигізеді. Шаһарда бұрын егілген ағаштардың одан əрі жапырақ жаймай, қыршынынан қиылып жатқандығының бір себебі де сол шығар-ау. Жер таңдау – маңызды мəселе. Молдағалиев көшесіне тал отырғызбаған мекеме жоқ шығар. Əр жылы түрлі кəсіпорын өкілдері кезегімен егіп жатты. Ешқайсысы де бүр жармады.

Сондай шаралардың біріне куə болғанбыз. Жиырма-отыз көшетін арқалай жеткен жігіттер көліктен қопарыла түсіп, жер қазуға кіріскен. Күрек батпады. Мұндайды күтпесе керек, қапелімде сүймен іздеп кетті. Араға уақыт салып əлдекім оны да алып келді. Сонымен солқылдата соққанда қарасақ, асты толған қиыршық тас. Қабат құрылымы солай ма, əлде əлдеқандай құрылыстан қалған ба – əйтеуір, тал-терекке жарайтын жер емес. Бірақ, келушілер оған қараған жоқ. Сірə, тапсырма осы орынға ағаш отырғызу болса керек, əупірімдеп шаруасын тындырды да жөніне кетті. Əйтсе де, бəрі күтімге байланысты.

Осы Молдағалиев көшесіндегі бес қабатты үйдің сыртында ұшар басы шатырға жетіп теректер өсіп тұр. Тұрғындардың айтуынша, бəрін баптаған сонда тұратын бір жігіт екен. Əлгі азамат судың ақысын қалтасынан төлеп жатса да, уақытында суарып тұратын көрінеді. Көшеттерді отырғызбас бұрын минералдық тыңайтқыштар əкеліп, сол жерді əбден бабына келтіріпті. Содан соң ғана тал егуге кіріскен. Нəтижесі сол – терезе тұсы кішігірім тоғайға айналған. Ал, өкініштісі – іргедегі көршісінен ешкім үлгі алмаған. Міне, ағаш отырғызу туралы толғанғанда осындай ойларға берілеміз. Қазақ «атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Қасиетті Құранда да көшет еккенді қастерлейді. Демек, пайдалы іс болғаны ғой. Ендеше, бұл жалқының емес, жалпының міндетіне айналуы тиіс.

P.S.

Жақында Баймұханов көшесіндегі әлгі үйге тағы бардым. Баяғы жетім ағашты көргім келді. Мүмкін жетілген шығар. Бірақ, үкілі үмітім ақталмады. Әлдекім түбінен кесіп, орындық жасапты. Сонау жылы жалына жан жармастырмай, ұшар басы көкке тік шаншылған терек енді аяқтың астында жатыр. Бүгінгі егілген жас талдар да ертең соның кебін кимесін. Тілек осы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз